Спорт • 02 Тамыз, 2023

11 медальдің біреуі – алтын

208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жат­қан жазғы Универсиаданың үшінші жарыс күнінде ел қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.

11 медальдің біреуі – алтын

Таэквондо спортынан халықаралық жа­рыстарда ел намысын қорғап жүрген 19 жастағы Рита Бәкішева дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы атанды. 46 кило салмақта өнер көрсеткен отандасымыз іріктеу кезеңінде қарсыластарын оп-оңай тізе бүктіріп, финалда 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері қытайлық Тайпей өкілі Хуань Инь Суаньмен шеберлік байқасты. Аса тартысты өткен кездесуде жерлесіміз мықтылығын дәлелдеп, Универ­сиаданың бас жүлдесін олжалады.

Сондай-ақ гимнаст Эльжана Таниева екі бағдарлама бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Лентамен жаттығу сайысында бақ сынап отандасымыз Мажарстан мен Украина қыздарына жол беріп, қола жүлдегер атанса, доппен жекелей сындағы жаттығуда тек Мажарстан өкілін алға жіберіп, күміс ме­дальді мойнында жарқыратты. Қола жүл­де Болгария спортшысына бұйырды. Соны­мен қатар садақ ату сайысында сынға түскен Диана Тұрсынбек те ел қоржынына кезекті күміс медальді салды. Ал дзюдошы Бекарыс Сәдуақас студенттер бәсекесінің қола жүлдесіне ие болды.

Еліміз құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 алтын, 5 күміс және 5 қола медальмен 10-орында келеді.