Жәдігер • 07 Тамыз, 2023

Алтын зерлі мұрақ

538 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан алты жыл бұрын Елорда төрінде ЭКСПО – 2017 көрмесі өткені туралы көпшілік хабардар. Аталған шара аясында барлық облыстардағы тарихи-өлкетану музейлері жоғары деңгейде көрме ұйымдастырды. Бұл оқиға шетелдік қонақтар мен еліміз тұрғындарының көзайымына айналған еді.

Алтын зерлі мұрақ

Осы орайда, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрме экспозициясынан мына бір суреттегі керемет мұрақ-қалпақты көрген едік. Мұндай алтын жіппен зерленген жәдігер – қазіргі таңда құнды экспонат болуымен қатар, халқымыздың қолөнер шеберлігін танытатын бірден-бір дәлелді зат.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энциклопедияның төртінші томында: «Мұрақ – ертеде хан-сұлтандар киген сәнді ерекше бас киім. Қазақ дәстүрінде бұл бұйымды тек төрелер тұқымы пайдаланып келсе, ХІХ ғасыр­дың екінші жартысынан бастап, бұл бас киімді қазақ билері де киетін болды» деп жазыпты.

Ел аузында сақталған «Хандар киер мұрақты, Қараша киер құрақты» деген тәмсілге қарағанда, басындағы мұрақ-қалпағына қарап сол тұлғаның мансап-дәрежесі айқындалатын болған. Мұрақты кейбір өлкелерде айыр қалпақ деп те атайды. Мысалы, «Абылайдың айыр қалпағы» немесе қырғыз туғандарды ауызекі тілде «Айыр қал­пақты ағайын» дейтініміз бар.

Байөлкелік этнограф марқұм Биқұмар Кәмала­шұлы: «Атам қазақ «Қалмақ абзалы – мұрақ, көрпе абзалы – құрақ», дейді. Мұраққа қарап халқы мансапты адамды айырады. Мұрақ қал­па­ғын елбасы, төре, билер киген. Мұрақты оюлап, өрнектеп, әртүрлі алтынды күмістелген жіптер­мен сәндейді. Ою-өрнек жібіне қарай мұрақтар жылтырап көрінеді. Мұрақты көбіне иесі әртүрлі жиын, жиналыс, той-томалақ, сән-салтанатқа киеді» деп жазыпты (Б. Кәмалашұлы. «Қазақтың байырғы салт-дәстүрлері». Өлгей, 2005).

Ал жоғарыда айтқанымыздай Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған суреттегі алтын зерлі мұрақ туралы айтар бол­сақ, бұл жәдігер 1927 жылы байдың мүлкін тәр­кілеу барысында Қостанай округі Қараба­лық ауданының №10 ауылының тұрғыны, болыс басқарушысы Бірмағамбет Алдияровтың үйі­нен тәркіленіп алыныпты. Кейін жәдігер БК(б)П – Қостанай губкомының шешімімен музейге тап­сырылған. Жоғарғы жағы күмбез тәрізді, етегі кең келген бұл мұрақ – қалпақ ақ киізден тігілген және алтындалған металл жіппен зерленген. Аталған отбасынан бұл жәдігерден басқа алтын жіппен зерленген киім үлгілері – ер кісінің шапаны мен әйелдің қамзол-бешпенті, ер адамның қайыс белдігі – кісе белбеу т.б. бұ­йым­дар алынған екен.