Туризм • 03 Тамыз, 2023

Туризм индустриясының даму бағыты

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік сарапшылардың зерттеуі бойынша, Қазақстанның туризм саласы соңғы орындардың бірінде тұрған көрінеді. Инфрақұрылымға қатысты көрсеткіш те төмен. Осыған қарағанда, елімізде аталған саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама болғанымен, ол – толыққанды жүзеге аспай отыр.

Туризм индустриясының даму бағыты

Коллаждарды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Туризм индустриясын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасына сәйкес, алты жылда туристік қызметтердің жалпы қосылған құны 80%-ға, 3,5 трлн теңгеден 6,3 трлн теңгеге дейін өсуі керек. Бұндай өсімге қол жеткізу үшін Мәдениет және спорт министрлігінің мамандары саланы дамытуға 80-нен аса инфрақұрылымдық іс-шараның тізімін жасап, жобалық-сметалық құжаттарын дайындады. Оның ішінде – жолдар мен әуежайларды жөндеу, табиғатты қорғау аймақтарын қамтитын Имантау-Шалқар шипажа­йына қатынайтын жолдарды салу және қайта жаңарту, Жасыбай көліне 15 шақырымдық кіреберіс жолды орташа жөндеу қарастырылған. Абай облысына қарасты Алакөл мен Балқаштағы Бертіс шығанағы жағалауын абаттандыру көзделіп отыр. Тиісті қаржы қарастырылған жағдайда аталған жобалар жақын арада жүзеге аспақшы.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстар елі­міздің инвестициялық тартым­ды­лығын арттыруға және туристік инфра­құ­ры­лым­ды жақсартуға бағытталған. Елді мекендерден бөлек, ұлттық саябақтар аумағының инфрақұрылымын дамыту барысында туындаған мәселеге байланысты әкімдіктер өз құзыреттілігі шегінде жұмыстар жүргізеді», деген еді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Тиісті министрлік 2030 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін жеткізіп, «Саяхат» жіктемесі бо­йынша қызметтер экспорты 5,5 млрд долларға дейін өсетінін айтады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, өткен жылы елімізге 4,7 млн шетелдік турист келіп, ішкі туристер саны 8,6 млн адамды құраған. Олардың арасында ұлттық табиғи саябақтар мен қорықтарға барған және шипажайда демалған 2,2 млн отандық азаматтар болса, оның 264,7 мыңы шетелдік. Сонымен қатар былтыр өзге елге 7,7 млн адам саяхаттаған. Бұл ел ішінде демалып келгендерден кем дегенде үш есе көп екенін байқатады.

Туризм индустриясының дамуына кедергі келтіріп отырған – жүйелі инфрақұрылым мәселесінен өзге, өңірлер арасындағы жолдардың нашарлығы. Жол бойындағы дәмханаларда қарапайым санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталмауы мен көлік қызметтерінің көңілге қонымсыздығы тағы бар. Тіпті еліміздің ірі өңірлерінде арнайы туристік автобустар жоқтың қасы. Автобуспен саяхаттау турларының ұсыныстарын зерттеген сала мамандары Алматы мен Астана қалаларында бірнеше туроператор автобус турларын ұсынған. Ал жол талғамайтын көлік турларына қарағанда мұндай ұсыныстар аз болғанын айтады. Шартты түрде аталған қызметтер нарығын шетелдіктер мен отандық турис­терге арнап екі санатқа бөлген. Мәселен, Шарын шатқалына автобус турын бір туроператор ұлттық валютамен, екіншісі доллармен ұсынуы мүмкін. Шетелдік туристерге бағытталған туроператор жоғары бағада саяхаттауға алдын ала төлем жасап, турдың кез келген жағдайда өтетініне кепілдік береді. Сұранысқа сай ағылшын тілінде сөйлейтін гид пен қосымша трансфер қызметтерін де көрсетеді.

Алматы облысында тәулікке қала сыртындағы автобус турларының орташа бағасы бір адамға 7 мыңнан 8,5 мың теңгені (16-19 доллар) құрайды. Бірнеше тәуліктік саяхаттау – одан қымбатырақ,
9 мың теңгеден 55 мың теңге аралығында (20-123 доллар). Бұл сомаға тамақтанудан кемпингке дейінгі қосымша қызметтер кіреді. Туристер аз болса – шағын, ал ынталылар көп болса, 50 орындық үлкен автобустармен тасымалданады. Өңірлердегі туризмге көрсетілетін көлік қызметтері де әртүрлі. Ең ірі туристік аймақ саналатын Алматы мен Астана қалаларына келушілер саны жетіп артылғанымен, автобус турларына ұсыныстар аз.

