Қазақстан • 04 Тамыз, 2023

Әділдік жолы: Бағыт пен бағдар

239 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

2022 жылы мемлекетіміздің тарихи бетбұрыс жасағаны әмбеге аян. Сол кезде әділетті, шын мәніндегі Жаңа Қазақстанды құру идеясы туындады. Мемлекет пен қарапайым халық үшін аса маңызды бұл құжаттың бастауында – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тұр.

Әділдік жолы:  Бағыт пен бағдар

Әділ мемлекет – әділетті экономика – әділ қоғам – өзара байланысты негізгі үш қағида. Осы үш постулат мақсатқа жетуде ерекше маңызға ие. Өйткені мемлекет тиімді басқарылма­са, әділ экономика құру мүм­кін емес, ал ол болмаған жағ­дай­да қоғамның өзі әділетті бола алмайды. Ен­деше, бүгінде, еліміз дамудың стратегиялық бағытының жаңа кезеңі алдында тұрған­да маңызды рөл аталған қағида­лардың біріншісіне тиесілі екені даусыз. Біздің ойымызша, әділетті мемлекеттік құрылымды қабылдау азаматтардың мемлекетке және оның институттарына сенімі негізінде ғана мүмкін болады.

Егер біз бұрын имидждік жоба­ларға, ситуациялық ше­шім­дерге, мемлекеттік қыз­мет­керлерден тұратын тиім­ділігі жоғары кәсіби аппаратқа және мемлекеттік әкімшілік басқарудың басқа да шығын­дарына сүйенсек, енді басынан бастап айналысуға тиіс іспен шұғылдануымыз керек. Бізге халыққа қажет жобалар керек, азаматтармен ашық және тұ­рақ­ты диалог құрып, белгілі бір аумақтың нақты мәселелерін білу қажет. Заң үстемдігі орнап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нақты жүйесі пайда болып, азаматтардың конс­титуциялық құқықтары сақталуы тиіс. Осының барлығы азаматтардың қауіпсіздігін қам­тамасыз етудің негізі, мұның бәрі олардың әлеуметтік-эконо­микалық реформаларды жүзеге асыруына, елдің қорғаныс қабі­летін нығайтуға және әртүрлі салалардағы халықаралық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа белсенді қатысуы үшін қажет.

Елдің саяси жаңғыруы осы алшақтықты қысқартуға және жоюға бағытталған, сондықтан ол қайтымсыз және барлық салаларда нақты шараларды талап етеді. Ол биліктің барлық саласында тепе-теңдігі сақталған, тұ­рақты дамып келе жатқан мем­лекеттің негізін қалау үшін керек. Әділетті мемлекет құру – жа­ңа Қазақстанды дамытудың стра­тегиялық мақсаты ретінде – қазіргі заң жүйесі халық пен биліктің ұстанымдарын біріктіру негізінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік беруін талап етеді.

Бұл жерде аумақтық құры­лымы, халқының саны, табиғи ресурстарының болуы және т.б жағынан бізге жақын елдердің тәжірибесіне жүгіну қателік емес. Біріккен Араб Әмірліктерін де балама деп санауға болады. БАӘ мемлекеттік басқаруы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын индикативті жоспар­лау­ға негізделген, оның басты көрсеткіштерін анықтайтын «2021 көрінісі» деп аталатын негізгі стратегиялық бағдар­ламалық құжат. Құжат экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы тұрақты және бірқалыпты дамытуға бағыт­талған. Бұл бағдарлама аясында БАӘ «білімге негізделген жо­ғары өнімді экономика» құру­ды мақсат етеді. Тұрақты және әртараптандырылған эконо­микаға көшу болашақта мұ­найға тәуелді болмайтын жағдай туа қалғанда ел үшін тұрақты дамудың ең се­німді жолы. Бұл біздің энер­гиямыз­ды ұзақ мерзімді бәсекелес­тік­ке шыдас беретін салалар мен қыз­меттерге бағыттау мақсатында жаңа стратегиялық секторларға кеңейту дегенді білдіреді».

БАӘ-нің «2021 көрінісі» бағдар­ламасының алты страте­гиялық бағыты бар: біртұтас қоғам және бірегейлікті сақтау, қауіпсіз, ашық және әділ сот жүйесі, бәсекеге қабілетті эконо­мика, бірінші дәрежелі білім беру жүйесі, әлемдік деңгей­дегі денсаулық, қоршаған орта­ның тұрақты дамуы сияқты міндет­тер. Осы стратегиялық бағыт­тардың әрқайсысы нысаналы индикаторларға, аралық көрсеткіштерге және олардың даму динамикасына ие. Бұларға нақты бір мемлекеттік орган жауап береді. Жалпы, бағдарлама 51 индикаторды қамтиды. Көптеген көрсет­кіштер «Жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» индекстерімен тікелей байланысты. Тиісті сая­сатты әзірлеуді және бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің өсуін ынталандыруға және оларға қолжеткізуді бақылауға бағыт­талған процедуралар жүргізу­ді бәсекеге қабілеттілік жөнін­дегі федералды кеңес жүзеге асырады. Осы мақ­сатқа жету және мақсатты инди­катор­ларға қолжеткізу жұмыс­тарын бақы­лауды қамтамасыз ету үшін федералды үкімет үш жылдық кезеңге арналған стра­тегиялық жоспарлар әзірлеп жатыр.

Қазір Қазақстанда Мемлекет басшысы мен биліктің жекелеген салалары арасындағы қарым-қатынас жүйесінде ауытқу бар. Оны барлық қоғамдық-саяси күштердегідей бір деңгейде жою керек, өйткені ол – ел президентіне жүктелетін мәселелерге жауап береді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақта­луы­ның шынайы кепілі – Конс­титуциялық сот болуы керек.

Жергілікті муниципалды басқару жүйесі де өзгеруі тиіс. Оны жергілікті билікті әкім­дердің қолына беру арқылы емес, әкімдер мен барлық дең­гей­дегі мәслихат депутаттарын сайлаудың жетілдірілген жүйе­сін жасау арқылы жаңғырту керек. Бұл процестер қоғамды демократияландырудың – тың механизмі. Жалпы, еліміздегі саяси жаңғыртудың маңызды міндеттерінің бірі – жаңа сайлау мәдениетін қалыптастыру. Атап айтқанда, ұнамсыз саяси партиялар мен қоғамдық қоз­ғалыстарды кемсітпей, салауатты саяси бәсекелестік прин­циптерін қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта елдің әкім­шілік тұрғыдан бөлінісін нақ­ты­лау қажеттілігі туындап отыр. Кең байтақ Қазақстан жерін­де облыс деңгейінде болсын, аймақтардың өзінде болсын, әкімшілік орталықтардың қыс­қаруы – үлкен қателік. Мұндай қадамдардың әділетті мемлекетке апарар жол деп қабылдануы екіталай, оған өз тәжірибеміз дәлел. Шындығында, Көкшетау, Семей, Торғай, Талдықорған облыстары сияқты облыстық құрамалардың жабылуы көпте­ген аудандардың облыстар­ға бірігуі неге әкелді? Мәсе­лен, Ақтөбе об­лысын алайық. Мұндай өзге­ріс нәтижесіне әлеуметтік сала айтарлықтай нашарлап, инфра­құры­лым нысандары істен шы­ғып, кадрлар әлеуеті азайып, халықтың қалаларға көшуі үдей түсті деп айта аламын. Бұл онсыз да оң үрдіс, алайда ол мұн­дай шаралармен қатар жүр­меуі керек. Бізге ауылдың тыныс-тіршілігін көтеру, онда шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа заманауи білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу қажет. Біз сол кезде Ақтөбе облысында таратамыз деп жоспарлаған төрт ауданның екеуін сақтап қалдық. Осы орайда, еліміздің Абай, Жетісу, Ұлы­тау сияқты жойылған өңір­лерін қайта жаңғырту – страте­гиялық тұрғыдан дұрыс шешім екенін айтпай кетуге болмайды. Бұл әкімшілік реформадағы өте маңызды қадам. Ол биліктің әкім­шілік вертикалын оңтай­лан­ды­рып қана қоймай, осы өңір тұр­ғындарының тілегін толық қана­ғаттандырады. Қазақстанның әкім­шілік-аумақтық моделін өз­гер­ту­дегі келесі қисынды қадам – орталығы Арқалық қала­сы саналатын тарихи Торғай облы­сы­­ның қайта жандануы деп ойлаймын.

