Экономика • 01 Тамыз, 2023

Елімізде ашылатын жаңа өндіріс орындары

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігі ұсын­ған мәлімет бойынша 2023 жылы елімізде 170 өнер­кәсіп жобасын іске асыру көз­деліп отыр екен.

Елімізде ашылатын жаңа  өндіріс орындары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Айталық, биылғы ІІІ тоқсанда Екібастұз қаласының маңында жылына 240 мың тонна ферросилиций шығаруға қауқарлы ауқымды өндіріс орнының қызметі жолға қойылады. Бұл жыл сайынғы экспорттық табысты шамамен 460 млн долларға ұлғайтуға мүмкіндік беріп, 800 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашады. Жобаның құны – 92 млрд теңге.

Сондай-ақ биыл отандық фер­ро­қо­рытпа өндірушілері Қара­ған­ды облысында өнімділігі жылына 400 мың тонна болатын арнайы кокс шығаратын жаңа зауытты ашып, ол алғашқы өнімін шығара бастайды деп күтіліп отыр. Бұл импорттық үлесті жы­лына 57 млрд теңгеге төмендетіп, жо­ғары сапалы отын түріне қол жет­кі­зуге мүмкіндік береді. 261 адам­ды жұ­мыспен қамтамасыз етуді көз­дей­тін бұл жобаның құны – 43 млрд теңге.

Қостанайдағы республикалық ма­шина жасау орталығы биыл ком­мер­циялық жүк көліктеріне арнал­ған көпірлердің негізгі компоненттерін өндіру бойынша негізгі өнеркәсіп орта­лығына айналмаққа бет бұрды. Зауыт автоматтандырудың жоғары дәрежесімен ерекшеленіп, халық­ара­лық экологиялық стандарттарға то­лық сай келетінін және жергілікті оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқанын сөз арасында айта кет­кеніміз жөн болар. Өндіріс іске қосылғанда мұнда 300-ге дейін адам жұ­мыс істейтін болады.

2023 жылы отандық автомобиль өнеркәсібіндегі тағы бір айтарлықтай жаңалық – Қостанайда Chevrolet Enix маркалы автокөліктердің өнді­рі­сі жүзеге асырылады. Нарықта қоз­ғалтқышы 90 және 132 ат күшіне тең седанның 2 түрі жасап шығару жос­пар­ланған. Соған сай жыл сайын 30 мың көлік шығару көзделіп отыр. Ауқымды жобаны іске асыруға 23,4 млрд теңге жұмсалып, 400 жұмыс орны құрылады.

Бұдан басқа Саран қаласында тұр­мыс­тық техниканы, Алматыда алю­миний радиаторларын, Қара­ған­дыда жел генераторларына арналған ко­нус­тық мұнараларды, Қостанайда Jetour, Kia және SsangYong маркалы көліктерді, ал Павлодарда алюминий дискілерін өндіру жос­парланған. Елімізде азық-түлік қа­уіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін макарон өнім­дері, сүт және сүт өнімдері, құс еті және тағы да басқа өн­діріс орындарының ауқымы ке­ңейтілмек.

Тұтастай алғанда, 2023 жылы 13,2 мың тұрақты жұмыс орнын құру меже­леніп отыр.