Аймақтар • 08 Тамыз, 2023

Тірлігі қайта түлеген Барсакелмес

668 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Әйгілі Барсакелмес қорығының іргесіндегі Қаратерең ауылынан ертелете шықтық. Күн арқан бойы көтерілгенше, біз мінген көлік ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып біраз жерге ұзап кеткен. Кенет алда отырған жолбасшымыз Арман Жыл­қайдаров: «Әне, құлан!» деп саңқ ете қалды. Көлікті едел-жедел тоқтатып, жерге түскенімізше, бір үйір түз тағысы шаңдатып ұзай берді. Басын кег­жи­тіп алған айғыры бізге анадайдан осқырына қарайды. Қасқақұландағы инспектор­лар мекеніне жеткенше, саяқ жүргендері алдымыздан әлденеше рет кесіп өтті.

Тірлігі қайта түлеген Барсакелмес

Құлан жортқан құла дүз

Біз бұл сапарды жоспарлағалы біраз болған. Бірақ түрлі кедергі кес-кестеп, атағы алысқа кеткен қорыққа барудың сәті түспей жүрген еді. Осы жолы хабарласқанымызда қорық басшылары құландар жортқан құла дүзді көру мүмкіндігі келіп тұрға­нын жет­кізді. «Бірақ күн өте ыстық, құм арасы тіп­ті күйіп тұр, осыны ескерерсіз» десті. Осы­­ған қарамастан апыл-ғұпыл жолға жина­лып, келіп тұрған бетіміз осы.

Жалпы, біздің газетте Барсакелмес жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Осы жылдың басында ғана белгілі журналист Жанболат Аупбайдың «Картада жоқ арал» атты танымдық дүниесі жарық көрді. Жанболат ағаның қорықтың тарихынан тарайтын, бұрын болған, қазір тек төрт әріптен тұратын аббревиатураға ие жер туралы сөзінде осыған дейін елдің көзіне түспеген, жұрт құлағына тимеген көп мәлімет бар.

Басылымның Қостанайдағы тілшісі Нұрқанат Құлабайдың «Құба жонда құлан жор­тар күн қайда?» атты мақаласы сонау тоқ­саныншы жылдар аяғындағы пікір­талас­ты тағы бір тірілткендей болды. Сол кезең­де «бұл құлан ба, әлде домбай ма?» деген сауал айналасында ой айтқандар осы жо­лы да түйгені мен білгенін жазып жат­­ты. Тағы аңның тіршілігімен көптен та­ныс қо­рық­тағылардың бұл тарапта айтары бар екен.

Жалпы, есте жоқ ескі заманнан қазақ даласы осы аңға мекен болған. Өзге аумақты былай қойғанда оған осы өңірдегі Құланды, мына біз келе жатқан Қасқақұлан атты жер атаулары дәлел. Қазақ құланының соңғы тұяғы осыдан 90 жылдай бұрын Бетпақдалада бой көрсетіпті. Ал еліміздегі қазіргі құландар – 1953 жылы Түрікменстанның Бадхыз қорығынан Аралдың Барсакелмесіне жеткізілген 8 құланнан тараған тұқым.

– Құланда жылқыға да, есекке де ұқсамайтын бір қасиет бар. Басты ерекшелігі – бәрі бір түсті. Бір бағытқа бірдей қарайтын қасиеті және бар. Киіктің ізіне түсіп қуған көліктің алдын бір кесіп өтетінін білесіз. Сол әдет осы құланда да кездеседі. Бірақ бұлар киік секілді ашық далалықпен қашпайды. Соңына қуғын түссе, қалыңның арасымен, індікештердің ортасымен бой тасалайды. Сондай жердің өзінде сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен шабатын аңды кез келген көлік қуып жете алмайды, дейді «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директоры Хамит Қаниев.

