Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тұратын Андриан Романовты қазақтың «сары» баласы деуге болады. Ол қазақша еркін сөйлейді. Осындағы Құлсары балалар өнер мектебінің домбыра класын бітірген. Қазір оның інісі фортепиано класында оқып жүр.
Андриан Романов былтыр «Мың бала» жобасы аясында «Өнерлі өрге жүзер» байқауына қатысты. Байқаудың мақсаты өзге этностар балаларының қазақтың ұлттық өнерін меңгеруге қызығушылығын ояту еді.
– Менің таңдаған музыкалық аспабым – домбыра. Кішкентай кезімнен домбыраның күмбірлеген үнін ұнатушы едім. Қос ішекті аспапты тартуды ұстазым Талант Балғынбаев үйретті. «Мың бала» жобасының байқауында қазақтың өнеріне мол мұра қалдырған қайталанбас композитор Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін орындадым. Бұл шығарманы неге таңдадым? Өйткені бұл – адамның көңіл-күйін шарықтататын, жігерлендіретін күй. Осы күйді орындап, байқаудың жеңімпазы атандым. Астанада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің қолынан марапат алған сәтте қуанышымда шек болмады. Домбыраны меңгеруіме, республикалық байқаудың жеңімпазы атануыма ұстазымның еңбегі зор, – дейді Андриан Романов.
Жас домбырашының айтуына қарағанда, Жылыой ауданында қазақпен бірге бірнеше этностың өкілдері де тұрады. Қазақпен бірге ел берекесін арттырып жүрген орыс пен татар, өзбек пен қарақалпақ секілді ұлт өкілдері арасында халқымыздың өнерін дәріптейтіндер, әсіресе домбыра шертуді меңгергендер аз емес. Солардың қатарында жас ұлан болашағын қазақ өнерімен байланыстыруды көздеп отыр. Андрианның арманы – Ақтаудағы Маңғыстау өнер колледжінде музыкалық білім алу. Сөйтіп, қазақтың күй өнерін насихаттауға, дамытуға үлес қоспақ.