Құрылтай • 02 Тамыз, 2023

Адалдық айқындалатын кезең

219 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұлттық бренд, идеология, тарих, сана, мәдениет, тәрбие, жалпы ұлттық құндылықтар мен креативті индус­трия, саяси талдау, сараптау, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік қызметкерлерді адалдық пен әділдікке жетелейтін қасиеттер мен істерге кеңінен тоқталды. Түсінгенге әділетті қоғам жайында терең мағыналы ой айтты.

Адалдық айқындалатын кезең

Таяуда «Amanat» партиясының ұйым­­дасты­руымен Астанада алғаш рет әр деңгейдегі мәслихат депутаттары­ның республикалық форумы өткені мәлім. Келелі кеңестің мәнісі тіпті аудандық деңгейдегі депутат­тардың имиджін қа­лыптастыру, сайлаушылармен бай­­ланыс орнату, уәделерді орындау сияқты жұмыстар бүге-шүгесіне дейін талқыланды. Әйтпесе, бұрын сай­лау алдында алашапқын болып, кейін ауылға ат ізін салмайтындар да болған. Тұрғындарға төбе көрсетпейтін әкімдер де бар. Мәселесін шешетін, шағымын тыңдайтын не әкім, не депутатын таппаған соң, халық көшеге, әлеуметтік желіге, тіпті халықаралық ұйымдарға шығып кетті. Заман өзгерді, өзгергенді көз көріп жатыр. Форумның мақсаты Президент айтқандай халыққа адал қызмет етіп, Әділетті Қазақстан орнатуға күш салу еді.

Түркістан – еліміздің ірі облыста­рының бірі. Жер көлемі жөнінен сай келмесе де, тұрғындар саны жағынан асып түседі. «Көптің уайымы – көп, аздың уайымы – аз» дегендей, бұқараның саны артқан сайын өзекті мәселелері де көбейіп келеді. Оның үстіне әрісі 50-60, берісі 30 жылдан бері тозығы жеткен, жаңалауды қажет ететін дүниелер де же­тіп артылады. Әлеуметке керегі – мек­теп, аурухана, емхана, жол, газ, су, жарық, жұмыс орны. Сайлау алдында сай­лау­шылармен кезде­сіп, базынасын тың­дадық. Айналасы 3 айда Үкіметке оннан аса депутаттық са­уал жолданды. Ауыз толтырып айтарлығы – мектеп, ауыз су, газ мәселесінің оң шешімін тапқаны.

Облыстағы 125 ауыл халқы тіршілік нәрін сатып алса, өзгесінде йоды, тұзы шамадан тыс, одан қалса құрттап кеткен суды ішуге мәжбүр. Құбыр жүр­гізілсе де, су жеткізілмегендері тағы бар. Мұндай келең­сіздіктер Ордабасы, Отырар, Жеті­сай, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал, Созақ, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Төле би, Сауран аудандары мен Арыс, Түркістан, Кентау қалаларында белең алған. Құрылыс әлдеқашан аяқ­талса да, пайдалануға берілмеген. Бұ­ған су көздерін барлау мен жобалық-сметалық құнының дұрыс жасалмауы, мердігерлердің он екіде бір сайманының түгел болмауы, нысанды эксплуатацияға қабылдау кезінде жауапты бөлім басшы­ларының кемшіліктерге көз жұма қарауы сияқты факторлар бірден-бір себеп. Салғырттықтың салдарынан опық жейтін халық. Судың сапасыздығынан неше түрлі аурулар асқынып кеткен. Сол сияқты Арыстағы Жиделі, Монтайтас, Дермене ауылдық округтеріндегі су құбырлары да, 3-К-1 каналы да, қаланың орталық жылу қазандығы да күрделі жөндеуді қажет етеді.

Үкімет 2023-2025 жыл­дарға арналған арнайы бағдарлама аясында Түркістан облысына қарасты 113 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп, 204 ауыл­да тозығы жеткен су құбырларын жаңа­лайтынын жеткізді.