Сондай-ақ азаматтардың өмірін жақсартуға және нақты әлеу­меттік-экономикалық нә­ти­желерге қолжеткізуге бағыт­талған барлық мемлекет­тік стра­тегияларды, өңірлік бағдар­ламалар мен салалық жоспарларды әзірлеудің негізі де осы болуы тиіс. Құқықтық және құқық қорғау қызметі, азама­т­тардың қауіпсіздігі, сыбай­лас жемқорлықпен күрес және мемлекеттің аумақ­тық тұтас­тығын қорғау салаларын­дағы сапалы қайта құрулардың негізінде саяси жаңғырту аясындағы дәл осындай көзқарастар жатыр.

Бұл қиын да құрметті миссия көбіне үкіметке жүктеледі. Әлемнің барлық мемлекетінің Үкі­меті тарихты жасауға бас­қаларға қарағанда көбірек ық­пал етеді. Бұған әр елде мысал жеткілікті, бірақ өзі билік еткен уақыт пен заманадан атақ-даң­қы асып түскен қайраткер­лер де бар. Ұлыбритания­да Сэр Уинстон Черчилль мен Маргарет Тэтчер, Сингапурда Ли Куан Ю, Біріккен Араб Әмірліктерінде Мұхаммед ибн Рашид Әл Мактум дегендей... Бұл тізімді әрі қарай жал­ғас­тыруға болады, ең бастысы, бұл есімдердің әрқайсысының артында бүтін бір мемлекет тұр және олар экономикасы ең ірі, гүлденген елдер қатарында. Оларда саяси жүйе өздігінен идеологиялық артықшылықтың үлгісі емес. Шынтуайтында, ол бар болғаны мемлекеттік құрылымның қалыптасқан басқару жүйесі және сан алуан көзқарастар мен ежелден келе жатқан ұлттық дәстүрлер­дің бейнесі бола алады. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі Ресейден де, Қазақстаннан да, Беларусь пен Украинадан да, сондай-ақ ТМД-ның басқа елдерінен үкіметтердің ерекше баға алып, халықтың лайықты құрметіне ие болған тиімді қызметінің мысалын таба алмаймыз.

Жаңа Қазақстанды құрудың жалпы бағыттарын Мемлекет басшысы 2022 жылғы сайлауалды бағдарламасында айқындап берді. Одан бері де Үкіметтің кеңей­тілген мәжілістерінде, Қазақ­стан Республикасы Парла­менті палаталарының бірлес­кен отырыстарында сөйлеген сөздерінде, Қазақстан халқына Жолдауында және жақында өткен Қазақстан халқы Ассамб­леясының отырысында жан-жақты айтылып келеді. Бірақ, ел болашағының негізгі идеялары мемлекет ішінде де, шет елдерде де қоғамдық құндылыққа айналып үлгерді дей аламыз. Бұл біздің сыртқы серіктестерімізге біз туралы шешім қабылдау үшін және ең бастысы, олардың біздің кім екенімізді біліп, еліміздің имиджіне нұқсан келмеуіне ықпал ететін өте маңызды ақ­парат. Ал әртүрлі қызмет түр­лері­мен айналысатын ішкі субъек­тілер мен қарапайым азаматтар имиджге нұсқан келгенін көрсе, мемлекеттік жүйенің барлық институттарына деген сенімін толық жоғалтуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін, мәңгі бақи жақсы өмірді күту деген сезімнен арылу үшін әділетті Қазақстанға қарай қадам басу жолдарына назар аудару керек. Бұл біздің әрқайсымыздың міндетіміз.

 

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері