Қоғам • 07 Тамыз, 2023

«Қазанатта» өткен аламан

263 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордадағы «Қазанат» атшабарында Ұлттық спорт қауымдастығы мен республикалық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен бәйгеден ел чемпионатының бесінші іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті.

«Қазанатта» өткен аламан

Жарысты тамашалауға Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Ұлт­тық спорт қауым­дас­тығының президенті Ислам­бек Салжанов пен республикалық «Бәйге» федера­циясының президенті Қанат Көпбаев арнайы келді. Аламан доданың ашылу салтанатында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кейінгі жылдары елімізде ұлт­тық спорт түрлерінің танымдылығы артып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Біз – желмен жарысқан, жылқы­ның жалында өскен жұрттың жұрнағымыз. Сондықтан жылқы десе, бәйге десе бәрі­міз­дің делебеміз қозып отыра­ды. Жылқы бізге қанат байлайды, ат – біздің рухымыз. Сол рухқа қыз­мет етіп жүрген Ұлттық спорт қауым­­дас­тығы мен респуб­ликалық «Бәйге» феде­ра­циясының басшыларына өз ри­зашы­лығымды білдіремін! Қазақ­тың рухы әрдайым биік болсын! Бүгінгі бәйге­нің жеңімпаздарын шын жүрек­тен құт­тықтаймын», деді Дархан Қуандықұлы.

Сонымен қатар салтанатты іс-ша­ра­да Ұлттық спорт қауымдас­тығы­ның президенті Исламбек Сал­жанов жа­рыс­тың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Ұлттық спорттың артында ұлт­тың рухы, ұлт­тың намысы, тарихы, мәдениеті мен дәстүрі тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен кейінгі жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Бүгінгі біздің жарысымызды тамашалауға арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлына алғыс айтамын.

Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда біз еліміз­дің барлық өңірлерінде бәйге­ден жарыс ұйымдастырып жүрміз. Осынау жауапты әрі игі жұмыстың басында болып, бар­лық жарыстар­дың жоғары деңгейде өтуіне атсалы­сып жүрген республикалық «Бәйге» федер­ациясының президенті Қанат Шоқанұлына да ризашылығымды білдіргім келеді. Келесі жылы елімізде бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары өтеді. Бұл – біз үшін де, еліміз үшін де – маңызды жоба. Бұл жауапты іс-шара барысында жарыстардың көптеп өтуі ұлттық спор­тымыздың дамуына зор пайдасын тигізеді. Одан бөлек те, алдағы уақытта біз ірі-ірі додаларды ұйымдастырамыз. Осы­лайша ұлттық спор­тымызды болашақ­та әлемге танытсақ дейміз», деді Ислам­бек Төлеубайұлы.

Республикалық «Бәйге» федера­ция­­сының пре­зиденті Қанат Көпбаев соңғы уақытта бәйге спортынан өтетін жарыстарға келетін көрермендер саны артып жатқанын қуана жеткізді.

«Еліміздің өңірлерінде бәйге спорты­нан жарыстарды тұрақты түрде өткізіп келеміз. Мақсатымыз – ұлттық спортымыз бәйгенің та­ным­дылығын арттырып, мәртебесін өсіру. Бір қуанарлығы, күн санап бәйгеге қызығушылық танытып жатқан көрермендер қарасы көбейіп жатыр. Бұл – біздің дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқан­дығымыздың айқын көр­сеткіші», деді Қанат Шоқанұлы.

Жүлде қоры 23 500 000 теңгені құраған аламан бәйгеге еліміздің бірнеше өңірінен 80-ге жуық тұлпар қатысып, «Құнан бәйге», «Топ бәйге», «Жорға жарыс», «Аламан бәйге» бо­йынша сайысқа түсті.

Жарыс нәтижелеріне келер болсақ, 9 шақы­рымдық «Жорға жарысында» «Салкүрең» есімді тұлпар (иесі Жан Қоқанбаев) топ жарса, «Месяц май» (Әлия Асқарова) мен «Жұлдыз» (Шуақ Жайлаубек) жүлделі орындардан көрінді. 10 шақырымдық «Құнан бәйге» жарысында көмбеге бірінші болып «Лазер» есімді тұлпарды тізгіндеген Алдияр Уайсхан жетсе, екінші және үшінші орынды Асланбек Абдықал («Қарақат») мен Нұрмұқаш Ділнұр («Мамлюк») өзара бөлісті. Ал 16 шақырымға жалғасқан «Топ бәйгеде» «Мой мир» есімді тұлпардың иесі Әмір Серік бас жүлдені иеленді. Екінші орында Асланбек Абдықал («Абырай») еншілесе, үшінші орын Бекзат Ділдәханға («Сакура») бұйырды.

Ұлттық спорт жанкүйерлері тағат­сыздана күт­кен 23 шақырымдық «Аламан бәйгеде» «Талхиз» есімді тұлпарымен Бекзат Ділдәхан мәреге бірінші жетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Одан кейінгі орындарды Арнат Мұратхан («Семсер») мен Арнұр Саматұлы («Самал») иеленді. Сонымен қатар жарысты ұйымдастырушылар әр бәйгеде жүлделі орындарға сынық сүйем жетпей, 4 және 5-орын алған шабандоздарды да ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Одан бөлек, жарыс барысында көрермендер ұлттық киім бай­қауын тамашалады. Бұл сайыстың жеңімпаздарына ұйымдастырушылар жалпы көлемі 1 миллион теңге сыйақыны табыстады.