Жуырда «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының жанындағы туризм саласы бойынша сарапшылар тобы аталған кәсіптің табыстылығына байланысты мәселені көтерді. Мұндай көліктерді жалға алу нарығында арнайы жайлы туристік автобустардың жоқтығынан сұраныс ұсыныстан артып отырғаны айтылды. Еліміздің оңтүстік астанасына өзге елден келетін туристер қалада ұзақ кідірмей, тікелей Қырғызстанға асатынын мысалға келтірді. Ыстықкөлге жақын жерде турпакеттер арзанырақ. Еліміздегі туристік автобус қызметінің құны көрші Қырғызстанға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл – өзіміздегі турис­тік­ кәсіпорындар мен тасымалдау­­шылар үшін күрделі мәселе.

Былтыр құрылған Қырғызстанның туризмді қолдау және дамыту қоры GoBus автобусын іске қосса, өз кезегінде көрші Өзбекстан да туристік автобустардың жетіспеушілігі мәселесінің шешімін тапқан. Олар көлік қызметінің құнын арзандату мақсатында бірқатар шараны қолға алды да. Мәселен, Үкімет өзбектің көлік министрлігіне қарасты «Uzautotrans service» мемлекеттік автобус компаниясына 20 млн долларға 167 туристік автобус сатып алды. Онымен қоса облыстарда туристік автобустарды жалға берумен айналысатын компанияларды мақсатты түрде ынталандырып, ЕДБ арқылы қаржылық қолдау көрсетті. Нәтижесінде, Өзбекстандағы туроператорлар еліміздегі шетелдіктерге қызмет көрсету үшін біздегі туристік агенттіктерге емес, Қырғызстандағы операторлармен байланысады.

Желіде әртүрлі туристік нұсқа­ны жар­­намалайтын шетелдік туропе­ра­тор­лар­дың пакеттік ұсыныстары шынымен де көп. Ресейдің, Қырғызстанның және Өзбекстанның шетелдік компаниялары ішкі автобус бағыттарын тек еліміздің өңірлері арасында халықаралық турларды ұсынады. Бұл біздегі көлік компаниялары мен туроператорларына қызмет етеді. Еліміздің көрікті жерлеріне саяхаттау сапарларының бағасы – қызметтер пакеті ретінде көрсетілген. Оған қонақүйде тұру, тамақтану, әуежай трансфері, гид пен аудар­машы қыз­мет­тері, көлік шығындары, туристік және экологиялық төлемдер кіреді. Жалпы сомадан тек туристік авто­буспен жол жүру шығындарын бөліп алу мүмкін емес. Мұндай турдың орташа тәуліктік құнын бағалау – 130-140 доллар аралығында. Кейбір қырғыз операторлары тіпті, күніне 48,5 долларға турлар ұсынатындары бар.

Осыған орай, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының туризм саласы бойынша сарапшылар тобы мемлекеттің аталған мәселеге араласып, мемлекеттік қаражат есебінен туристік автобустардың жеке паркін құруға ұсыныс білдіріп отыр.

Еліміздегі туристік автобустардың жеке құрастыру фактісіне қатысты
52 орындық ірі Yutong автобусы­ Қара­ған­ды облысының Саран қала­сын­дағы QazTehna зауытында шығарылады. Әзірге, мемлекет тарапынан көліктік-турис­тік қызметті қолдаудың бірден-бір жолы – туристік автобустарды сатып алу. Бұл үшін 25% көлемінде өтемақы төлеуге тиіс. Бірақ мұндай инвестицияға кез келген туроператордың шамасы жетпейді. Бұл тұрғыдан келгенде еліміз өзінің туристік қызмет нарығын ғана емес, ел ішіндегі нарықты да жаулап алуға да­йын көршілерінен артта қалып тұрғанын айтпасқа болмайды. Егер аталған жайға мемлекеттік деңгейде араласпаса, мұн­дай­ қызмет көрсету нарығына Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстанның шетелдік компаниялары иелік етуі әбден мүмкін.