![Ұлт ынтымағы ұйысқан алаң](/media/2023/08/02/quryltay.jpg)
Қазақ тарихында ұлттың, мемлекеттің тағдырына байланысты маңызды құрылтайлар көп болды. Ол жерде халық үшін маңызды, мемлекеттің егемендігі мен болашағына қатысты үлкен шешімдер жасалатын. Тарихқа көз салсақ, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда тәуелсіз мемлекет болды. Ал елімізді бір тудың астына біріктірген Қарақұм мен Ордабасы құрылтайларында халық бірігіп, анталаған жаудан елімізді қорғап қалдық. Орынбордағы ең алғашқы қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылса, екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланған болатын. Бұның барлығы қазіргі кездегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негізі болған жағдайлар мен өзгерістер еді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өтіп, халқымыздың басы бірігіп, кеңес қылуы арқасында шетте жүрген қандастарымыздың Атамекенге оралу көші басталғанын білеміз. Осы секілді тарихтағы маңызды құрылтай жиындары халықты біріктіріп, ортақ мәселелерді ортаға салған. Ал кейінгі соңғы екі жылда ата-баба дәстүрін ұстанып, оны жаңғыртып құрылтай шақыру дәстүрін қайта жолға қойған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдік мәселені кеңесіп шешудің өзектілігін көрсетіп отыр.
Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы тарихы терең Ұлытауда, екіншісі киелі Түркістанда өтті. Бұл екі ұлы жиын халқымыздың бүгіні мен болашағына қатысты барлық маңызды істерді қозғап, елдің әлеуметтік жағдайы мен рухани мәселелеріне назар аударды. Бұл өте қуанатын жағдай. Мен екінші құрылтайдың не себепті «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталатындығына тоқталып, ондағы аталған мақсат-міндеттердің азаматтарымыздың өмірін, рухани дүниесін өзгертудегі ықпалы туралы сөз еткім келеді.
Ең алдымен, Президент Ұлттық құрылтайды халықтың жағдайын жақсартуға, халқымыздың рухани дүниесін байытуға, сол арқылы мемлекеттің дамуына баса назар аударуға арналғанын айтты. Президент Ұлттық құрылтай отырысы сән-салтанат құрып, арқаны кеңге салып отыратын жиын еместігін ескерткен болатын. Яғни бұл жиын халық арасында өзекті болып отырған, мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп тұрған жағдайлар мен мәселелерді шешу, дүниежүзінде өзінің жақсы қырымен танылатын ұлтты тәрбиелеу мен әлеуметтік жағдайын өзгерту үшін жұмыс істейтінін көрсетті.
Биылғы құрылтайда көтерілген басты мәселелердің бірі – мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттілігі және ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін кәсіпкерлерге қолдау білдіру. Біз үшін тарихы терең, мемлекеттілігі мыңжылдық Отанымызды танытатын, ұлттық кодымызды айшықтайтын ұлттық брендті қалыптастыру маңызды. Біздің жеріміз дәстүр мен әдеп-ғұрыпқа, салт-дәстүрге бай, ұлттық құндылықтарымыз мол. Енді қазіргі уақытта сол құндылықтарымызды әлемге таныту қажеттілігі туындауда. Мемлекет басшысы осы жолда еңбек еткен азаматтарымызды әрдайым қолдайтындығын және аталған салалардың дамуына ықпал ететіндігін де атап өтті.
Сондай-ақ Президент мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға, ордендерге қатысты өзіндік пікірін білдірді. Ол аталған мемлекеттік сыйлықтар мен құрметтерді алуға тек өзінің ісіне, кәсібіне, Отанына адал азаматтар ғана алу керек екенін атап айтты. Бұл дегеніміз, шын еңбек еткен адамдардың маңдай тері ақталатындығын, осылай Әділетті Қазақстанның қалыптасатындығын көрсетіп отыр.
