Қоғам • 08 Тамыз, 2023

Сынаққа айналған сынап

222 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұра өзенінен табылған сынап су жағасындағы жұртқа үлкен сынақ болып тұр. Бұл жолы экологтер сынапты ана сүтінен тапқан. Әңгімені әріден қозғасақ, 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нұра өзенін «әлемдегі ең ластанған су айдыны» деп тапқан болатын. Тіпті өзеннің төменгі жағында орналасқан елді мекендер, ауыл шаруашылығы жерлері, ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған кезеңде болған. Содан бері, міне, өзен жағасындағы жұрт сынабы бар суды ішуге, оны шаруашылыққа пайдалануға мәжбүр.

Сынаққа айналған сынап

Сала мамандары сынапқа сал­ғырт қарамауды қатты ескертеді. Зияны сол, адамның жүйке тал­шық­тарын тікелей зақымдайды екен. Мұның, әсіресе әйелдер мен бала­­лардың денсаулығына қаупі аса­ зор. Балалардың ақыл-ойын те­жей­­тінін және айтады.

– Қазақстанның Ұлттық гид­ро­­­­ме­­тео­рологиялық қызметі 2019 жылы­ және одан кейінгі жылдары­ да өзенде сынаптың көбейіп кет­кенін ресми хабар­лады. Суды адам ішеді. Сынап қазір адам шашы мен ана сүті­нің құрамында да бар екенін анық­тадық. Нұраның суымен тұр­ғындар жазда бау-бақшасын суға­рады, төрт түлік малы да сол суды ішеді. Өзеннен балық аулап жейтін жұрт бар. Желіде де дабыл қағып жатырмыз. Үкімет бұл мәселеге шындап назар аударуға тиіс. Әйтпесе, тек жергілікті билік шеше салатын дүние емес екеніне көзіміз анық жетіп отыр, дейді эколог Дмитрий Калмыков.

Өзен маңында тұратын жұрт­шы­лық бұл мәселені ашық айтудан шаршап, тіпті биліктің қайран қыларынан күдер үзген. Жағдайы кел­гендер бұл маңнан көшіп те жатыр. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, өзенде ескі коллектор бар көрінеді. Коллектор – кәдімгі қажет суды қабылдап, сыртқа бағыт­­тайтын арнайы құбыр. Көп жыл­дар топырақ астында сіңіп қалған сынап осы коллектор арқы­лы өзенге құйылып тұрған. Облыс­тық Экология департаменті Нұра өзеніндегі мәселені шешу үшін коллекторды алып тастау керек екен айтады. Яғни бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралу қажет деген тоқтамда.

Иә, «Нұраға сынап қайдан кел­ді?»­ деген сұрақ заңды. Кеше Кеңес өкіметі кезінде Теміртау қаласындағы «Карбид» химиялық зауыты Нұра өзеніне тонналап сынап төгіп, оны ластап тастаған-тын. Синтетикалық каучук өндіретін бұл зауыт жұ­мыс істеген 47 жыл ішінде өзен­ге 1 500 тоннадан аса сынап шөгін­ді­сін қалдырған. Сынап­ты каучук өнді­рісінде хи­мия­­лық реакцияның ката­ли­за­то­ры­ ретінде пайдаланған. Ол кез­де жұрт­тың денсаулығын қада­ға­лаған кеңестік денсаулық сақтау меке­мелері мұндағы елдің аман­ды­ғын анық «елемеген» екен.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, Үкімет мәселеге мән беріп­ті. Нұра өзенін сынаптан тазарту үшін халықаралық банктен 130 млн доллар қаражат алған. Өзенді эко­ло­гиялық тазарту кезінде 3 млн текше метр қалдық шығарылып, арнайы полигонға көмілген. Бірақ нәтиже жоқ.

2013-2014 жылдары жергілікті экологтер прагалық «Арника» қоғамдық бірлестігімен бірігіп, Нұраның бойында зерттеу жұмыс­та­рын қайта жүргізді. Зерттеу нәти­жесі сынаптан өзеннің жағасы ғана тазарғанын, ал су түбіне тазарту жұмыстары жасалмағанын айғақтады. Сарапшының айтуынша, өзен суы мен топырағынан алынған сынамаларды Прагадағы химия­лық технологиялар институты талдаған. Зерттеу нәтижесі өзен­ түбіндегі құм мен алты түр­лі топырақ сынамасынан сынап­тың жоғары мөлшері (10 мг/кг) анық­тал­ғанын көрсеткен. Ең жоғары көр­сеткіш (177 мг/кг) зауыттың төменгі жағындағы Қызыл жартас ма­ңында тіркелген. Осылайша, өзен­нің өн бойында сынап деңгейі айтарлықтай артып отыр. Мұның кесірі, әрине, жергілікті халыққа тиіп отыр.

– Су алсақ, одан қоймалжың зат­ көре­міз кейде. Бізді қойшы, бала­­­ла­ры­мыз бар емес пе? Олар­дың­­­ бола­ша­ғына алаңдаймын. Ту­­ған жерден қоныс аудара салу оңай­ шаруа емес, – дейді аты-жө­нін­ атамауды сұраған Тегісжол ауы­­лы­­ның тұрғыны.

Қазір Нұраға тонналап сынап төк­­кен химиялық зауыттың орнында Теміртау металлургиялық ком­би­наты жұмыс істеп тұр. Бұл ком­бинат коллектордың орнына жаңа тазарту қондырғысын орнатуды көздейді. Алайда ресми би­лік кәсіпорынның қалдық суын қай­да төгетіні жөнінде нақты рұқ­сат­ бермей отыр.

Өзені де, кезеңі де кірлеген жер­гілікті жұртшылықтың көңілі осы­лайша күпті...

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»