Жаз маусымында туындайтын тағы бір проблема – ағын су. Оңтүстікте жыл сайын миллион гектардың айналасында егін салынады. Оның жартысына жуығы суармалы, 30 пайызы Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Десе де ағын су тапшылығы ала жаздай титықтап шығады. Жылыжайы көп Сарыағашта да осындай жағдай. Өзбекстаннан Сырдария өзені арқылы егіс алқаптарына тарайтын «Достық» трансшекаралық магистралды каналында механикалық тазарту жүргізу керек. Осының кесірінен су көлемі 3 есе азайып кеткен. Су құмға сіңіп кетпесін деп өңірдегі магистралды каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру, суармалы жерлерге мелиоративтік мониторингті күшейту, ағын суды үнемдеу технология­сын енгізу Үкіметке ұсынылды.

Қазақстан Республикасын газданды­рудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасы бекітілгені белгілі. Өткен жылы елімізде 11 миллион 600 мыңдай абонент газбен қамтамасыз етілген. Ал Түркістанда 368 ауыл азаматы көгілдір отынға жарымай келеді. Облысты түгел табиғи газбен қамтуға 75 млрд 200 млн теңге қажет екенін де Үкіметке жеткіздік. Сондай-ақ 2022 жылы газдандыру бойынша 584 млн теңге қаралып мемлекеттік сатып алу байқауы өткізілгенімен, биыл бюджетті нақтылау кезінде қаржыландыру белгісіз себептермен қысқартылған Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріндегі жағдайды да көтердік.

Түркістанда жыл сайын 40 мың­дай нәресте дүние есігін ашады. Бұл жаңа оқу жылында 40 мың бала мектеп та­балдырығын аттайды деген сөз. Осыдан-ақ білім ошақтарының қажет­тілігін байқаймыз. Өңірдегі мектеп мәселесін шешу бойынша депутаттық са­уал жолдаған соң, бұл мақсатқа Ұлт­тық қор мен республикалық бюджеттен 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұйыр­са, 2024-2025 жылдары 63 мектеп пай­далануға беріледі. Қаржының мақ­сатты әрі тиімді жұмсалуы мен мек­тептердің дер кезінде пайдалануға берілуін қадағалауда ұстаймыз. Мұндай қаражаттың бірден бөлінуі бұрын-соңды болмаған жаңалық. Осының арқасында облыста мектеп салу ісі басталды. Әзір­ге ауыл арасында қатынап оқитын оқу­шыларды тасымалдау үшін арнайы автобустар аудандарға үлестірілді.

Адам көбейген сайын әрбір ауылда амбулаториялық пункт ашып, жалпы тәжірибелі дәрігерлерді тартып, жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі туын­дап жатыр. Өйткені жүкті әйелдер мен ауыр сырқаттанған науқастарды аудан орталығы тұрмақ, ауылдық округке жеткізудің өзі мұң болып жатқан жерлер жетерлік. Оның үстіне жоғарыда айтылған сапасыз ауыз су тұтынатын ауылдарда ішек, бауыр, бүйрек аурулары асқынып, көпсалалық аурухана салу – күн тәртібінде тұрған мәселе. Мысалы, шардаралықтар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін Шардара су қоймасының суын ішіп отыр. 60 мыңнан астам тұрғыны бар Арыста бір мезгілде 500 науқас қабылдайтын емхана ғимара­тының құры­лы­сына қажетті 3,2 млрд теңге де бөлінетін болды. Бұл жөнін­дегі депутаттық сауал­ға Қаржы ми­нистрлігі 2024-2026 жыл­дарға бағыт­талған лимиттер негізінде қаржы­ланды­рыла­тынын хабарлады.

