ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫ ҚАҚТЫҒЫССЫЗ ЖАСАУҒА БОЛМАЙ МА?
Жерорта теңізінде газа секторына қайырымдылық көмек жүктерін алып бара жатқан “Азаттық флотилиясы” деп аталатын кемелер тобымен Израиль қарулы күштерінің арасындағы қақтығыс бүкіл әлем жұртшылығын дүрліктірді.
Қайырымдылыққа қарсы тұрды деп жұрттың көпшілігі қазір Израильді айыптап жатыр. Өз кезегінде Израиль кемелерді тексерген кезде қайырымдылық жасаушылар күш қолданды деп ақталады. Күш қолданғанда, пышақ, темір таяқтар, тіпті отты қаруларды пайдаланған соң, израильдіктер қорғаныс мақсатында оқ атыпты. Соның салдарынан, бір деректерге қарағанда 19 адам, ал израильдіктердің айтуынша 9 адам қаза тапқан.
Оқиғаға баға бермес бұрын жалпы оның қалай пайда болғанына тоқталайық. Палестина автономиясының Газа секторында ХАМАС ұйымы билік жүргізеді. Олардың Палестинаның орталығына бағынбауы өз алдына, Израильге қарсы бітіспес күрес жүргізуді бағдар тұтып, бұл елмен тұрақты соғыс жағдайында десе де болады. ХАМАС-тың әскери күші Израильге әрқашан арандатушылық мақсатта зымыранмен оқ атып, оған жауап ретінде еврей мемлекеті әскери операциялар өткізіп, оның қорғаныс нысандарына шабуылдар жасап, айтарлықтай соққы да беріп жатады. Соның салдарынан бейбіт халықтың да құрбандығына жол беріліп, оны әлем жұртшылығы айыптайды.
Дәл осы жерде екі жақтың бірін ақтап, екіншісін айыптау қиын. Күші басым Израильді көп күш қолданба, одан бейбіт халық зардап шегеді деп айыптаған күнде, Таяу Шығыстағы шиеленістің келіссөзбен шешілуіне жан-тәнімен қарсы және әрқашан арандатушылық әрекетке баратын ХАМАС-ты қайтіп ақтарсың. Қалыптасқан жағдайда Израиль Газа секторында билік жүргізушілердің сырттан қару-жарақ алуына мүмкіндік бермес үшін бұл аумақты қоршауға алған. Кезінде хамастықтар қару-жарақты Египет шекарасы арқылы алса, Израильдің күш қолдануы арқасында оған тоқтау жасалды. Тіпті қайырымдылық көмектің өзі БҰҰ арнасы арқылы жеткізілуі тиіс. “Азаттық флотилиясы” осы талапты бұзып отыр.
“Азаттық флотилиясына” Түркия, Ұлыбритания, Ирландия, Грекия, Кувейт және Алжир жасақтаған алты кеме кіреді де, олар Газа секторына дәрі-дәрмек, құрылыс материалдарын және мүгедектер арбасын апармақ екен. Олардың бортында 700-дей адам болыпты. Олардың қатарында негізінде Еуропа және арабтардың құқық қорғаушылары, Еуропарламенттің бір топ депутаты, тіпті Нобель сыйлығының 1976 жылғы лауреаты Мейрид Макгуайр да бар. Израиль бұл рейсті әуел бастан саяси арандату әрекеті санап, ондағы адамдардың қатарында құқық қорғаушылармен қатар, жүздеген арандатушылар барлығын айтып, кемелерді Газа жағалауына жібермейтінін мәлімдеген. Іс жүзінде солай болып шықты. Тікұшақ және әскери катер арқылы “Азаттық флотилиясы” кемелеріне енген израильдік арнаулы бөлім жасақшылары тексеріс жүргізбек болғанда, қақтығыс орын алған. Израильдіктердің мәлімдеуінше, олар кемелерді Ашдод портына апарып, құқық қорғаушыларды елдеріне қайтарып, қайырымдылық жүктерін жер үстімен Газаға жеткізбек екен.
Израильді әлем айыптап жатыр. Еуроодақ және Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) айыптады. АМЛ халықаралық қоғамдастықтан Израильді ауыздықтауды талап етсе, ХАМАС ұйымы бүкіл араб және мұсылман елдерін Израильге қарсы бірігуге шақырды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де бұл мәселені 12 сағат бойы талқылап, онда екі жақ бірін-бірі айыптаумен болды. Жалпы, Израильді айыптаушылар көп.
Израильді айыптаған жөн шығар. Қайырымдылық ниетпен жүргендерге тиіспеуі керек еді дейміз бәріміз де. Өкінішке қарай, Израиль көмек діттеген жеріне аман-есен жетсе, Газа секторына қатысты қолданылған санкция талабы бұзылады дегенді желеу етіп, күш қолдануға барды. Содан да қақтығыстың одан әрі ушыға түсуі әбден мүмкін.
