Оқиға • 06 Тамыз, 2023

Астанада пропан газ баллоны жарылып, үш адам жарақаттанды

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мәлім еткеніндей, Астана қаласында коттеджде пропан газ баллоны жарылып, салдарынан үш адам жарақаттанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада пропан газ баллоны жарылып, үш адам жарақаттанды

«5 тамыз күні сағат 16:25-те «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ апаттық диспетчерлік қызметіне үш адамның газ жарылысынан зардап шеккені туралы хабарлама келді. Оқиға Астана қаласының «Нұрлы жол» вокзалының маңындағы шағынауданда болған. Жедел жеткен апаттық-диспетчерлік бригаданың мәліметінше, жеке тұрғын үйде болған газ жарылысына пропан газ баллоны себепкер болған», деп жазылған хабарламада.

Жарылыстан зардап шеккен 1995 жылғы ер адам мен оның 2 және 7 жастағы екі баласы ауруханаға жатқызылған.

Ұйымның хабарлауынша, газ баллоны редукторының шлангпен жалғанатын тұсында болған ақаудан шыққан газ пропан баллоны тұрған орын мен оған жапсарлас жуынатын бөлмеде жиналып қалған. Кейін жуынатын бөлмеге кіріп жарық жаққанда ұшқыннан газ жарылған.

Жарылыс кезінде табиғи газ өшіріліп тұрған. Табиғи газға қосылулы үй иелері оны тек жылыту маусымында ғана қолданып, қалған кезде газ баллондарын қолданып келген.

Кішігірім той-томалақ өткізу үшін жалға беріліп келген коттеджде газ дабылқаққыштары орнатылғанмен, бірақ іске қосылмаған.

«Оқиға орнына ТЖД, учаскелік полиция қызметкерлері, үйішілік газ жабдықтарына қызмет көрсету компаниясының өкілі мен үй иесі шақырылды. Қазіргі уақытта жағдайдың себептері анықталуда. Бұл ретте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетпейтінін атап өтеміз. Газды пайдалану ережелерін сақтаңыздар», делінген хабарламада.