Инфляция мен девальвацияның сал­­­­­қыны тимеген сала қалмаған шы­ғар. Әсіресе сауда-саттық, өндіріс­пен ай­на­­лыса­­тындардың сан соғып жат­қаны жасырын емес. Теңгенің құл­дырап, доллардың өсуі валюта алып­сатарларының оң жамбасына келгенімен былайғы жұртты титықтатып жіберді. Олар­дың қатарында тек тұрмысы тө­мен бұқара, жұмыссыздар емес ірілі-ұсақты бизнес өкілдері де бар. Мысалы мақташылар шаш-етектен шығынға батты. Жылда егін мен жиын-терім науқанында жанар-жағармай бағасының шарықтап шыға келетініне бәрі наразы. Дәл осы уақытта зауыттар да қолдан тапшылық жасап, монополистердің ойына келгенін істейтінін айтып, ұлар­дай шулайтын бір жұрт. Былтыр мақташылар да, жылыжай өсірушілер де банкрот болды. Бірін баға қысса, бірін қыстың қытымыр аязы қысты. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі пәленбай жылдан бері мақта сортының сапасыздығын сылтауратудан жаңылмай келеді. Бізге берген жауаптарында да алға тартқан желеудің бірі осы. Кеңінен тарқатсақ, Түркістан облысындағы жалпы егіс алқабының 70 пайызын мақта шаруашылығы құрайды. Сол себепті түстікті «ақ алтынның» отаны санайды. Алайда біздің өлкеде жіп иіріп, мата тоқитын, киім тігетін ірі өндіріс жоқ. Мақта өсірілетін аумақта 1 миллионнан аса адам өмір сүреді. Олардың көбі осы шаруашылықпен күн көреді. Кейінгі жылдары өнімге сұраныстың азаюы бағаның төмендеуіне әкеп соқты. Сөйтіп, өткен жылы бұл сала құлдырап, соның салдарынан мақта сапасы да төмендеп кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі түріктің қымбат тұқымын ұсынып, тиім­сіз іске күш салған. Жергілікті ша­руалардың қалтасына сай келмеген соң, сатып ала алмаған. Мақташыларға өткізілген өнім көлеміне қарай субсидия беруді қайта жандандыру және элиталық шитті өзімізде өсіру керек. Мақтаны әрі қарай өңдеу ісі де жолға қойылмаған.

Түркістан – жылыжай көкөнісін өсіру бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі, аймаққа республика жылыжайларының 67 пайызы тиесілі. Өкінішке қарай, қаңтар­да жауған қалың қарға шыдас бере ал­ма­ған. Себебі жылыжайлардың 94%-ы ша­руалардың өз күшімен салынған жеңіл құрылыстар. Жылыжайларды стан­дартқа сай жаңа технологиямен салу үшін қожалықтарға мемлекет тарапынан төмен пайыздық ұзақмерзімді несиелер бөлу керек. Алдыңғы жылға қарағанда, былтыр жылыжайда қызанақ пен қияр өсіру 71,8 мың тоннаға төмендеген. Отандық көкөніс өндірушілердің аздығы­нан ел нарығын импорт басып, экспорт көлемінен 10 пайызға асып кеткен.

Негізі облыс көлемінде ірі индус­трия­лық өндірістер жоқ, жергілікті жұртшылық негізінен ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өсірумен айналысады. Мемлекеттен жылыжай өндірісіне 5 пайыздан ас­пай­тын ұзақмерзімді несиелер мен гек­тар­лық субсидиялар бөліп, нақты көмек көрсетілгенде ғана жылыжай өндірісі өркендейді әрі бәсе­ке­лестік­ке бейімделеді. Үкімет «Кең дала», «Агробизнес» әмбебап несие­лен­діру бағдарламасының аясында жы­лы­жайлар­дың мәселесін шешетінін мәлім­деді.

Сайлау алдында сайлаушылармен кездесу барысында ең көп айтылған мәселе – жұмыссыздық пен зейнет жасын төмендету. Ауылдарда жұмыс орындарын көптеп ашылуын қолға алу керек. Қазір кей әкімдіктер мыңдаған адамның жұмыспен қамтылатынын жарнамалап, қисынға келмейтін іспен айналысып жүр.

Министрліктердің халық сайлаған депутаттардың сауалына салғырт қа­рауы мемлекеттік қызмет этикасына қай­шы. Бұл істе де кәсіби біліктілік пен шынайы­лық қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Әділетті Қазақстан орнату үшін азаматтарға адалдық керек. Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайтынын ұмытпаған жөн.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты