Қоғам • 07 Тамыз, 2023

Су құбырының тозығы жетіп тұр

241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Теміртауды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған негізгі желінің құбыры жарылып, бүтін бір шаһар сусыз қалған еді. Жасыратыны жоқ, кейіні уақытта су құбыры тозып, апат жиілеп тұр. Бір жылдың ішінде 500-ден аса апат орын алыпты. Қарағандыдан тартылған каналдың 90 пайызының тозығы әбден жеткен. Қазір қала басшылығы құбырдың шіріген бөліктерін алмастырып жатыр. Жұмысқа ширап кірісті. Су да тұрғындарға кестемен беріле бастады.

Су құбырының тозығы жетіп тұр

Суреттерді түсірген Жанкелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бұл канал 1981 жылы іске қо­­сылған. Содан бері жөндеу көр­­меген. Жергілікті билік өкіл­дерінің сөзі – бұл. Талап бойынша, желі әр 10 жылда жаңарты­луы керек-тін. Бірақ пайдалану­ға берілгеннен бері ешқандай жөндеу көрмеген. Шіріп, әбден тозығы жетіп тұр. Бір жылда 500-ден аса апат болыпты. Сала мамандары «Желі толығымен жаңартылмаса, апат жыл са­йын, бірінен соң бірі қайталана бере­тінін» алға тартып отыр. ­Ал тұтастай жаңартуға шамамен ­10 млрд теңгеден аса қаражат қа­жет. Биыл 5 шақырымы жаңар­тыла­ды. Мұның өзіне 555 млн теңге бөлініпті. Ендігі шаруаға жауаптылар құбыр желілерін же­делдетіп жаңартып, күзге дейін үлгеруі керек.

– Теміртау үш көзден сумен қамтамасыз етіледі, оның негіз­гісі – Қарағанды-Теміртау су құ­быры. Бүгінгі таңда ол өзінің нор­мативтік қызмет мерзімінен екі рет асып түскен. Күрделі жөн­деу мүлдем болмаған. Біз инже­нерлік желілердің жағдайына бай­ла­нысты суды үздіксіз бере алмай­мыз, сондықтан шектеулер ен­гізіп, кесте бойынша беруге мәж­­бүрміз. Шағым өте көп. Қа­ла тұр­­ғындарына жағдайдың се­беп­­тері туралы хабарладық. Қол қу­сырып қарап отырған жоқпыз. Жұмысты ширатып жатырмыз, дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.

Қазір конкурстық рәсімдер аяқ­талуда. Егер бәрі ойдағыдай болса, тамыздың бірінші онкүн­дігінде су құбы­рындағы негізгі жұмыстар бас­талады. Бірақ «Оқ­жетпес-Т» ЖШС мердігерді күтпей, апатты учаскелерді өз кү­ші­мен ауыс­тыруға кірісіп кетті. Өйт­кені уақыт оздырып алмау қажет.

– Биыл біз негізгі жұмыстар­ды тамыз және қыркүйек айларын­­­да орындаймыз. Біз қалаға су­дың ­ке­луін тұрақтандырамыз және кес­те бойынша су беру­ден арылуға тырысамыз. Мәселе­ні толығы­мен шешу үшін 27 ша­қырымды қайта құру арқылы қалпына келтіреміз. Енді біз жо­балаушымен келісімшарт жа­са­самыз, содан кейін ол жоба­лық жұмыстарға кірісуі керек. Жо­бада айдау стансасын да қарас­тыру қажет, деп атап өтті шаһар басшысы.

Апаттан кейін Теміртауға ­ауыз ­су кестемен, таңертең және кешке беріліп отыр. «Берілгеннің өзінде сыздықтап ағады. Таң атпай бөшкелер мен құтыларға су толтырып әлекпіз. Ал шомылу үшін маңайдағы жағажайға тартамыз», дейді қала тұрғыны Дарья Винокурова. Мұның өз себебі бар, қосалқы резервуарда қажетті деңгейде су жиналмайды. Мысалы, бір резервуарда­­ғы тіршілік нәрінің деңгейі қалып­ты жағдайда 4 метрге жетуі керек. Төтенше жағдайдан кейін
2 метрге көтерудің өзі үлкен күш­ті қа­жет етеді.

Сәтбаев каналынан бөлек, темір­таулықтарға тіршілік нәрі қала іргесіндегі су қоймасынан бе­ріледі. Мұнда да мынадай мә­селе бар: су қорының басым бө­лігі металлургиялық ком­би­нат­қа жұм­салады.

Өмірлік маңызы бар су құ­бы­ры 2015 жылға дейін сол «Ар­­сел­­­лорМитталТеміртау» ком­­паниясының иелігінде болып­ты. Ал өңірдегі алып өндіріс компаниясы 35 жыл ішінде желіні жаңартқысы келмеген сыңайлы. 2015 жылдан кейін су арнасы қала әкімдігінің еншісіне өткен. Міне, содан бері де сегіз жыл сырғып өтті. Апат алқымнан ала бер­геннен кейін ғана қозғалыс бар, жұмыс қолға алынды.

Биылғы міндет – апат жиіліген 5 шақырымдық желіні жаңарту. Ақауды жою үшін темірбетон, болат және шойыннан жасалаған әртүрлі диаметрдегі құрылыс материалдары төселуде. Ал келер жылы ұзындығы 27 шақырым бо­латын Қарағанды-Теміртау су құбырын қайта жаңғырту көз­деліп отыр.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»