Қазір қорықта 800-ге жуық құлан, 300-дің айналасында қарақұйрық пен отыздан асатын киік бар. Бұған қоса тек осы жерде кездесетін құм балпағы мен шағыл мысығы Барсакелместің басты байлығы саналады. Бұл индикаторлық түрлерден басқа бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі кездеседі. Бұлардан бөлек 250 түрлі құстың 33-і – «Қызыл кітап» «кейіпкерлері». Қанаттылардың 17 түрін тек осы қорықтан ғана кездестіре аласыз. Барсакелместің осы баға жетпес байлығын 15 мемлекеттік инспектор жыл он екі ай бақылап отыр. Бұл мамандар осындағы барлық мәселеге жауапты. Тіпті айдалада өрт тұтанса да бірінші жететін – осылар. Ол үшін арнаулы көлік те қарастырылған. Инспекторлардың қызметі ауылдағылар үшін де тиімді. Бұлардың қорық аумағын бақылауы күшейген сайын мал ұрлығы да азайып келеді.

Сонау 1939 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің шешімімен құрылған қорық аумағы 16 795 гектар­ болыпты. Алпысыншы жылдары теңіз тартылып, көп ұзамай жан-жағын көкжиекпен астасқан айдын қоршаған Барсакелмес аралының да бағы тая бастады. Сексенінші жылдары осындағы құландардың көбін Алтын-Емел қорығына көшіріп, аралда көшке жарамайтын кәрі-құртаңдары ғана қалдырылады. Дегенмен де шағын аралды мекендеген аң-құстың болашағын жоққа балағандардың бұл шешімі тым асығыс байлам еді. Қазір солардан тараған тұяқтың өзі 800-ге жуықтаған.

Тоқсаныншы жылдар соңында жұмбақ арал құрлықпен қосылып, ондағы аң-құс Қасқақұландағы су көздеріне келе бастады. Десе де осыған байланысты қорық аумағын ұлғайтуды сұраған табиғат байлығын қорғаушылардың ұсынысы көпке дейін аяқсыз қалып келіпті. Тіпті қорықта құланның барлығына күмән келтіре бастағандардың ойы мына бір оқиғадан кейін өзгерсе керек.

 

Тарихта қалған бейнетаспа

Жалпы, құла дүзде жортқан тағы­ның тіршілігіне қызықпайтын жан аз. Құландарды таспаға тарту үшін әлемнің әр түкпірінен асай-мүсейін арқалап келгендер көп. Бірақ көз ұшында бұлдырағанды да анық тартатын мүмкіндігі бар құралмен жеткендердің көпшілігінің жолы болмай, қанжығасы бос қайтады екен. Осыдан келіп «бұл қорықта құлан қал­мады» деген болжам жасалса керек.­ Тағы аңның бар екен дәлелдей алмай дің­кесі құрыған қорықшылар 2004 жылы қол­қа салып, жергілікті облыстық теле­арна мамандарын шақырады. Жур­на­лист Бақыт Қалдыбаева, режиссер Зина Есма­ханова, телеоператор Нұрлыбек Шах­метов Аралға жетіп, бұлардың арасынан табиғат байлығын қорғаушыларға ілескен телеоператор ғана қорыққа аттанады. Қазір «Qyzylorda» телеарнасының бас режиссері қызметін атқаратын Нұрлыбек әріптес осыдан 20 жылға жуық бұрын болған сол оқиғаны былайша еске алады.

– Ол кездегі біздің құрал-жабды­ғы­мыздың жайы да белгілі ғой. Әйтеуір, жұмыстағы соңғы үлгідегі жалғыз камера DVCAM-ды арқалап, қорыққа жеттік. Алғашқы күндердегі ізденісімізден ештеңе шыққан жоқ. Қоста жатқанымызға бір аптаға жуық уақыт өткенде ғана бір үйір құланды алыстан байқадық. Мен биіктеу төбеге шығып жайғастым да, қорықшылар екі мотоциклмен қыспаққа алып, үйірді сол төбені айналдырып қуа бастады. Сол сапар қорытындысында «Құландар аралы» деген фильм түсіріп, ол Өзбекстанда өткен халықаралық фес­тивальде үшінші жүлде алды. Бұдан да жоғарылау жүлдеге лайық туынды еді. Тек оған қазылардың «Қазақстанда, оның ішінде Қызылордада мұндай құлан болуы мүмкін емес» деген дүдәмалы кедергі болыпты, дейді ол.

