Алматы қаласы мансап орталығының басшысы Әділет Жаңабаев жұмыссыздарды оқыту мәселесіне тоқталып, кәсіптік оқыту ұзақтығының
3 айдан аспайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мыңнан астам адамды оқыту жоспарланып отыр. Биыл білім беру ұйымдарында 18 мамандық бойынша оқыту үшін
42 жұмыс берушінің тізімі анықталып, 687 орын бекітілсе, жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 12 мамандық бойынша 313 адам білім алатын болады. Бұл бағытта 13 жұмыс берушінің тізімі бекітілген.
Көрсетілген кәсіптік оқыту түрлері бойынша биыл бір адамды оқыту үшін 50 мың теңге жұмсалады. Кәсіптік білім алғысы келетіндермен әлеуметтік келісімшарт жасалып, оқу аяқталғанға дейін 21 787 теңге мөлшерінде стипендия төленеді. Сонымен қатар жұмыс орнында кәсіби оқытылатындармен де еңбек шарты жасалып, ай сайын мансап орталығы салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны, банктік қызметтерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда 20 айлық есептік көрсеткіш (69 000 теңге) мөлшерінде жалақы төлеп отырады.
Әлеуметтік келісімшарт және еңбек шарты шеңберінде оқу аяқталғаннан кейін жұмыс берушілер жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Келешекте үміткерлердің өтініш жасауына қарай тізім жасалып, кәсіби бағдар беру жұмыстары жалғасатын болады. Жұмыссыздыққа қатысты туындаған сұрақтар бойынша Достық даңғылы, 85, «Әлеуметтік қызметтер үйі» мекенжайына немесе 310-47-82 бірыңғай нөміріне хабарласуға, мансап орталығының әлеуметтік желілердегі @ctm_almaty аккаунты бойынша танысуға болады.