Иә, репертуарындағы үздік қойылымдар іріктеліп алынған «Астана Операның» жауһар туындылары, шын мәнінде, Крижанке сахнасының көркін кіргізді. Гастроль шымылдығы классикамен түрілді. Адольф Аданның «Корсар» балетінен үзіндіні атақты әртістер – Париждегі ұзақ мерзімдік өнер көрсетуден жуырда ғана оралған Әнел Рүстемова, сондай-ақ Олжас Тарланов пен труппа солисі Диас Құрманғазы орындады. Жетекші солисі Еркін Рахматуллаев пен солист Шұғыла Әдепханның интерпретациясындағы Риккардо Дригоның «Бойтұмар» балетінен па-де-де көрермендердің зор сүйіспеншілігіне ие болды. Ашық аспан астындағы театр сахнасына қазақстандық прима Әйгерім Бекетаева бидегі жұбы Олжас Тарлановпен бірге шыққанда қошеметтің қатты естілгені сонша, бүкіл Любляна қол соққандай болды. Орындаушылар Макс Рихтердің музыкасына Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» спектаклінен дуэт ұсынды.
Ал Ролан Петидің «Леда мен Аққу» нөмірін орындаған солистер Анастасия Заклинская мен Жәнібек Ахмедиевтің жалынды жұбына таңдай қақпаған көрермен кем де кем. Осынау бірегей нөмір Еуропада сирек көрсетіледі, сондықтан көпшілік әртістердің өнер көрсетуін айрықша сүйіспеншілікпен қарсы алды. Сонымен қатар театрдың жетекші солистері – Шұғыла Әдепхан, Серік Нақыспеков, Арман Оразов, балет әртісі София Әділханова да жоғары кәсібилікті паш етті.
Кештің басты оқиғасы Ренат Гайсиннің музыкасы мән берген «Дала үні» мен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына қойылған хореограф Патрик де Бананың «Қилы заман» ұлттық нөмірінің орындалуы болды десек, титтей де артық айтқанымыз емес. Орындаушылар Анастасия Заклинская, Ғалымжан Нұрмұхамет, Бекзат Орынбаев пен Сұлтанбек Ғұмар жеткізген ұлттық колоритті, қазақ халқының рухын словениялықтар лайықты бағалап, солистерге ду қол шапалақ пен «Браво!» деген лебіздерін жаудырды.
– Мен Люблянада туып-өстім әрі өзімді нағыз асқақ өнер жанкүйерімін деп айта аламын, сондықтан әр жылдарда өткен Любляна фестивалі жадымда жақсы сақталды. «Астана Опера» әртістерінің өнер көрсетуі – мен тамашалаған үздік әрі кәсіби өнер көрсетулердің бірі болды. Классиканы, ұлттық нөмірлер мен заманауи балетті бір гастрольдік бағдарламаға үйлесімді сыйғызу – асқан шеберлік. Осы орайда балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға рахметімді айтып, қазақ балетінің өскеніне назар аударғым келеді. Труппа ерекше, оның өз мәнері бар: ерлер құрамы да, әйелдер құрамы да нағыз кәсіби деңгейді көрсетті. Талантты труппаның өнерін тағы бір тамашаласам, өте қуанышты болар едім, – деп әсерімен бөлісті Агата Резник есімді көрермен.
Ал гастрольдің екінші күні ұсынылған чех хореографы Иржи Килианның Моцарт музыкасына қойылған «Алты би» балеті де словениялық бекзат өнер жанкүйерлерінің сезім пернесіне дөп түсті. Театр репертуарын былтыр толықтырған айтулы балетті көрермен Крижанке сахнасынан да зор қошеметпен қарсы алды. Бұл күні спектакльде Кариннің рөлінде Аделина Төлепова өнер көрсетсе, Полдың партиясын Олжас Тарланов ұсынды. Каролинаны Бақытгүл Испанова, Йоханды Данияр Жұматаев, Лизаны Мөлдір Шәкімова, Патрикті Сұлтанбек Ғұмар, Нэнсиді Мәдина Қожамжарова, Урциді Айбар Тоқтар сәтті сомдады.
– Спектакльді басынан аяғына дейін зор қызығушылықпен тамашаладым. Бұл уақыт жағынан қысқа болса да, мазмұны жағынан бір керемет, қызықты дүние екен. Ол маған күнделікті күйбең тірлікті ұмыттырды. Хореографиясы күрделі екен, сондай-ақ ол асқан актерлік шеберлікті талап етті. Бұл қабілет сахнада өнер көрсеткен 8 бишінің әрқайсысында толықтай болды. Олар күлдіретін жерде күлдірді, сонымен қатар ғаламның маңызды мәселелері туралы ойлануға жетеледі. Осы үшін «Астана Опера» әртістеріне алғысым шексіз, олар бізге зор әсер сыйлады. Бұл әртістер әлемнің қай бұрышында өнер көрсетсе де, әрдайым көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болатынына сенімдімін, – деп қойылымнан еркше әсермен шыққан Лео Лебар есімді тағы бір талғампаз көрермен елордалық театр ұжымына ыстық лебізін жеткізді.
Қазақстандық әртістердің өнерін тамашалауға жер-жерден арнайы келген кәсіби мамандар, балет танушылар мен балет сыншылары да «Астана Опера» театрының өнеріне оң бағасын берді. Соның бірі – Санкт-Петербургтегі Мария театрының бұрынғы солисі Анастасия Матвиенко. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Өте мықты труппа. Труппада тек қазақстандық балет әртістерінің жұмыс істейтіні және онда шақырылған немесе шетелдік әртістердің болмауы таңданыс туғызады. Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова осындай қиын жолды таңдаған екен. Бәрекелді!», деп жазды.
Словениядағы өнер көрсету балет труппасының оныншы мерейтойлық маусымдағы қорытынды туры болды. Театрдың табысты туындылары әсте мұнымен тәмамдалмақ емес. Алдағы он бірінші маусымда да әртістерді шет елдерге гастрольдік сапарлар, төл театр сахнасында репертуарлық қойылымдар мен премьералар күтеді. Жаңа маусымның жаңалығы бұдан да жарқын болмақ!