– Жоламан, сенің жүріп өткен жолың жанкүйерлердің көз алдында. 2008 жылы 18 жасыңда ересектер дуына қосыла салып, өте жақсы нәтижелер көрсете бастадың. Ал оған дейін жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда қандай көрсеткіштерге қол жеткіздің?
– 2015 жылдан бері халықаралық додаларға қатыса бастадым. Ұлттық құрама сапына қабылданғанға дейін кадеттер мен жастар арасында Азия біріншілігінің (U-23) жеңімпазы атандым. Жастардың әлем және құрлық чемпионаттарында бірнеше рет жүлдегерлер қатарына қосылдым.
– Бапкерлерің жайында не айтар едің?
– Өзімнің жеке бапкерім – Хакім Махмудов. Ол кісі қазір 85 жаста. Соған қарамастан әлі де мені дайындап жүр. Ұлттық құрама сапында Азат Еркінбаев пен Ұлық Қарашолақовтың қол астында жаттығамын.
– Қазақта «Ер кезегі – үшке» деген жақсы бір сөз бар. Соның саған тікелей қатысы бар секілді. Олай деуге негіз, осыған дейін сен әлем чемпионатында екі рет финалға шыққаныңмен, шешуші тұста ұтылып, күміс медальді қанағат тұттың. Ал былтыр төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылдың. Сол жарыстардың қалай өрбігені жайында баяндап берсең?
– Алғаш рет әлем чемпионатына 2018 жылы қатысып, Будапештегі жарысты күміс медальмен қорытындыладым. Финалда кейіннен әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы атанған әзербайжандық Эльдениз Азизлиден айламды асыра алмадым. Десек те осы межеге жеткенімнің өзі мен үшін орасан зор табыс еді. Себебі небәрі 18 жастамын, ересектердің осындай дүбірлі додасына алғаш рет түсіп отырмын. Соған мен қатты қуандым. 2021 жылы Ослода да ақтық сынға дейін алқынбай жеткеніммен, бас жүлде үшін бәсекеде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа ойындары мен біріншілігінің жүлдегері, молдовалық Виктор Чобануға есе жібердім. Кейде сол жарыстарда күміс алғаным дұрыс та шығар деп ойлаймын. Кім білсін, егер спорттық карьерам басталған бетте бірден теңдессіз деп танылсам, даңдайсып немесе босаңсып кетер ме едім. Ондай жағдайда опық жейтінім анық. Ал қолсозым жерде тұрған бас жүлдеден айрылғаннан соң, сол олқылықтың орнын толтыру үшін әдеттегіден екі-үш есе көп еңбектендім. Жаттығу залында көп тер төктім.
– Жоғарыдағы жағдай Азия чемпионаттарында да қайталанды ғой. Ол жарыстардың алғашқы екеуінде күміспен күптелсең, соңғысында алтын тұғырға көтерілдің...
– Оны да дұрыс байқаған екенсіз, Азия чемпионаттарында да дәл солай болды. 2018 жылы Бішкекте өткен жарыстың финалында жапониялық Сета Танакураға жол бердім. 2020 жылы Нью-Делиде Күншығыс елінің тағы бір өкілі Кэнъитро Фумитадан ұтылдым. Арада тағы екі жыл өткеннен соң Ұланбатырда ирандық Мехди Мохсеннеджадты жығып, алтын медальді олжаладым.
– Токио Олимпиадасына Шаршенбековтің жеңіс тұғырына көтерілетініне күмәнданғандар кемде-кем еді. Бірақ сен қалың топтың арасында қалып қойдың. Үздіктер санатына қосылуыңа не жетпеді деп ойлайсың?
– Негізі Жапонияға жақсы дайындықпен барған едік. Өз елімізде және шет мемлекеттерде сапалы оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Олимпиаданың алғашқы айналымында қазақ балуаны Мейрамбек Айнағұловты ұтқаннан соң өз-өзіме деген сенімім артты. Одан кейін Виктор Чобанумен күрестім. Содан бір жыл бұрын 2020 жылы Белградта өткен Әлем кубогінде мен оны 8:0 есебімен ойсырата ұтқанмын. Бұл жолы да жеңіске жететініме еш күмәнім болмады. Сол шектен тыс сенімділік мені орға жықты.
– Сенің спорттық мансабыңдағы ең зор табысың былтыр Белгардта жалауы желбіреген әлем чемпионатындағы алтын жүлде екені даусыз. Енді осы жарыс жайында егжей-тегжей әңгімелеп берсең.
