Қоғам • 08 Тамыз, 2023

Қайта көркейген дендросаябақ

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Климат өзгеріп, күн райы жылдан-жылға құбылып барады. Содан ба екен, күн де ерекше ысып, көп жерлерде құрғақшылық орын алып жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен әр аймақта өрт шығып, орман-тоғайды қызыл жалын шарпып кетіп жатыр. Бұдан адамдар да, ну орманды мекендеген аң-құс та жапа шегетіні анық.

Қайта көркейген дендросаябақ

Шымкентте жылда жаздың күндері күн қатты ыстық болады. Елдің оңтүстігіндегі шаһар тұрғындары үшін бұл құбылыс тосын жағдай емес, әрине. Де­ген­мен құрғақ­шылықтың салдары қалаға да кері әсерін тигізіп үлгерген-ді. Соның кесірінен мега­полистің әсем де көрікті жер­лерінің бірі А.Асқаров атында­ғы дендрологиялық сая­бақ­тың ішінд­егі ағаш-талдар сарғайып, қурай бастаған еді. Тіпті өткен жылы күн­нің ыстығынан қайта-қайта өрт шығып, төтенше жағ­дай орын алған. Абырой бол­ғанда қызыл жалынды мамандар, саябақ қызметкерлері жабылып жүріп сөндіріп отырды. Дендросаябаққа келетін ағын су мөлшері де азайып кет­кен­діктен, тиісті басқарма өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеп, сирек кездесетін ағаш-талдарды қуратып алмаудың алдын алу үшін су тасығыш көлік­терді жалдап, көк желекті қолмен суарды.

Дендросаябақ – шаһардың ең сүйікті тынығу аймағы. Күн­нің аптап ыстығында қала тұр­ғындары да, қонақтар да осында келіп, серуендеп, тал көлеңке­сін саялайды. Кезінде облысты бас­қарған мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров­тың бас­тамасымен салынған дендро­саябақты жасыл желегімен айналаны көмкеріп тұрған қала­ның нағыз «өкпесі» деуге болады. Сонымен бірге күн сайын та­ңертең денсаулығына бейжай қарамайтын шымкенттіктер кәрі-жасына қарамай саябақта дене шынықтырумен айналысады. Гимнастика мен әртүрлі спорт­тық жаттығу жасайды. Оның ішінде скан­динавиялық жүру тәсілі бар. Осыдан біраз уақыт бұрын дендро­саябаққа ауқымды құ­рылыс жұ­мыс­тары жүргізіліп, іші біраз абат­тандырылып, көркейтілген болатын. Соның аясында заманауи велосипед жолағы салынып, орындықтар жаңаланды, көп жерлерге диодты жарықшамдар орнатылды. Әсіресе бұл өсімдік әлеміне қызығатын жас ғалым­дар мен мектеп оқушыларының және жоғары оқу орындары­ның студенттері үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуіне таптыр­мас орын саналады. Өйткені мұн­да әлемнің төрт бұрышын­да өсетін және сирек кездесетін талдар өседі. Ал оларды шетелдерден әкеліп, еліміздің оңтүстік өңірінде жерсіндіруге отандық ғалымдар көп еңбек сіңіргенін ұмытпаған ләзім.

Міне, осындай қазыналы ме­кенді бас­тапқы күйіндей сақтап қалу қала әкімдігі­нің алдында тұрған басты міндетке айналды. Сөйтіп, бірінші кезекте шаһар­дың ирригациялық жүйелерін қалпына келті­руге кірісті. Сонау Бадам су қоймасынан тіке­лей дендросаябаққа ағып келетін ұзын­ды­ғы 23 шақырымдық үлкен каналды жөн­деп, қалпына кел­тірді. Соның нәтижесінде биыл саябақ ішіндегі жап-жасыл көл суы­ның деңгейі төмен тартып, азайып қалмады. Бәрінен бұрын айдын көлдің бетінде жүз­ген қос аққуларға рақат болды. Адамдар да әр келген сайын махабаттың символы сың­сыған аққуларды көріп қуанып, тұла-бойды билеген нәзік сезімнің шырмауында қалады. Бұдан бөлек, әкімдіктің қолға алған жұмыстары арқылы саябақ ішінен 4 ұңғыма қазылды. Туған қаласы Шымкентке жа­ны ашитын қалталы азаматтар да осы арадан та­былып жатты. Осын­дай демеушілердің есебі­нен суару жұмыстарына 4 техника жұ­мылдырылды. Оларға қосымша 20 адам кө­мекке келіп, қол жәрдемін берді.

А.Асқаров атындағы Шым­кент дендро­логия­лық саябағы қала­лық жайлы ортаны дамы­ту басқармасына қарайды. Атал­ған мекеме мамандарының мәлім­деуінше, бүгінгі таңда бір су ұңғымасы іске қосылып, сая­бақтың Тұлпар аймағындағы ну ағаштар суа­рылып жатыр. Алдағы күндері саябақ аума­ғынан қазылған тағы 2 ұңғыма пайдалануға бе­ріледі деп отыр. Ал дендросаябақтағы ғы­лы­ми қызметкерлер орман ағаш­тары­ның саялы болып жайқалып өсуіне бар жағ­дайды жасап отыр. Ол үшін қалалық әкім­­дік мамандар­ға қажетті барлық мүм­кіндік­ті қарасты­рып беріп жатыр. Осылайша, ере­к­ше қорғала­тын табиғи аймақ мегапо­лис тұр­ғын­дары ­мен қонақтарының игі­­лігі үшін әрдайым қызмет ­ете бермек.