Дін • 02 Тамыз, 2023

Дін туралы жазу – дегдарлық

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығында БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған «Діни бағыттағы ақпараттық жұмыстың ерекшеліктері» тақырыбында оқыту семинары өтті.

Дін туралы жазу – дегдарлық

Орталықтың басқарма төр­ағасы Болат Сәрсенбаев алғы­сө­зінде еліміздің позитивті имид­жін қалыптастыру және жа­­һандық дінаралық диалог алаңы­ның таны­малды­лы­ғын арттыру, сон­дай-ақ Әлем­дік және дәстүрлі дін­дер көш­басшылары съезін ақ­па­рат алаңында кеңінен на­си­хаттау үшін журналистер мен блогерлердің қолдауы аса ма­ңызды екенін атап өтті.

– Биыл елімізде діндер съезін өткізіп келе жатқанымызға 20 жыл толып отыр. Алғашқы Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезі 2003 жылы өтті. Дегенмен біз әлі де осы жиынның маңы­зын аз айтамыз. Оның мемле­ке­ті­міздің тұрақтылығына, ха­лықтар достығына пайдасын біле бермейміз. Мен шетелдерде болғанда ол жақта христиан діні мен ислам діні арасында байланыс орнатуды енді ғана қолға алып жатқанын көрдім. Ал бізде дінаралық үнқатысу әлдеқашан жол­ға қойылған, – деді орталық басшысы. Сонымен қатар Б.Сәрсенбаев алдағы қазан айын­да өтетін Съездің ХХІ ме­рей­тойлық хатшылығына да­йын­­­дықтың маңыздылығына тоқ­­талды.

Семинарда АҚДМ Дін істері комитеті Интернет кеңістігінде діни экстремизмнің алдын алуды үйлестіру басқармасы басшысы Ж.Долиев «Дін саласындағы негізгі ақпараттық басымдықтар мен қағидаттар», орталықтың бас сарапшысы С.Әлімқұлова «Дін саласын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаудағы діни терминдерді қолдану ерек­­­шеліктері», Діндерді зерттеу орталығының журналисі А.Бейсембі «Бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында діни ақпарат таратудың ерекшелігі» тақырып­тарында баяндама жасап, журна­лис­тердің сұрақтарына жауап берді.

– Біз зайырлы мемлекет бол­ғандықтан, барлық діни бір­­лес­тіктерге тең қарауымыз керек. Өйткені заң алдында бар­лығы бірдей. Бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдері дін тақы­ры­бында сюжет түсіргенде не­ме­се мақала жазғанда белгілі бір діни бірлестіктің ұстанымы тұрғысынан сөйлеуіне болмайды. Ал біз мемлекет тұр­ғы­сынан пікір білдіріп, заң ая­сынан шықпауымыз керек, – АҚДМ Дін істері комитеті Ин­тер­нет кеңістігінде діни экстре­мизм­нің алдын алуды үй­лестіру басқармасы басшысы Ж.Долиев.

Сондай-ақ ол діни тақырыпта кез келген сұрақ туындаса, дін­нен хабары, діни білімі жоқ са­рапшыларға жүгінбей, ар­­найы уәкілетті орган – Дін істері комитетіне, сондай-ақ Қа­зақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасының ресми мамандарынан кеңес алуға шақырды.

Іс-шараға журналистер мен блогерлерден бөлек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Католик шіркеуінің өкілдері қатысты. Семинар соңында бар­лық қатысушыларға сертификаттар табысталды.