Таңдандырған «Тобыл»
Еурокубок ойындарының екінші іріктеу кезеңіне жеребе тартылғанда, футбол мамандары «Тобыл» мен «Базель» арасындағы жұпта швейцариялық ұжымның келесі кезеңге өтеріне күмәндары болмаған. Өйткені «Тобылға» қарағанда «Базельдің» қандай деңгейдегі команда екенін футбол сарапшыларын былай қойғанда, қарапайым жанкүйер де жақсы біледі. 129 жылдық тарихы бар «Базель» клубы Швейцария чемпионатында 20 мәрте топ жарып, 13 рет Швейцария кубогін иеленген. Одан бөлек, Еуропа чемпиондары кубогінің ширек финалына, Еуропа лигасы мен Конференция лигасының жартылай финалына дейін жеткен.
Қостанайдың «Тобылы» Еуропаның осындай даңқты клубына қарсы жасыл алаңға шықса да, сырт алаңдағы бірінші ойында сенсация жасап, алаң иелерін өз жерінде 3:1 есебімен тізе бүктіре алды. Жерлестеріміздің қарымта матч алдында қарсыластарынан бақандай екі доп басымдығы болса да, тәжірибе өз сөзін айтты. «Орталық» стадиондағы ойында «Базель» футболшылары жарты сағаттың ішінде екі гол соғып, «Тобыл» ойыншыларын қиын жағдайға салып қойды. Абырой болғанда, үзіліске дейін Серж Дебле пенальтиді сәтті орындап, соның арқасында қостанайлықтарды келесі кезеңге алып шықты – 1:2.
Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша «Тобыл» «Базельді» жарыс жолынан ығыстырғаннан кейін шетелдік басылымдар жерлестеріміздің жеңісіне таңданыстарын білдіріп жатыр. Мәселен, футбол трансляцияларын жүргізетін америкалық CBS Sports Golazo стримингтік сервисі өзінің Twitter арнасында «Тобылдың» жеңісіне арнайы пост арнады. «Былтырғы Конференция лигасының жартылай финалисі «Базель» дәл осы турнирдің биылғы іріктеу кезеңінде Қазақстанның «Тобыл» командасынан 4:3 есебімен жеңіліп, жарысты екінші кезеңнен аяқтауға мәжбүр болды», деп жазады.
Ал Украинаның Ua-football.com басылымы «Тобылдың» келесі кезеңге шығуын сенсация деп бағалады. «Міне, сіздерге сенсация! Керемет! Былтырғы жарыстың жартылай финалисі биыл топтық кезеңге де жете алмады. «Базель» келесі кезеңге шығу мүмкіндігінен бір апта бұрын өз алаңындағы жеңілісінен кейін-ақ айырылған еді», деп жазады украиналық басылым.
Енді қостанайлық ұжым турнирдің үшінші айналымында Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» командасымен кездеседі. Бірінші ойын 10 тамызда Қостанайда, қарымта кездесу 17 тамыз күні Солтүстік Ирландияда өтеді.
Жолы болған «Ақтөбе»
Биылғы Еурокубок ойындарына қатысып жатқан төрт командамыздың ішінде ең жеңіл қарсылас «Ақтөбеге» түссе де, былтырғы ел біріншілігінің күміс жүлдегерлері өз алаңында өткен қарымта матчта Грузияның «Торпедосынан» жеңіліп қалды – 1:2. Дегенмен «Ақ-қызылдар» да «Тобыл» сияқты келесі кезеңнің мәселесін сырт алаңдағы ойында шешіп қойған соң (4:1), өз жеріндегі жеңіліс жалпы есептегі жағдайға аса қатты әсер ете қойған жоқ – 5:3.
Жалпы, «Ақтөбенің» жауапты матчтағы ойынына қатысты мамандар тарапынан да, жанкүйерлер тарапынан да сұрақ көп. Өйткені Грузияның «Торпедо» клубы өзге үш командамыздың қарсыластары сияқты Еуропа жасыл алаңдарында ауыз толтырып айтарлықтай ешқандай нәтижесі жоқ төмен деңгейдегі клубтың бірі болатын. Ең кейінгі рет олар 2019-2020 жылғы Еуродода ойындарына қатысып, биыл ғана Конференция лигасында ойнау мүмкіндігіне ие болған еді. Үш жыл бұрын «Торпедо» Еуропа лигасының бірінші кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» клубынан екі ойында 3:0 есебімен жеңіліп, жарыстан шығып қалса, бұл жолы «Ақтөбеден» ұтылды.
