Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «ЕQ»
Мұны Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шамамен бір ай бұрын ескерткен еді. Ведомство басшысы жаз айларында автомобиль қозғалысының артуымен АИ-95 бензині бағасының өсу мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда мәселе тек көлік қозғалысының көбеюінде ме?
«Республика бойынша АИ-92 маркалы бензиннің қажетті көлемі сақталды және қазір мұнай базаларында 23 күнге жетерлік отын бар. АИ-92 бензинінің баға өсімі және тапшылық қаупі жоқ. Белгілі бір баға өсу бізде АИ-95 бензині бойынша пайда болды. Оның бағасының өсуі мүмкін, өйткені жаз маусымында қозғалыс көбейеді, көпшілік демалыс аймақтарына барады», деді А.Сәтқалиев сол кезде.
Сондай-ақ ол Үкіметтің жағдайды бақылауда ұстауға тырысатынын және мұнай өндіруші ұйымдармен, желілік компаниялармен тиісті кездесулер өткізіп, олардан АИ-95 бензинін Ресейден импорттауды қамтамасыз ету сұралатынын айтқан болатын.
АИ-95-тің мемлекет тарапынан бақыланбайтыны рас. Отынның бұл түріне қатысты жанармай бекеттеріндегі баға нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеевтің айтуынша, бекеттердегі жанармай тапшылығы ең бірінші кезекте логистикалық қиындықтармен байланысты.
«Мысалы, батыс аймақтардан оңтүстікке жанармай жеткізу екі аптаға жуық уақытқа созылады. Яғни өнім бар, бірақ оның қозғалысы ұзаққа созылуда. Еліміз қанша дегенмен үлкен, арақашықтық тым шалғай, сондықтан логистикаға біраз уақыт жұмсалады. Ал қозғалысты жеделдету үшін «жасыл дәліз» енгізілуі керек. Соған қарамастан тасымалдаудың физикалық уақытын өзгерту қиын. Қалай болғанда да біз бұл сынды қабылдаймыз және оны дұрыстауға көңіл бөлеміз», деген еді ұлттық компания өкілі.
Кей пікірлерге ден қойсақ, АИ-95-тің тапшылығын тудырған өзге де факторлар бар. Биыл сәуірде елімізде АИ-92 бензиніне қатысты шекті баға (205 теңге) бекітілгені белгілі. Осыдан кейін АИ-92 мен АИ-95-тің баға айырмашылығы 10-15 теңгені ғана құрап қалды. Көптеген көлік жүргізушілері баға айырмашылығы азайған соң, одан да тәуір бензин құяйын деген оймен АИ-95-ке ауысып кеткен. Сөйтіп отынның бұл түрінің тұтынушылары салыстырмалы түрде артқан. Егер ақпан-наурызда елімізге 60-65 мың тоннадай 95-ші бензин қажет болған болса, сәуір мен мамырда 80 мың тоннасы сатылып кеткен.
Одан кейінгі маңызды себептің бірі де бірегейі – Атырау мен Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу жұмыстарына жабылуы және Шымкент зауытындағы шала-шарпы жұмыстар. Kolesa.kz порталының хабарлауынша, Шымкент МӨЗ-інде әлі күнге тек АИ-86 бензині ғана шығарылып жатыр. АИ-95 мүлде өндірілмейді. АИ-92-нің өзін октанды қоспамен өндіруге мәжбүр. Шымкенттіктер 92-ні қоспасыз өндіруді, 95 өндірісін толыққанды қолға алуды тек күзде бастай алмақ. Соның өзінде жобалық қуаттылыққа қарашада ғана қол жеткізбек.
Қазір Павлодар мұнай химия зауыты іске қосылды, сол себепті тапшылық біршама жойылуы мүмкін, алайда күнгейдегі зауытымыз толық қуатын іске қоспайынша, елдегі тапшылықты пышақ кескендей тыю мүмкін болмайды. Мұндай жағдайда оңтүстік өңірлерге, соның ішінде тұтынушысы көп Алматыға АИ-95 бензинін шығандағы Атырау мен Павлодардан тасуға тура келеді. Жол – шалғай, қозғалыс – ұзақ. Әрине, бағаға баға қосылып, түпкі тұтынушыға қымбат бензин ұсынылады.
Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, тап қазір еліміздің мұнай базаларындағы, жолдағы, МӨЗ-дегі және АИ-95 «премиалды» автобензинінің импорты көлемдерінің жиынтық қоры 36,5 мың тоннаны (елдің 12 күндік қажеттілігі) және АИ-92 257,1 мың тоннаны (18 күн) құрайды. А.Сәтқалиевтің сөзіне сүйенсек, қордағы 30 мың тоннадан аса бензинге Атырау мен Павлодарда өндірілетін (аталған зауыттар қалыпты режімде жұмыстарын бастаған) 80 мың тонна АИ-95-ті қосамыз. Оның үстіне жанармайдың осы маркасы Ресейден де тасымалданбақ. Бензин импортын жүзеге асыру «Petrosun» компаниясына жүктелген.
«Елімізде өндірілген АИ-95 бензині 245-260 теңгеден сатылады. Ресейден импортталған бензин бағасының қандай болатыны Ресейдің өз нарығындағы бағаға және содан алатын операторлардың маржасына байланысты қалыптасады», деді министр.
Мұнай-газ саласының сарапшысы, Energy Analytics каналының жетекшісі Абзал Нарымбетовтің айтуынша, отандық МӨЗ-дердің жеткізу жоспарларына сәйкес, шілде айында небәрі 45,2 мың тонна АИ-95 өндіру жоспарланған екен (Атырау мұнай өңдеу зауыты – 44,2 мың тонна, Павлодар мұнай химия зауыты – 1 мың тонна, Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 0 тонна). Бұл модернизация аяқталғаннан кейінгі ең төменгі көрсеткіш.
Energy Monitor редакторы Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, бензин бағасының қымбаттауы – қалыпты құбылыс.
«Егер жанар-жағармай қымбаттамайтын болса, онда мұнайшылар табыссыз қалады, сәйкесінше, олар барлауға инвестиция құймайды, құрылғылар жаңармайды, жалақы өспейді. Қазір мемлекет мұнай өндірушілерден мұнайдың 70 пайызын ішкі нарыққа жіберуді талап етіп отыр. Ал мұнайды сыртқа экспорттау мен ішкі нарыққа жөнелтудің арасындағы айырмашылық өте үлкен. Мұнайшылар үшін өнімді ішкі нарыққа жіберу тиімсіз. Пайдасы төмен. Кейінгі 15 жылда елімізде жаңа кен орны ашылған жоқ. Өйткені біздің мұнай-газ саламыз инвесторлар үшін қызықсыз болып қалды, себебі ел үкіметі жанар-жағармай бағасын субсидиялау үшін өндірілген мұнайдың біраз бөлігін МӨЗ-дерге жеңілдетілген бағамен жіберіп отыр. Мемлекеттік реттеудің есебінен біз мұнай-газ саласын құлдыратып жатырмыз», дейді.
Абзал Нарымбетовтің сөзінше, қазіргідей дағдарысқа ұрынбау үшін төртінші мұнай өңдеу зауытын салу керек еді.
«Қазақстанда АИ-95-ті жеткілікті көлемде шығармайды. Сырттан алады көбіне. Сондықтан тапшылық болмас үшін оның бағасын еркін нарыққа жіберген. Қазақстандық зауыттардың АИ-95 шығара алмау себебі – олардың заман талабына сай болмауында. Ондағы құрылғылар, технологиялар ескірген. Жақсы өнім шығару үшін зауыт та жаңа болуы керек. Ал біз болсақ, қырық жамау зауыттарды «модернизация» деген желеумен жыл сайын жөндеуге жабамыз да жатамыз. Осы күнге дейін МӨЗ-дерге 6-7 млрд доллар инвестиция құйып тастаған шығармыз. Сол ақшаға 2 жап-жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға болатын еді. Шындап келгенде, МӨЗ-дерді модернизациялаймыз деген себеппен жыл сайын миллиардтаған ақша бөлдіру көп адамға ыңғайлы. Ал жаңа зауыт салсақ, онда ақау болмайды, оны жыл сайын жөндей беру қажеттілігі туындамайды. Бұл дәл қазір көп адамға қажет емес секілді», дейді А.Нарымбетов.
Бізде мемлекет тек АИ-80, АИ-92, АИ-93 бензин маркалары, жазғы және маусымаралық дизель отыны бағасын ғана бақылайды. Ал қалған бензин маркалары нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа сай реттеледі. Сондықтан АИ-95 пен АИ-98-ге қатысты шекті бағаның бекітілуі мүмкін емес.