– Мен өнер көрсеткен 60 кг салмақ дәрежесінде мықты балуандар өте көп болды. Солардың әрқайсысына жеке-жеке дайындалдым. Алғашқы айналымдарда Мажарстан мен АҚШ-тың апайтөстерінен басым түссем, жартылай финалда қазақтың белді балуаны Айдос Сұлтанғалимен белдестім. Бұл өте ауыр айқас болды. Десек те сол бәсекеде менің асығым алшысынан түсіп, ақтық сынға жолдама алдым. Финалда Болгарияның намысын қорғап жүрген армян спортшысы Эдмонд Назарянмен күш сынастым. Оның әкесі – Армен Назарянды жанкүйерлер жақсы біледі. Кезінде ол жер жаһандағы ең атақты балуандардың бірі болды. Армен Атланта мен Сидней Олимпиадаларында алтын алса, Афинада қолаға қол созды. Әлем чемпионатын үш мәрте ұтып, тағы бес рет жүлдегерлер санатынан көрінді. Еуропа чемпионатында тоғыз рет финалға шығып, алты рет топ жарды. Даңқты спортшының ұлы да өте күшті екен. Небәрі 20 жаста болса да, құрлық чемпионы және сол жарыстың күміс жүлдегері атанып үлгерді. Мен оны содан біраз уақыт тұрын Болгарияда өткен турнирде жеңгенмін. Екеуміздің күрес мәнерімізде біраз ұқсастық бар. Сондықтан да Назарянды ұту маған айтарлықтай қиындық туғыза қойған жоқ.
– Былтырғы әлем чемпионаты Қырғызстан спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалғаны сөзсіз. Өйткені құрдасың әрі досың Ақжол Махмұдов екеулерің әлем чемпионы атандыңдар. Одан бөлек, Амантұр Исмаилов қола медальді иеленді. Осылайша, Алатаудың арғы бетінде орналасқан алақандай ғана қырғыз елінің өр мінезді ұлдары төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырып, ең үздік командалардың қатарына қосылдыңыздар. Елдегі сый-құрмет соған лайық болды ма?
– Қырғыздар да қазақтар секілді күресті жан-тәнімен сүйетін, балуандық өнерді ерекше қастерлейтін халық қой. Елге оралғаннан кейін барша жұрт құттықтап, алақандарына салып аялады. Сый да көрдік, құрмет те көрдік. Мемлекет басшысы кеудеме «Даңқ» орденін тақты. Аллаға шүкір, ештеңеден кенде болған жоқпыз. Сонымен қатар бұл жағдай біздің жауапкершілігімізді де арттыратынын да естен шығармаған жөн. Енді ел сенімін ақтау үшін бұрынғыдан да көп еңбектену керек. Әрине, біз осымен тоқтап қалмаймыз. Әлі жаспыз, күш-қуатымыз бойымызда. Алда менмұндалап тұрған биік асуларды бағындыруға қарым-қабілетіміз жетеді. Ендігі мақсатымыз – биыл Белградта өтетін әлем чемпионаты мен келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарында атой салу.
– Қазіргі кезде сен Біріккен күрес әлемнің (UWW) рейтингінде 60 кг салмақтағы балуандары арасында бірінші орында тұрсың. Өзге дүлүлдердің барлығы да кейінгі сатыларға орналасқан. Жалпы, солардың арасынан кімдерді өзіңнің негізгі қарсыластарың деп санайсың?
– Біздің салмақта бәсекелстік өте күшті. Рейтингте менен кейін тұрған балуандардың қай-қайсысын алсаңыздар да кілең ығай мен сығайлар. Солардың арасынан түркиялық Керім Камал, жапониялық Кенеширо Фумита, болгариялық Эдмонд Назарян, мажарстандық Кристиан Кечкемети сынды саңлақтарды бөле-жара атауға болады. Қазақ балуандары Айдос Сұлтанғали мен Мейрамбек Айнағұлов та оңайлықпен жеңіле қоятындардың санатынан емес. Молдовалық Виктор Чобану қазіргі кезде 63 кг салмақ дәрежесінде күш сынасып жүр. Алайда Олимпия ойыдарына жолдамалар таратылатын жарыстарда ол өзінің үйреншікті салмағына оралады деп ойлаймын.
– Басқа салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп жүрген қазақтың өрендері арасынан кімдердің күрес өнері ұнайды?
– Ең бірінші кезекте Алмат Кебісбаевты атап өтер едім. Ағамызды тек мықты балуан ретінде ғана емес, адамгершілігі зор азамат ретінде сыйлаймын. 67 кило салмақта Азия чемпионы атанған Мейіржан Шермаханбеттің де қарқыны қуантады.
– Шаршенбековтер отбасында жалғыз сен ғана емес, туған ағаң Тынар да жақсы күресіп жүрген көрінеді. Оның бағындырған белестері қандай?
– Иә, Тынар ағам да – еліміздің белді балуандарының бірі. Былтыр ол Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында 63 кг салмақ дәрежесінде белдесіп, бас жүлдені олжалады. Оның басқа да толып жатқан атақтары бар. Шынымды айтсам, өзімнің табысымнан гөрі ағам жеңіске жеткені әлдеқайда маңызды. Сол кезде мен қаттырақ қуанамын.
– Әңгімеңе көп рахмет, Жоламан! Барлық жоспарың ойдағыдай жүзеге асып, биіктерден көрін!
– Әумин! «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарына да және барша қазақ балуандарына сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»