«Бүгінгі іс-шараға кесте өнерін дәріптеп келдік. Баяғы әжелерімізден қалған қолөнерді жаңғыртып, ұрпағымызға үйретіп, жалғастыруды ауылдың ақ жаулықты аналары өз міндетімізге алғанбыз. Мұнда бізбен, инемен тігілетін кесте түрлері орын алған. Мысалы, тұскиіз, тұскілем, киім жапқыш, сырмаққа сәндік үшін түрлі өрнек салып, кестелеп тіктік. Өзім тоқыма өнерімен айналысамын. Тоқылған кестені асүй жабдықтарына пайдалануға болады. Онымен ыдысты жабуға, шәугім-шәйнек, ет табақтың астына төсеуге, басқа да қолданысқа пайдаланады. Ол шыбын-шіркейден, шаң-тозаңнан қорғайды. Әдемілігі көз қызықтырар кестеленген заттарды қыз жасауына қосқан. Сондықтан бұл біздің сүйікті кәсібіміз», дейді Саты ауылынан келген Гүлжанат Мұхаметжан.
Қаздай тізілген қолөнер көрмесінің қатарынан ағаштан жасалған ұлттық аспаптар мен теріден жасалған тұрмыстық заттар да орын алған екен. Олардың қатарында Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың технологі Ерәли Адамқұловтың домбыра, қобыз, сандық сынды тас дәуірінен бергі ата-бабамыздың өсіп-өркендеуі жолындағы халықтық аспаптары көп назарын аударды.
«Торсық түйенің, бұқаның мойын терісінен жасалады. Жүн жидітіліп, теріні қалыпқа салып пішіп, тігеді. Оны саба сияқты қарағайдың бүрімен, аршамен ыстайды. Оған құйылған қымыз салқын әрі дәмді болады. Торсық теріден тігілетін болғандықтан, атпен алып жүруге өте ыңғайлы», дейді торсықтың жасалу технологиясы мен пайдасын түсіндірген Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылындағы ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы музейдің қызметкері Дәулетбек Әбдіқайымов.
Думанды мерекені өткізуге Алматы облысының әкімдігі, облыстық ішкі саясат басқармасы, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйі қоғамдық келісім орталығы және Кеген ауданының әкімдігі ұйытқы болғанын атау артық етпес.
«Қымыз фестивалінің топырағы құнарлы, шөбі майса, жұрты жайсаң, бал қымызымен танымал Кеген ауданында өтуі де жайдан-жай емес. Жақында Түркістанда өткен 2-ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», деген болатын. Қымызды сауу, ашыту, оны қонақтарға тарту – тұнып тұрған философия. Бұл халқымыздың даналығы мен кемеңгерлігінің анық көрінісі. Биелерді жасына қарай жіктеу, сауған қымызды түрге бөлу, қымызға арналған ыдыстарды дайындап, сақтаудың ерекшеліктерін ескеру терең зерделеу мен байыптылықты талап етеді. Қымыз ашытумен айналысатын шеберлер оның 25-тен астам түрі барын айтады. Ата-бабамыз қымыздың адам ағзасына пайдасын, емдік қасиетін ертеден білген. Халқымыз сондықтан да қымызды ерекше дәріптейді. Жаңа технологиялардың дамуы қымызды дүкен сөрелеріне көптеп жеткізіп, тұтынушыларға қолжетімді ете түскен. Ең бастысы, қымызға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Бүгінгі фестиваль – қымызға деген құрмет», деді ашылу салтанатында сөз алған Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Байеділов.
Қымыз мол болу үшін жылқы шаруашылығын дамыту қажеттігі тілге тиек болды. Бүгінгі таңда Алматы облысында жылқының саны 5,8 пайызға өсіп, 268 мыңға жеткен. Оның ішінде сауылатын биелер саны 1 мыңнан асады. Қымыз сауумен 85 шаруашылық айналысып, тәулігіне 6 тоннадан астам өнім әзірленеді. 15 ірі шаруа-
шылық өз өнімдерін нарыққа шығарып, тұрақты түрде саудаланды. Олардың арасында Жамбыл ауданынан «Күрті», «Аңсар», «Айзере», Балқаш ауданынан «Адамбай», «Елнұр», «Бекбауыр» шаруашылықтары, Кеген ауданынан «Руслан», «Самат», Қарасай ауданынан «Дәрмен», Еңбекшіқазақ ауданынан «Наурызбай», басқа да шаруа қожалықтары бары аталды.
«Өкінішке қарай, өңіріміздің шаруашылықтары саумалды тапсырумен немесе қымызхана ашумен ғана шектелген. Бізге қымыз өндірісін дамыту қажет. Барлық шаруашылықтарға осы салада жұмысты жандандыруды тілер едік», деді ол.
Жалпы, мал шаруашылығы саласы өңірде дамудың даңғыл жолына түскен. Облыста ірі қара малдың саны 6 пайызға өсіп, 826 мыңды құраса, қой-ешкі 9,6 пайызға өсіп, 3 млн 400 мыңға жеткен. Құс саны 8,9 млн. Асыл тұқымды ірі қара 20 пайызға өсіп, бүгінде 123 мыңға, қой 17 пайызға артып немесе 367 мыңға көбейген. Сондай-ақ жылқы 14 пайызға немесе 32 мыңға, сиыр 65 пайызға немесе 406 мыңға артқан. Бүгінде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл халқының табысын арттыру үшін облыс бойынша биыл 8,3 млрд. теңге бөлінсе, келесі 2024 жылы бұл қаржының көлемін 14 млрд-ға дейін жеткізу көзделді. Мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа бастамаларға қолдау көрсетіліп, ауылшаруашылық саласының өнімін арттыру жұмыстары жүріп жатыр.
Салтанатты шарада облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында «Қарқара өнімдері» ЖШС бас агрономы Ізтілеу Нүсіпқожаев, шаруашылық иегерлері Серік Сансызбайұлы, Бақытжан Асқарбаев, «Болатбек» шаруа қожалығының төрағасы Жасұлан Жаңбыршиев және мәдениет қайраткері Ханым Сұлтанқұлова марапатталды.
Дүбірлі думанға жиылған жұртты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Асылы Осман мен қоғам қайраткері Стақан Белғожаев құттықтап, ақ мол болуын тіледі.
«Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм
бар ма?»,
– деп Ақтамберді жырау жырлағандай, ұлттық сусынның құндылығы насихатталған игі шарада Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Рамазан Стамғазиев, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Ұлжан Айнақұлова, Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтер, сондай-ақ Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы мен «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бимен шашу шашып, қонақтардың көңіл күйін көтерді.
«Мұны «Қымыз фестивалі» дегеннен гөрі, Қымызмұрындық деу әлдеқайда құлаққа жағымды, санаға сіңімді болар еді. Ата дәстүрімізді насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде қымызмұрындықтың алар орны айрықша. Бұл – ынтымақ пен бірліктің, берекелі тірліктің бастауы. Сондықтан жастарға үлгі боларлық игі шараның жыл сайын жібі үзілмей жалғасуына тілекшіміз. Өткеннен жеткен өнегелі істің өміршең болуына үлкен-кіші үлес қоссақ құба-құп», дейді облыстың мәдениет саласына сүбелі еңбек сіңірген зейнеткер Ханым Шотбайқызы.
Қымыз фестивалінің аясында қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, қазақ күресі мен қошқар көтеру және дала төсін дүбірлеткен аламан бәйге ұйымдастырылып, ұлттық ойындардың көрігі қызды. Өз кезегінде жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Осы тұста айта кетерлігі, жасыл жайлаудағы бұл іс-шарадан бір күн бұрын Алматы облысы әкімінің өкімімен Нұрбақыт Теңізбаев Кеген ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.