ГРУЗИЯДА БИЛІКТЕГІЛЕР ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Көп жерде жергілікті органдардың сайлауына оншалықты мән берілмейді. Ал Грузияда жағдай өзгешерек. 30 мамырда өткен муниципалдық сайлауда билік пен оппозиция күштерінің арасалмағы айқындалғандай болды. Бір сөзбен айтқанда, президент Михаил Саакашвилидің партиясы жеңіске жетті.
Алдын ала жасалған қорытынды бойынша, биліктегі “Ұлттық қозғалыс” партиясы 66,44 дауыс пайыз жинап, енді жергілікті органдарға өз өкілдерін көбірек жібереді. Екінші орында христиандық демократтар – 11,5 пайыз, оппозициялық “Грузия жолындағы одақ” үшін сайлаушылардың 9 пайыздайы дауыс беріпті. Аттары дардай партиялар – “Ұлттық кеңес” пен “Грузияны өнеркәсіп құтқарады” партиялары 6,72 және 4,84 пайыз дауысқа ие болған.
Бұл сайлаудағы ең басты мәселе Тбилиси қаласының басшысын сайлау еді. Қалабасын сайлау алғаш рет өткізіліп отыр. Және оның қағидатты мәні бар. Бұл лауазымға ие болу ертеңгі күні президент сайлауына ықпал етпек, тіпті президенттікке жетудің шешуші сатысы деп бағаланды. Мұнда да биліктегілер жеңіске жетті. Саакашвилидің адамы деп есептелетін, 2006 жылдан бері Тбилиси басшысы болып келген Гиги Угулава 54 пайыз дауыс алды. Оппозиция ойсырай жеңілді.
Қала басшысының лауазымына соншалықты мән берілетіні – Тбилиси әкімшілік қана емес, елдегі рухани да орталық. Оның басшысы сол ортаға сүйеніп, бүкіл елдегі жағдайға ықпал етеді. Бұған дейін де солай болған. Қазіргі президент те кезінде Тбилисидің мэрі болды.
Гиги Угулаваның Тбилисидің басшысы болып сайлануы елдегі саяси күштердің ара салмағын билікке қарай бұрды. Саакашвили – Угулава тандемі туралы әңгіме көп. Саакашвили қала мэріне қолдау көрсетсе, енді қисынға қарағанда ол ертең президент сайлауында бүгінгі қолдаушысына барынша көмектесуге тиіс.
Биліктегілер жеңді дегенмен, оны “қамтамасыз еткен” оппозициядағы алауыздық деген сипаттаманың жаны бар. Оппозицияның көксейтіні – билікке жету. Осы бір мақсат оларды біріктіреді де, бөледі де. Ортақ “жаумен” күресте олар біріксе де, билікті бөлісуге келгенде, жауша таласады. Грузияда билікке ұмтылатындар өте көп. Осы жолда олар бір-бірін оңай сатады, бір-біріне оңай қарсы шығады. Бұл елдегі қазіргі оппозиция көсемдерінің бәрі де – Нино Бурджанадзе де, Ираклий Аласания да, Зураб Ногаидели де Саакашвилидің күні кешегі серіктері.
Тіпті Саакашвилиге жау болып шыққаннан кейін де бұлардың басы біріге қоймай жүр. Үлкен лауазымды бір-біріне қимайды. Барлық оппозиция ортасынан біреуді таңдап, оны Саакашвилиге қарсы қойып, соған қолдау көрсетсе, оның нәтижесі басқаша болары сөзсіз. Ал олар жеке-дара күреске шыққанда, биліктен бұрын бір-бірінің аяғынан шалады. “Грузия үшін альянс” блогының көсемі Аласания Тбилиси басшылығы үшін күресіп жатқанда, Бурджанадзе сайлауға бойкот жариялады, біраз оппозициялық партиялар өздерінің қырдан аса алмайтын адамдарын ұсынып жатты.
Сірә, грузиялық оппозиционерлердің басы бірікпеуі өз алдына, олардың стратегиялық, тактикалық қадамдары да шектеулі көрінеді. Бурджанадзе де, Ногаидели де, Аласания да Ресейге барып, үкімет басшысымен, сыртқы істер министрімен кездесулер өткізіп, Саакашвилиді жамандап қайтты. Ресеймен 2008 жылғы соғыс және Ресейдің Грузияға қарсы бүгінгі насихаты бұл саясаткерлерге ұпай әкеледі деу қиын. Сайлау да соны көрсетті.
Мамадияр ЖАҚЫП.