Білім • 02 Тамыз, 2023

Санжардың жұлдызды сәті

1170 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Санжар Бисенәлі Швейцарияның Цюрих қаласында өткен 55-халықаралық «Химия» олимпиадасында алтын медаль иеленді. Ол бұған дейін екі рет күміс медальді олжалаған болатын.

Санжардың жұлдызды сәті

Санжар әуелде биологияға қы­зыққан екен. Кейін химияға аң­сары ауыпты. Ол халықаралық олим­­пиадаға осымен үшінші рет қа­тысып отыр. Оның бастапқы еке­уінде онлайн форматта бақ сынаса, соңғысына арнайы барған. 10 күнге созылған зерделілер до­да­сына әлемнің 90-ға жуық мем­ле­ке­тінен оқушылар қатысты. Бар­лығы шамамен 360-тан астам оқушы бақ сынады.

– Сайыс екі бөлімнен тұрды. Біріншісі – практикалық, екіншісі – теориялық жұмыс. Прак­тикалық жұмыста үш тапсырма берілді. Онда әртүрлі са­палық, сан­дық талдау жасау керек болды. Теория­лық тапсырма ғы­лыми тақырып­тарға байланыс­ты берілді. Маған практикалық бөлім күрделі болды. Себебі кейінгі жыл­дары олимпиада онлайн формат­та өткендіктен, тек теориялық бө­лімнің тапсырмаларын ғана орын­даған едім. Бұл жолғы дода осы тұрғыдан алғанда үлкен тәжірибе болды деп санаймын. Олимпиадада Қытай, АҚШ, Жапониядан келген оқушылар үне­мі топ жаратын. Өз басым қы­тай­лықтарды негізгі қарсылас санадым. Өйткені Қытай мемлекеті оқу­шылар арасында қатаң іріктеу өткізеді әрі тек үздіктердің үздігі­н­е ғана сенім артады. Назарбаев зияткерлік мектептері арасында да жан-жақты іріктеу жүргізілді. Облысты бағындырған оқушы рес­публикалық додада бақ сынай­ды. Республика деңгейінде көзге түс­кен төрт оқушы ғана халықара­лық олим­­пиадаға жолдама алды, – деді Санжар. Зияткердің анасы Лаура Мәжи­това баласының білім бәсекелеріне кішкентай күнінен дайындалғанын айтты.

– Бұған дейін отбасымызда хи­миктер болмаған. Физика, математика, филология салаларын таңдағандар болды. Санжар химияны таңдағанда таң қалдық. Бірін­ші сыныптан бастап оны олимпиада­ға баули бастадық. Ең алғашқы олимпиадасына екінші сыныпта қатысты. Сынып жетекшісімен бірге Түркияға барды. Үшінші сыныпта математика пәні бо­йынша Болгариядағы бәсекеде бақ сынады. Одан да медальмен оралды. Содан бері ұлымның халықаралық олимпиадаларда топ жаруын тіледім. Шүкір, екі рет күміс жүлдегер атан­ды, бұл жолы алтын медальді ен­шіледі. Сондай-ақ Санжар бір­неше тілді еркін меңгерген. Мек­тебі үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Ол – өте еңбекқор бала. Жетістігінің басты сыры да осын­да. Химия пәнінен алғашқы олимпиадасына 9-сыныпта Алма­ты қаласында қатысып, 17-орын­ды иеленді. Сол кезде Санжар «Мама, келесі жылы бірінші орын аламын» деп уәде берді. Сол уәдесінде тұрды, – дейді Лаура Мәжитова.

Санжар бұл олимпиадаға Қа­зақ­­стан құрамасының жетекшісі Азим Аманжоловпен бір жарым жыл дайындалған екен.

– Дәстүрлі олимпиадаға тың­ғылықты дайындық керек. Мәсе­лен, біз қатысқан білім бәсекесіне оқушыларды 8-сыныптан бастап даярлаймыз. Басында қиындық болады, әлбетте. Бірақ кейін бәрі де қалыпқа түседі. Айталық, Сан­жар шәкіртім Әбілмансұрмен бір­­ге дайындалды. Әбілмансұр ба­рынша қолдау көрсетті. Бұл жол­ғы жетістікті бес жылдық да­йын­дықтың өтеуі деп айта аламын. Сан­жардың алтын алатыны­на сенімді болдым. Өйткені был­тыр күмісті иеленді. Оның үсті­не тәжірибесі де толысты әрі да­йындық жұмыстары да жан-жақ­ты жүргізілді, – дейді Азим Аманжолов.

Санжардың кураторы Орал Бекболатқызының айтуынша, ол – мектептегі үлгілі оқушылар­дың бірі. «Санжар мектепте өзін жақсы жағынан көрсетті. Олим­пиадаларға қатысуға сабақтан бо­сатсақ та, қалып қойған тарау­ларды жылдам игеріп алады. Өзі­не тапсырылған істі жоғары жауапкершілікпен ат­қарады. Мек­тепте өткізілген мә­дени және тәр­биелік іс-шараларға белсене қа­ты­сады. Мінезі ашық, ұс­тамды, сабырлы, кішіпейіл. Өзге­лермен тез тіл табысады. Қолұшын созуға даяр тұрады. Жеке тұлғалық көз­қарасы қалыптасқан. Өз ойын, пікі­рін ашық, анық жеткізеді», дей­ді Орал Бекболатқызы.

Оқуға жүйрік оқушы дом­быра мен гитарада жақсы ойнай­ды, шахматты да жетік меңгерген. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы жан. «Маған сенім артып, қолдау көрсеткен ата-анама, ұстаз­дарыма, тәлімгерлеріме, дос­тарыма алғысым шексіз», дейді Санжар.

 

Салтанат БАЙТЕКЕНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің

4-курс студенті