Осы оқиға қорық аумағын кеңейтуге сеп болған көрінеді. Ел үкіметінің 2005 жылғы 29 шілдедегі №1162 қаулысы­мен резерват көлемі 10 есеге ұлғайып, ­
160 826 гектарға жетті. Осыдан 3 жыл бұрын Сырдарияның Кіші Арал айдынына құярлығындағы 2 300 гектарлық «Дельта» учаскесі және қосылды.

Инспекторлар тұрағына айналған Қасқақұландағы дәл осы аумақта бұрын үлкен елді мекен болған. Сан ұлттың өкілі тұрған, береке-бірлігі тасыған ауылдың алды теңіз тартыла бастаған өткен ғасырдың жетпісінші жылдары көше бастапты. «Мына тұста екі тілде оқытатын 10 жылдық мектеп болған екен. Анау қарайған – үлкен дүкеннің орны. Осында шағын мүсіндер де болатын. Қазір қай сексеуілдің түбінде жатқаны белгісіз», дейді қорықшылар. Аралда орналасқан Қасқақұланның кебін Тоқпан, Ұзынқайыр ауылдары да кешкен. Кезінде осы елді мекендердің жан-жағын алып айдын көмкеріп тұрды дегенге сену қиын. Қазір сирек кездесетін аң-құстың ареалына айналған аймақтың қожайындары – құйындай ұшқан құлан, көз ұшында жүйткіген киік, сидам сирағы жерге анда-санда бір тиіп қарасын көрсетпей кететін қарақұйрық.

– Қасқақұлан қорық аумағына берілгенше жақын маңдағы елді мекендерден келіп, сексеуіл сындыратындар көп болған. Ондайлар тыйылғасын қазір өсімдік әлемі қалыпқа түсіп келе жатыр. Шетелдік оқу орындарымен қатар еліміздегі Ботаника және зоо­ло­гия институтымен, Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда университетімен, Ақтө­бедегі Қ.Жұбанов университетімен бірлескен ғылыми жұмыстар қолға алынуда. 2000 жылдан бастау алатын табиғатты қорғау мақсатындағы республикалық «Парктер шеруі» акциясын Арал өңірінде біздің қорық жүргізіп келеді, дейді «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РММ бөлім басшысы Арман Жылқайдаров.

Құланға қайта оралайықшы. Мамандар бұл аңды қолға үйрету мүмкін емес екенін айтады. Індете қуғанда жуасығандай кейіп танытып, сәл тынығып алған соң бұла мінезін қайта табатын көрінеді. Қорықтағылар мынадай бір оқиға айтты: осыдан төрт жыл бұрын Барсакелмеске Торғай даласындағы «Алтын дала» табиғи резерватына құлан алып кетуге Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы мен шетелдік ұйымдар өкілдері келіпті. Әуелгіде суат басына қос тігіп, тағы аңдарды бақыламақ ниеттері орындалмаған олар бір аумақты қоралап, құландарды соған қамап ұстамақ болады. Әупірімдеп жүріп әрең қамаған тағының 2 метр 10 сантиметрлік биіктіктен еркін секіріп кеткенін көрген шетелдік мамандар таңдана бас шайқады деседі. Табаны күректей 3 ай жүргенде 3 құлан ұстап, кейін қайтса керек.

