![Газ Қарағандыны ыстан құтқарады](/media/2023/08/04/gaz-1.jpeg)
Жоғарыда айта кеткеніміздей, жер үйдегі жұртшылыққа газ тарту үшін пайызсыз несие беріледі. Онымен қоса әлеуметтің әлжуаз тобындағы қауымға бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қарағанды қаласының бюджетінен. Қарағанды төрт кезең арқылы толық газбен қамтылады. Бұл төрт кезеңде 16 қосу кешені бар. 2021 жылдан бері бірінші және екінші қосу бекеті толық аяқталыпты. Бірінші бекет арқылы Қарағандының 66 көшесіне газ жетті. Онда 1 695 үй бар. Екінші бекетте – 55 көше. Мұндағы үй саны – 2 471. Жалпы, бүгінде 995 үйде газ бар.
Аталған үйлердің 1 397-сі абоненттік техникалық шарттарды алған. Былтырдан бері үшінші бекетте жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұнда 38 көше болса, газ алатын үй – 2 852 екен.
– Бірінші пункттегі 66 көшеге газ жеткізетін 55 шақырым, екіншіде 76 шақырым газ құбыры төселді. Өткен жылдан бастап, үшінші пункт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Онда 38 көшедегі 2 852 үйге газ беретін 68 шақырым салынады. Қарағанды қаласы әкімдігі тарапынан тұрғындардың жекелеген санаттарына үйлерін газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мұндай әлеуметтік көмек жасы бойынша зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және мүмкіндігі шектеулі балалары бар, оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға, басқа мемлекеттер аумағында жауынгерлік әрекеттерге қатысқан ардагерлерге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, газдандыруға жататын жеке үйлерде тұратын балалардың қамқоршыларына жасалады. Әлеуметтік көмектің мөлшері газ жабдығын жеткізуге және орнатуға байланысты нақты шығындарға сүйеніп, анықталады. Бірақ ол 100 АЕК-тен аспайды. Бұл – 345 мың теңге, дейді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Уәлиұлы.
Былтыр 8 млн теңгеден аса сомаға 28 отбасыға көмек көрсетілсе, биыл жартыжылдықта 35 отбасы алған. Оған 12 млн теңгеден аса қаражат жұмсалған. Әлеуметтік көмек алу үшін Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш тастауға тиіс.
Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы – жеке тұрғын үйлерді газға қосу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның операторы болып саналады. Орталық директоры Данияр Дүйсембаев бағдарлама арқылы биыл 300 үйге газ тарту жоспарда екенін айтады.
– Қарағанды облысының тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы – жеке тұрғын үйлерді газға қосу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның операторы. Бағдарлама бойынша биыл 300 үйді қосу жоспарлануда. Оның 200 үйі – Қарағандыда және 100 үйі – Теміртауда. Несиелеу – 5 жылға дейін пайызсыз. Бұл арада алгоритм – қарапайым. Тұрғын үйдің құқықтық құжаттарын Жаңғырту орталығына тапсыру қажет. Өтініш бергеннен кейін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-дан техникалық шарттар алып, мердігерді таңдап, үшжақты шарт жасалады, дейді Д.Дүйсембаев.
Техникалық шарттарды алу үшін мына төрт құжат қажет болады: жеке куәлік, кадастрлық анықтама, техникалық төлқұжат, жер актісі.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»