Ұлттық құрылтай басында ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға қатысты мәселе көтерілді. Мемлекет басшысы Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихының жазылуы керектігін қадап айтты. Шын мәнінде, қазіргі кездегі Қазақстан тарихы кітаптары еліміздің тарихи жолы туралы толықтай ақпараттар бере алмай отыр. Ұлы даланың көптеген тарихи тұлғаларының өмірлері әлі көпке танылмаған немесе өте аз жазылған. Бұл біздің ұрпағымыздың өзінің тарихи болмысын, рухын және ұлттық сана-сезімін, ата-тегін толық танып-білуіне кедергі келтіріп жатыр. Менің ойымша, қазақ тарихының толыққанды жазылып, еліміз бен жерімізді қорғауға және қалыптастыруға атсалысқан әрбір тарихи тұлғаның өмірбаяны зерттеліп, ұрпақ назарына ұсынылуы керек. Сондай-ақ бұл маңызды іске әрбір қазақ атсалысып, өзіндік үлестерін қосуы қажет.
Тәуелсіз Қазақ елінің азаматы ретінде мені ел ішіндегі көптеген мәселелер алаңдатады. Қазіргі кезде жігері сынған, ынтасы жоқ, ойы бұлыңғыр, екі қолын қалтаға салған жастар көбеюде. Президент өз сөзінде жас ұрпақты әлеуметтік желінің тәрбиелейтіндігі, мектептегі тәрбиенің ақсап тұрғандығы, үлкендер тарапынан тәрбиенің толық санаға құйылмауы, ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелеуі тиіс тұлғалардың келеңсіз әрекеттері, вейп пен нашақорлықтың олардың денсаулықтарына әсер етіп жатқандығы жайында да кеңінен айтты. Айналаңызға қарасаңыз, шынымен бұлардың барлығын көруіп жүрміз және Мемлекет басшысының сол мәселелерді шешуге қатысты айтқан сөздерінің алтындай құны бар екендігін байқаймыз. Шын мәнінде, бұл проблемаға тек Президент пен үкімет қана жауапты емес. Бұл жолда әркім өзінің әрекетіне, ісіне, сөйлеген сөзі мен ұрпақтың тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқандығына жауапты болуы керек. Біз отансүйгіш азаматтармыз, сондықтан Отанымыздың табысты ел болуы үшін жанымыздағы адамға немесе қоғамға, өскелең ұрпағымызға өзіміздің рухани дүниеміздің байлығын, адамгершілігімізді, жақсы іс пен адал еңбегіміз арқылы үлгі немесе мысал көрсетуіміз керек деп ойлаймын.
Сондай-ақ Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы кітап басып шығару, ұлттық кино, қазақ әдебиеті мен ақпарат таратуға қатысты пікірін білдірді. Мұның барлығы ұлттың санасына ықпал ететін дүниелер екені сөзсіз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамның тынысын, пікірін әрдайым назарда ұстайтын «ақыл-ой орталықтарының» болуын және олардың жұмысының әділ, жүйелі түрде жүргізілуіне назар аударды. Шынымен-ақ, осы аталған шаралар жүзеге асқан кезде «халық үніне құлақ асқан мемлекет» орнайтындығы анық.
Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» деген сөзі қоғамда көтеріліп келе жатқан даулы мәселеге нүкте қойғандай. Сонымен қатар Президент шалғай аймақтар мен ауылды көркейту, су тапшылығы, жұмыссыздық, білім мен денсаулық сақтау салаларының мәселелері, т.б. өзекті тақырыптарды қозғады. Ел болған соң, мемлекет ішінде күрмеуі қиын мәселелер болатындығы сөзсіз. Оның бәрін бір күнде шешіп тастау қиын. Ең бастысы, Президент бас болып халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған істерді қолға алып жатыр.
Қорытындылай келе айтарым, Ұлттық құрылтай – халықтың рухани құндылықтарының, жігерінің, мемлекеттің мызғымастығы мен беріктігін қалыптастыру үшін шақырылатын іс-шара. Байқасаңыз, еліміз соңғы жылдары күннен-күнге көркейіп, әлемдік аренада танылып келеді. Бұл үлкен серпілістің жасалғандығын, сол жолда Мемлекет басшысы бастауымен үлкен істер атқарылып жатқандығының белгісі болса керек. Бәріміз жиылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, алмайтын қамалымыз жоқ.
Айнұр Бақытжанова,
әлеуметтік ғылымдар магистрі