Жалпы ашылғанына көп бола қой­ма­ған «Алтын дала» табиғи резерватына жет­кізілген аңдарға қару кезегендер де кез­десіпті. Ал тарихы терең Барсакелместе он­дай оқиға болған емес. Бұл – әуелі осы аумақты кезіп жүретін мемлекеттік инс­пекторлардың тынымсыз еңбегінің арқа­сы. Тағы бір себеп – жер мойнының қашық­тығы. Қиянда жатқан Қасқақұланға екі­нің бірі жүрегі дауалап келе бермейтіні анық.

– Ең үлкен себеп – бұл аңның есекке ұқсастығы. Осы уақытқа дейін «құланның етін жепті» дегенді естіген емеспіз. Бұл да есек сияқты ақырады. Таң алдында суатқа құлағандағы дауысы бізге жетіп жатады. Басқаны білмеймін, өз басым оны киелі санаймын. Құлындайтын кезі жақындағанда жұрт көзінен жырақтап, теңіздің ұлтанына немесе баяғы Барсакелмеске тартады. Өте күшті, айлакер аң. Осы маңда жайылып жүрген жылқыларға тиісіп, айғырын шайнап, үйірін қуып кететін кездері де болған, дейді мемлекеттік инспектор Сабырхан Тұрниязов.

Қасқақұландағы су көздерін ара­лау­ға шықтық. Алдымыздан пыр­-пырлап бұлдырықтар ұшады. Қорық маман­да­ры­ның айтуынша, кейінгі жылдары бұлар тым көбейіп кетіпті. Қыста осы қалың жынысты кекілік келіп паналайды. Алыстан шіл шақырады. Қалың сек­сеуілдің арасы – қыз-қыз қайнаған тір­ші­лік. Ал менің ойымнан жаңағы инспектор Сабырханның сөзі кетер емес. Баяғы бала кезден батырлар жырынан жаттаған «Көл­ден тартты борықты, құланнан атты қодық­ты» деген жолдар еске түсті. Сірә, жел­ден жүйрік құланға жебе жетпесін сез­ген бабаларымыз жануардың қодығын көз­деді ме екен? Неге бұлай деді екен, ә?..

 

Экотәрбиенің орны бөлек

– Оң қапталдағы сексеуілдің түбінде бір үйірі тұр. Сәл сол жағында тағы екі-үшеуін көріп тұрмын, дейді далаға дүрбі салып тұрған күзет бөлімінің басшысы Ғалымжан Базарбаев.

Қорықтағылар қиядағыны көретін қырағы екен. Біз жаңағы айтқандарын сәлден кейін ғана байқадық. Жалпы, мұндағы бес бағыттан тұратын ғылыми жұмыстардың бастамасы оқушылар мен жастарды қоршаған ортаны құрметтеуге үндеуден басталады. Оқушыларға эколо­гия­лық білім беру бағытында мектептерде, оқу орындарында түрлі кездесулер ұйым­дас­тырылады. Жыл сайын өткізілетін «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы аясында «Құстар күні», «Жасыл желек – жер­дің көркі», «Қызғалдақтар күні», «Жер күні», «Табиғатты қорғау – парыз» атты іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылады. Меке­ме­нің экологиялық ағарту жұмыстары нәти­жесіз емес. Қазір Арал қаласы мен ауылдарда ауласына жасыл желек отыр­ғыз­ғандардың қарасы молая бастаған.

Экологиялық апат аймағында орна­лас­қан әлемдегі жалғыз қорық саналатын Барсакелмес талай теперішті бас­тан кешті. Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дары «болашағы бұлыңғыр» деген жалғыз ауыз байламмен мұндағы құлан­дарды көшіріп жібергенде қалып қой­ған 2-3 үйірден тараған тұяқты қорық­­тың құрлықпен қосылуы сақтап қалды. Ал 1993 жылдың қатты қысында қатары селдіреп қалған киіктер де қазір қалып­ты өсіп келеді. Қорық ашылғанда болып,­ кейін біраз уақыт көрінбей кеткен қара­құй­рық та екімыңыншы жылдардан бері Қызылдың құмынан бері ауып, қазір бұл маңды тұрақты мекендейді. Басы 300-ге жуықтағанмен өзі тіршілігі жұм­бақ, көзге көп ілінбейді. Лақтайтын кезі жақын­да­ған­да баяғы Барсакелмес аума­ғы­на бой таса­лап, төлі әбден аяқтанғанда ғана төбе көр­сетеді.

