Спорт • 04 Тамыз, 2023

Жоғары топқа шығудан үмітті

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

13-19 тамыз күндері Тайландтың бас шаһары – Бангкокта баскетболдан әйелдер арасындағы Азия кубогі (Б дивизионы) додасы­ның шымылдығы түріледі. Сары құрлық бәсекесіне қатыса­тын еліміздің ұлттық құрамасы бұл күндері елордадағы «Тарлан Арена» спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Азия біріншілігінің қарсаңында ұлттық құраманың бапкер­лері мен федерация басшылығы команданың дайындығы туралы баяндап берді.

Жоғары топқа шығудан үмітті

Баскетболдан әйелдер арасындағы ұлттық құраманың менеджері және бапкерлер құрамының мүшесі Азамат Абдулкәрімовтің айтуынша, Қазақстан құрамасы биылғы Азия кубогінде ­Б дивизионнан А лигасына шығуды мақсат етіп отыр.

«Елордада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқанымызға бір аптадан асты. Алда әлі толық тағы бір апта жат­тығамыз. Өткен жетіде қыздарымыз дене даярлығы жаттығуларын өткізсе, бұдан былай көбірек тактикаға көңіл бөлеміз. Елімізде әйелдер баскетболы енді-енді қанат жайып, дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатыр. Ішкі чемпионатта ойнайтын командалардың да қатары жыл са­йын артып келеді. Бұл, әрине, ең бірін­ші кезекте ішкі бәсекелестікті арт­тыра­ды. Ал бәсеке бар жерде кез кел­ген сала алға қарай жылжитыны айтпаса да түсінік­ті. Со­ған қара­мас­­тан, алдағы Азия кубогі жарысын­да жоғары топқа қосылу үшін бар күшімізді саламыз. Қыздары­мыз Бангкокта Иордания, Тайланд және Шри-Ланка құрамаларымен ше­берлік байқасады. Топтағы басты қар­сыласымыз Иордания құрамасы бол­мақ. Тайланд спортшылары да өз алаңында, жанкүйерлерінің қолдауы аясында ойнайтын болған соң, олар да аянып қалмайтыны анық», деді А.Абдулкәрімов.

Ал баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысов ұлт­тық құраманың ішкі проблемасына тоқталып, қаржының аздығына байланысты спортшылар сары құрлық бәсекесінің алдында бір ғана оқу-жаттығу жиынын өткізуге мәжбүр еке­нін айтты.

«Қыздарымыз Азия кубогі жарысы алдында жоспарланған оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Негізі мұндай байрақты додалардың алдында спортшылар кемінде екі-үш жаттығу жиынынан өтуі керек. Шетелдерде шыны­ғып, мықты құрамалармен спарринг-жаттығу өткізгені қыздарымызға ал­дағы маңызды жарыс алдында үлкен септігін тигізер еді. Біз қазір демеуші, қосымша қаржы тарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта жат­тығулар санын көбейтуге тырысамыз», деді федерация басшысы.

Баскетболдан әйелдер арасындағы Азия кубогінің А тобында Индонезия, Иран, Малайзия және Моңғолия құра­малары күш сынасса, Қазақстан құра­масы Б тобында Шри-Ланка, Тай­ланд және Иордания қыздарымен шебер­лік байқасады. 8 құрама ішінде жеңіс­ке жеткені 2025 жылы өтетін Азия кубо­гінің А дивизионына жолдама алады.

Қазақстан құрамасының

ойындар кестесі:

13 тамыз 2023: Қазақстан – Шри-Ланка

14 тамыз 2023: Тайланд – Қазақстан

15 тамыз 2023: Қазақстан – Иордания

17-18-19 тамыз: Плей-офф кезеңі