Мәдениет • 03 Тамыз, 2023

Мәдениет министрі «Сәкен Сейфуллин туралы фильм түсіріледі» демеді

488 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында бірқатар ақпарат құралында «Сәкен Сейфуллин туралы фильм түсіріледі», деген ақпарат тараған еді. Оған Мәдениет және спорт министрінің әлеуметтік желідегі жазбасы негіз болған. Дегенмен министр фильм түсіріледі деп нақты айтпаған болатын. Осыған байланысты драматург, актер Қанат Жүнісовке хабарласып анық-қанығын білген едік, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәдениет министрі «Сәкен Сейфуллин туралы фильм түсіріледі» демеді

«Мен жақында Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың қабылдауында болдым. Онда біз кино мен театр өнері туралы сөз қозғадық. Солардың ішінде келесі жылы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына байланысты кино сценарий мен операны ұсындым. Министр осы мәселеге байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында «Актер, жазушы Қанат Жүнісов кино түсіруге байланысты өзінің ұсыныстарымен келді. Әсіресе опера қызығушылық тудырды», деген мағынада жазба қалдырды. Осыны кейбір БАҚ дұрыс түсінбей жазба жариялаған екен. Сайттар асығыстық танытып, Сәкен жайлы фильм түсірілетін болды, тіпті кейбіреулері Сәкен жайлы фильм түсірілді, дайын», деп жазып жіберіпті.

а

Бұл жерде мен ұсынған сценариймен кино түсіру үшін, ен алдымен ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізетін іріктеуге қатысу керек. Ол жерде түсірілім тобының құжаттары тексеріледі. Одан кейін үлкен кино мамандарынан құралған сараптамалық кеңес бар. Сараптамалық кеңес әр сценарийдің көркемдік деңгейін қарайды. Осы іріктеуден өтсе ғана кино түсіріледі. Түсірілім тобының бұл іріктеуге дайындығы жақсы. Сценарий бұған дейін де кинотанушылардың сүзгісінен өткен. Жақсы рецензиялар жазылған. Нағыз ұлттық фильм статусына лайықты жоба екені айтылған. Дегенмен соңғы сөзді биылғы сараптамалық кеңес айтады. Солардың іріктеуінен өтсек қана кино түсіреміз. Енді Сәкен жайлы фильм түсіретін уақыт келді. Оның үстіне келесі жылы 130 жылдық мерейтойы келе жатыр. Сәкеннің қазақ тарихында атқарған ұлы істері аз емес. Қай қырынан алса да қазақ ұлты осындай деп мақтанышпен көрсететін қайраткер. Сәкеннің қилы қайшылыққа толы тағдыры барлығы кино түсіруге сұранып тұр. Сондықтан  мен министрлікке үлкен ұсыныс жасадым.

Енді операға келетін болсақ, бұл операны композитор Әліби Әбдінұров екеуміз жаздық. Опера өткен жылы республикалық «Дала дауысы» байқауында гран-при сыйлығын жеңіп алған. Кәсіби үлкен мамандардың сүзгісінен өткен. Операға қызығушылық тудыратын себебі - бізде ұлттық опера өнері кенжелеп қалды. Сондықтан операны дамытуымыз керек. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов: «Бұл жобаны қолдауымыз керек», деп өз ойын айтты. Енді келесі жылы киномыз таспаланса, операмыз сахналану үшін жан-жақты дайындықты жүргізіп жатырмыз», деп ойын аяқтады Қанат Жүнісов.