Оқиға • 31 Шілде, 2023

Шетелдіктерге өз бүйрегін сатпақ болған Қазақстан азаматы ұсталды

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

33 жастағы Орал тұрғыны шетелге өз бүйрегін сатпақ болған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шетелдіктерге өз бүйрегін сатпақ болған Қазақстан азаматы ұсталды

30 шілде күні БҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Көліктегі ПД ҰҚҚКБ қызметкерлерімен бірлесіп, ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің үйлестіруімен адам органдарын сату әрекеті тоқтатылды.

«Анықтау барысында Орал қаласының 33 жастағы А. есімді тұрғыны, отбасылы азамат вахталық әдіспен жұмыс істейтіні белгілі болды. Ақшалай қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты ол өзінің бүйрегін сатпақ болған. Мамыр айында аталған азамат халықаралық интернет-сайтта жарияланған ақшалай сыйақы үшін трансплантацияға арналған бүйректі сату туралы хабарландыруды көрген», дейді ҚР ІІМ өкілдері.

Одан кейін оған Telegram арна арқылы сайттың қызметкерлері байланысқа шығып, ортақ мәмілеге келу арқылы құны 20 мың АҚШ долларын құрайтын отаны Кения Республикасында жасауға келіскен.

«2 ай бойы А. есімді азамат медициналық орталықтарда тапсырған талдау нәтижелерін Telegram каналы арқылы жіберіп отырған. Сайт қызметкерлері оған жол жүру, электронды виза үшін 250 АҚШ доллары көлемінде ақша жіберген. 30 шілде күні полиция қызметкерлері аталған азаматты Алматы қаласындағы әуежайдың ұшу аймағынан ұстады», дейді полиция қызметкерлері.

Одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін азамат Орал қаласына жеткізіліп, ешқайда кетпеу туралы қолхат алды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 116-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, Қазақстанда органдарды сатуға тыйым салынады және трансплантациялау жасаудың жалғыз жолы — оның туысының өтеусіз қайырымдылығы немесе қайтыс болған адамның туыстарының келісімімен органды трансплантациялау.