Жалпы, қорықтың сексеуілді-орманды 60 528 гектар алқабында 298 түрлі өсімдік флорасы бар. Борщов қызғалдақтарын, Қандым бұтасын, бұйырғын, жусан, адыраспан, итсигек секілді сортаң жерге бейім өсімдік түрлерін тек осы жерден таба аласыз. Мамандар кейінгі жылдардағы қуаңшылық резерват аумағындағы осындай өсімдіктер флорасына әсер етіп отырғанын айтады.

90 жылға жуық табиғат байлығын аман сақтап келе жатқан Барсакелмес 2020 жылы «Елім-ай» сыйлығының «Ең үздік қорық» аталымын иеленді. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының әлемдік жүйесіне енді.

Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құярлығындағы 2 300 гектар жер де қазір қорық аумағында. Мемлекеттік инспекторлар мұндағы қалың қамыс арасында құстардың жұмыртқа басып, балапандарының қанаттанып кетуін қадағалайды. Қалың арасында сыбдырын сездірмей жортатын жабайы шошқа да – осында.

Қорық БҰҰ, халықаралық Аралды құт­қару қоры, «Шөптер тамыры» бағ­дар­ламасы, ЮНЕСКО-ның «Адам және био­сфера» бағдарламасы, Қазақстан био­алуантүрлілігін сақтау ассоциация­сы­ сияқты ұйымдармен ұдайы тығыз бай­ланыста жұмыс істеп келеді. Түрлі бағ­дар­ламалар арқылы бірнеше жылдан бері тар­тылған теңіз табанына сексеуіл егіліп, алып айдын орнына шыққан өскіндер құм боранының айналаға тигізер әсерін азайт­­­­қаны белгілі. Жуырда ЮСАИД даму агенттігі мен Аралды құтқарудың халық­аралық қоры осындай алқаптарды суару үшін теңіз ұлтанынан таза судың көзін тапты. 700 метр тереңдіктен шығып тұр­ған­ тұщы су ұңғымасын барып көрдік. Қорық­шылар алдағы уақытта су іздеген аң мен құс осы маңға үйірсектейді деген үмітте.

Қасқақұланнан қайтып келеміз. Екі күнгі сапар жүргізуші Наурызбек Өтеулиевті шаршатпаған секілді. Қара жол­дан көз айырмаған күйі әркімге қал­жың айтып, сергек екендігі көзге ұрып тұр. Тоқпан ауы­лы­ның жұртына жақындап қалғанда құлан­ның­ тағы бірі алдымызды кес-кестей берді. Инспектор Нұрлан Ілия­сов­ бұрын көзге түспейтін дөңгелек тұяқ­­тының қа­зір көп үрке қоймайтынын айта­ды. Ана бір бұтаның түбінен қоян ырғы­ды. Жолға жақын өскен сексеуілдің басына жайғасып алған ешкіемер «сен­дер­ді қайдан көріп едім?» дегендей сығы­рая тесіледі. Қазыналы қорық көз қызық­тырып барады. Фототілші Арғын Алпыс­баев фотоаппаратын сайлап, сыралғы аңшы­дай әзір отыр.

Бізге барынша жақындаған Барса­кел­местің осы қисапсыз байлығының баға­сы­на­ жетіп, кейінгілерді де соған баулысақ қой. Тұмса табиғаттың қадірін білетін әр қорық­шының көкейіндегі ой – осы.