Ақтөбедегі Орталық стадионда өткен қарымта кездесуде алаң қожайындарының футболшылары неге екені түсініксіз, жанын салып ойнаған жоқ. Бәлкім, сырт алаңдағы ірі жеңістен кейін «Ақтөбе» ойыншылары өздерінің шеберліктеріне шамадан тыс сеніп кеткен болуы керек. Соның салдарынан жауапты матчта 1:2 есебімен қарсыластарына жол берді. Бірінші таймдағы Максим Самородовтың голы да команда ойыншыларын босаңсытып жіберген сияқты.
Нәтижесінде «Торпедо» футболшылары екінші таймда ұйымдасқан ойын көрсетіп, «Ақтөбе» қақпасына екі гол дарыта алды. Кутаиси командасының матч аяқталғанға дейін таразы басын теңестіретіндей мүмкіндігі болған еді. Алайда кездесудің 77-минутында қорғаушы Ника Сандохадзе екі минутта екі сары қағаз алып, командаластарын қиын жағдайға қалдырып кетті. 10 ойыншы болып қалған «Торпедо» футболшылары ақыр соңында не шабуылға шығарын, не қорғанысқа көңіл бөлерін білмей, әбден абдырап қалды. «Ақтөбе» ойыншылары матч соңына дейін бір адам көп болып ойнаса да, бұл басымдығын жүзеге асыра алмады.
Енді Андрей Карпович шәкірттері Конференция лигасының үшінші айналымында Румынияның «Сепси» командасымен кездеседі. 2011 жылы іргетасы қаланған «Сепси» клубы кейінгі үш жылдан бері Еурокубок ойындарына тұрақты қатысып келеді. Конференция лигасының екінші кезеңінде олар Болгарияның даңқты ЦСКА София командасымен кездесіп, екі ойынның қорытындысында қарсыластарын 6:0 есебімен тізе бүктірді.
«Ордабасыға» өкпе жоқ
Құрамы жағынан да, футболшылардың деңгейі жағынан да Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнау құрметіне лайық болған командамыздың бірі «Ордабасы», өкінішке қарай, Еурокубок жарыстарынан шығып қалды. «Ә» дегеннен жыл сайынғы Еуродода ойындарының қатысушысы Польшаның «Легия» клубына тап келген шымкенттік ұжым екі ойында да лайықты өнер көрсетіп, мінезді команда екенін дәлелдеді. Шымкентте өткен алғашқы ойындағы төрешілердің қателігі болмағанда, «Ордабасы» клубының келесі кезеңге шығуы әбден мүмкін еді.
Польшадағы қарымта бәсекеде де «Ордабасы» футболшылары нашар ойнады деп айта алмаймыз. Рас, жерлестеріміз бірінші таймда көңілдегідей өнер көрсете алмағанымен, екінші тайм толығымен біздің жігіттердің басымдығымен өтті.
Үзілістен кейін «Ордабасының» шабуылшысы Всеволод Садовский есепті қысқартқанымен, 71-минутта Томаш Пекхарт «Легияның» үшінші голын соғып, командасын келесі кезеңге алып шықты. Матчтың аяқталуына алты минут қалғанда Сергей Малый есепті 3:2-ге жеткізгенімен, «Ордабасы» футболшыларына таразы басын теңестіруге уақыт жетпей қалды.
«Ордабасы» – «Легия» арасындағы ойын туралы ел футболының аңызы Юсуп Шадиев пікір білдіріп, шымкенттік команданың келесі кезеңге шығуына тек сәттілік қана жетіспей қалғанын
айтады.
«Ордабасы» екі матчта да жақсы ойнады. Бірінші кездесудегі төрешінің қателігін айтпағанның өзінде, қарымта ойында да шымкенттіктердің таза голын есептемей қойды. «Легияның» үш гол соғуына да «Ордабасының» қорғаушылары жол беріп қойды. Бұл ойында «Ордабасы» жеңілмеуі керек еді. Бірақ «Легия» футболшыларына да құрметпен қарағанымыз жөн. Олар өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Өкінішке қарай, «Ордабасының» келесі кезеңге өтуіне қарапайым сәттілік жетіспей қалды», дейді Юсуп Шадиев.
Енді Еурокубок ойындарын төрт команда болып бастаған жерлестеріміз жарысты әрі қарай үш ұжыммен жалғастырады.