![Киелі мекен – кең Жылыой](/media/2023/08/01/357028203_598093469123145_1991362857143334465_n.jpg)
Жылыойдың бір бөлшегі Ақмешіт – Пір Бекет атамыздың туған жері. Ақкиізтоғайдан шыққан жол Жем өзенінен өткен соң, біраз жоннан асырып, Намазтақырға апарады. Бағзы заманда Бекет ата осы жерде таң намазын оқыған екен. Осы жерден қарап тұрсаңыз, ақ күмбездей болып Ақмешіт көрінеді. Ақмешіт – әулие мүридтеріне ұстаздық еткен, атасы мен анасының мәңгілік мекен еткен киелі төрі.
Алдыңғылардың үлгісін кейінгілер мирас қылады. Жылыой дегенде ауыздан ағыл-тегіл жыр да, сыр да ағытылады. Бұл жерден көмекейінен көсемжыр атқылаған небір сұңғыла ақындар да, қол бастаған батырлар да, асқынған дауды жарты ауыз сөзбен тоқтатқан би-шешендер де өткен. Ел қорғаған Байбақты ата Қармысұлы, Сүйінғара, Төремұрат, Нарынбай, Өтен сияқты батырларымен ардақты, Мәтжан би, Аралбай, Есенбақ, Қашқынбай, Бала Ораз сияқты дуалы ауыз ақын, би-шешендерімен салмақты болған бұл мекенде Қыздарбай, Сақып деген даңқты әншілер, Ұлсары, Айдай, Қанжан сияқты ақын әрі шешен қыздар да болған дейді ауыздан ауызға жеткен ел шежіресі.
2000 жылы археологтер қазба жұмыстарын жүргізгенде Ақмешіттегі Бекет ата мешітінен үш шақырым қашықтықтағы Аралтөбе маңынан бұдан 2000 жылдай бұрын осы араны мекен еткен сарматтар дәстүрінің куәсі – тағы бір «Алтын адамды» тапты. Бұл да атажұрттың қазынаға толы қойнауының жұмбақ сырларының жер бетінде көрініс тапқаны болар.
Жылыой – мұнайлы аудан. Ерте кездерде мұнай көздері жердің бетіне шығып, тайыз құдықтар қара майға толып жататын көрінеді. Осындай құдіретімен 17 ғасырдан бастап Жылыой өңірі орыс және шетелдік зерттеуші-саяхатшылардың назарын аудартты. 1899 жылы Қарашүңгілде тұңғыш рет мұнай бұрқағы атқылады.
Құлсары қаласы – Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы. Құлсары атауы 1822 жылы Маңғыстауда туып, 1902 осы мекенде дүниеден өткен батыр әрі көріпкелдік қасиеті бар Құлсары ата Тінекейұлы есімімен тығыз байланысты. Құлсары қара қылды қақ жарған би әрі өте дәулетті адам болған екен. Оның қырық мың жылқысы Кең Жылыой жерінде еркін жайылған. Атамыз жүйрік аттар да ұстаған. Күншілдікпен біреулер атаның бәйгеден озып келген жорғасының қолтығына қара сабын жағып өлтіреді. Осыдан кейін Құлсары ата құсаланып ауырады. Өлген жүйрік атты садақы қылып, көзінің тірісінде бейітін салдырған. Ұрпағына «Осы жерден құлағыма бір дүбір келеді, Маңғыстауға, ата-бабамның қасына апарып әуреленбеңдер. Менің Құлсары деген атым өшпес, жылқыларымды қарап жатайын, денемді осы жерге қойыңдар», деп өсиет айтқан екен.
Қызылдар өкіметі қызыл туын Жылыой жеріне тіккенде, ең алдымен, Бекет ата салған Ақмешітті динамитпен жарды. Ата мешітін жаруға қатысқан адамдар түгелімен есі ауысып, айқайласып, Жем жағалап бірін-бірі қуып кеткен екен. Қызылдар атақты Мәтжан биді жасының ұлғайғанына қарамай намаз үстінде тұтқындамақ болғанда би ауырып қайтыс болады. «Аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен төрт түлік малды қырғызып, бай мен молданы, оқыған көзі ашықты итжеккенге айдатқан Қызыл өкімет Жылыой өңіріне оп-оңай орнай қалған жоқ. Жаңа өкіметтің шектен шыққан қатыгездігіне шыдамаған «дала барыстары» атанған қалың Адай қарсы көтеріліске шықты. 1931 жылдың жазында Жем бойында Тобанияз бастаған көтерілісшілер аса күшті зеңбіректермен қаруланған жазалау отрядтарына төтеп бере алмай, қолға түсті. Аман қалғандарына жаңа үкімет ит қорлығын көрсетіп, азаптап өлтірген. Жылыой жұрты Алашорда қозғалысын да қызу қолдаған. Мұның да жолы қысқа болды. Сол зобалаң басталған күндерде жылыойлықтар Алаш көсемі Мұстафа Шоқайды өз топырағында Каспий теңізінен Бакуге баратын кемеге отырғызып, шығарып салған. Жылыой тарихында мынадай бір сұмдық дерек бар. 1932-1956 жылдар арасында осы өңірде «ПрорваЛАГ» деген қазақтың көрнекті қайраткерлеріне арналып салынған қатаң тәртіпті құпия саяси лагері болған. Тарихтың қойнауына кеткен бұл құпия орынға жақында аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың қолдауымен ескерткіш тақта орнатылды. Ел аузындағы әңгімеде бұл лагерьде Сәкен Сейфуллин де болыпты деседі. Сәкеннің сұлулығы аңыздай болған ғой, сол сұлулығы оны көп тұтқынның арасынан айрықша көрсеткен шығар, сірә? Түрме қызметкерінің қапыда айтып қойған сөзі әйелдердің құлағына жетпей ме? Жылыойдың бір сұлуы Сәкенді бір көріп өлсем, арманым жоқ деп басын қатерге тігеді. Түрме бастығына жалынып жүріп, түн ортасында Сәкен ақынға бір құмыра шұбат апарып берген екен дейді. Осы арада әлі де зерттей түсетін дүниелер бар.
1942 жылы Батыс майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жылыойлық Далабай Жазықбаев – Қасым Аманжоловтың «Ақын туралы аңыз» поэмасының кейіпкері Абдолла Жұмағалиевпен тағдырлас ақын. Соғыста ерлікпен көз жұмған Далабай ақынның атында мектеп бар Құлсарыда. 1952 жылы туған жерде тұңғыш оркестр құрған, үлкен өнер иесі дирижер-композитор Тоқсанбай Құлтумиев, композиторлар Забен Жарылғасов, Қосан Үбіғалиев, белгілі композитор, дирижер Айтқали Жайымов, аты аңыздай естілетін ақын Меңдекеш Сатыбалдиев, әдебиетші-шежіреші Жанаш Нұрмаханов, өткен ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармашылығын зертеуші белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов, технология ғылымдарының докторы, профессор Қуанғали Қуатбаев, ақын-ұстаз Аманқос Ершуов, ақын, қоғам қайраткері Өтеген Оралбаев, әдебиетші-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат, өнертану ғылымдарының кандидаты, музыкатанушы Бақыт Тұрмағамбетова, т.б. Жылыойдың жампоздары мен жайсаңдары лек-легімен заманалар көшіне ілесіп келеді.
Жылыой ауданының географиялық орналасуында Атырау облысының бөлігіндегі Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауымен Жем, Қайнар өзендерінің салалық бойын қамтыса, солтүстігінде Ақтөбе облысының Байғанин ауданымен, оңтүстік шығысында Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен шектесіп жатыр. Кеңес үкіметіне дейін бұл аймақ «Маңғыстау ойы» деп те аталған. Жер рельефі ойпатты, жазық болып келгендіктен, Жылыой атанған болар, «Кең Жылыойдай» әсем ән болып, ән көгінде қалықтаған. Негізі Жылыой атауы жылы және ой деген екі сөздің бірігуінен шыққан деседі. Ел ішінде «Үйшікке барсаң, күй тартпа, Жылыойға барсаң, ән салма» деген сөз қалған. Үйшік – Атыраудың Гурьевке дейінгі көне атауы. Ертеректе Жылыой аймағында өзіндік ерекшелігі бар ән-музыка мәдениеті қалыптасып, Мұхит және қайқылар дәстүрін ұстанған өнер мектебі болған деседі өлкенің мәдени мұра тарихын зерттеушілер. Ежелден Жылыой жері – ән мен жырға айналған аймақ. Соның бір дәлелі – ел арасында бірнеше нұсқамен айтылып жүрген «Кең Жылыой» атты халық әні. Бір әннің бірнеше нұсқада тарауының өзі сол өлке табиғатының өнер дарыған киелі топырақ екенін танытпай ма?!
«Кең Жылыой – біздің елдің тиянағы,
Даусыңды ести алмадым қиядағы.
Даусыңды ести қалсам қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы».
«Кең Жылыойдай» халық әнін кезінде Жылыойда туған әнші, вокал өнеріндегі ерекше құбылыс Ерік Құрманғалиев те орындаған екен. Ерік Құрманғалиев – айрықша тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған, оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы отанынан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды. Ерік Құрманғалиев өзінің сұхбаттарында «Менің туған жерім – Құлсары» деп мақтанышпен айтып кеткен.
Жылыой ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Ақтау қаласында ауданның «Киелі мекен – Кең Жылыой» атты мәдени күні өтті. Мәдени іс-шара барысында теңіз жағалауындағы амфитеатрда «Жылыой – қазыналар мен мол мұраның өңірі» атты аудан шеберлерінің сәндік-қолөнер бұйымдары, өлкенің көрікті жерлерінің суреттері, ауданнан шыққан ақын-жазушылардың кітаптарынан көрме ұйымдастырылып, «Жылыой жәрмеңкесі» атты кәсіпкерлердің өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде ауданның 20-ға жуық кәсіпкерінің сан түрлі өнімдері көпшілікке ұсынылды. Жылыойлық өнерпаздар жыр мен күйден шашу шашып, әуелеген әндер шырқап, мың бұралған билерілерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Іс-шараларға Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов пен Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов, Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов қатысты. Бір кезде «Маңғыстау ойы» деп те аталған Жылыой ауданы осылайша 95 жылдық торқалы тойында қарт Каспийге амандасып, ел мен елдің мерейін бір асырды.
Маржан ЕРШУ,
ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты