– 2011 жыл. 3-курсқа енді көшкен уақытым. Әдеттегідей ауылға, ата-әжеме жол тарттық. Кенет жарық жылдамдығындай уақытта апат болып, қатты екпіннен көлік жол жиегіне шығып, тоқ жалғанған бағаналарға соқтығысты. Соққыдан кейін бағана құлады. Далада жаңбыр жауып тұр. Негізі мен апаттан аман қалдым, бірақ көліктен түскенде электр сымдарын басып кетіппін. Аяғымды ток ұрды. Ауылға жеткізілгеніммен, дер кезінде көмектесетін тәжірибелі дәрігерлер болмады. Оның үстіне демалыс күндері, тек 2-3 күннен кейін ғана мені қалаға жеткізді. Дәрігерлер аяғымды аман алып қалуға тырысты, алайда мүмкін болмады. Олар шіри бастап, гангрена пайда болып, бүкіл денеме тарай бастаған екен. Кейін мамандар анама тез арада аяғымды кеспесе, бір аптадан кейін қайтыс болып кетеді деп жеткізді. Мүмкін ертерек келгенімде, аяғымды аман алып қалуға болатын ба еді...Қатты қиын болды. Жыладым. Неге мен? Неге маған? Ол кезде небәрі 20 жастағы қызбын ғой, – деп Айсұлу көз жасын сүртті.
Бірақ сол қаршадай бойжеткен тағдырдың тауқыметін көтерді. «Бір Алланың маңдайға жазғаны» деп ауыртпалыққа қабырғасы қайыспады. Езілсе де, еңсесін түсірмеді. Оған ет жақын туыстары демеу болды. Күн-түн демей, жаралы жанның жанынан бір сәт алыстамады. Тіпті нәзік болмысы артында жасырынған қайсарлығының арқасында оқуын тастамай, ауруханада дәрістерін онлайн жалғастырды.
– Оқуымды аяқтаймын деп шештім. Бұл жағдайдан қашып кете алмайтынымды да түсіндім. Сондықтан басыма түскен істі қабылдадым. Өмір әрі қарай жалғасатынына сендім. Әрине, ол бұрынғыдай тез өтпейтінін де білдім. Менің барлық мықты қасиеттерім анамнан дарыған секілді. Осы жағдай болғанда анам әлсіздік танытпады. Маған үнемі «бәрі жақсы болады» деп қайталайтын. Сол кезеңдері де, қазір де менің жанымнан табылады. Осы қиын-қыстау кезеңде бір рет те өзінің көз жасын маған көрсеткен жоқ. Тек маған күрделі ота жасалып, аман қалғанымды естігенде бір рет көзіне жас алды. Әрине, менің қасымда осындай мықты тұлғаның бары маған үлкен күш сыйлайды. Протезге үйреніп, жүре бастадым. Оқуымды сәтті аяқтадым. Дипломымды алдым. Одан кейін тұрмысқа шығып, 2013 жылы ұлды болдым. Баппен, өмірім жалғаса берді. Қазір менің кішкентай қолдаушым, тірегім ұлым бар. Бірақ өзара белгілі бір жағдайға байланысты жолдасыммен ажырастық. Баламды балабақшаға өткізіп, өзім жұмыс іздедім. Бірнеше мекеме менің денсаулығымды білген соң, жұмысқа алмады, – деді ол.
Жігері жасымаған Айсұлу «Қазақмыс» корпорациясына түйіндемесі мен өз денсаулығын ашық баяндап, хат жазады. Кейін бір айдың ішінде шақырту алып, осы кәсіпорында IT саласына жұмысқа қабылданады. Бұл компания оған біраз мүмкіндік сыйлап, адам, тұлға ретінде қалыптасуға септігін тигізген. Сол Астанаға көшіп келген жылдары Паралимпиада орталығы оны да жаттығуға шақырады.
– Орталықтан «Сенің мүмкіндігің бар» деп қайта-қайта шақырды. Бірақ мен ол кезде дайын болмадым, тек бір жылдан кейін ғана бардым. Осылайша, паралимпиадашылар қатарына қосылдым. Орталыққа неге бір жыл бұрын бармағаныма өкіндім. Орталықта маған барлығын көрсетіп, түсіндірді. Кейін ол менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Волейболмен айналысқаныма 5 жылдай болды. Бірақ Қазақстан құрамасының қатарына қосылу мен үшін арман еді. Себебі мен тек өзім үшін, тәнімді саулықта сақтау үшін ғана баратынмын. Алайда биыл Қазақстан паралимпиадашыларының құрамына қосылдым. Менің қуанышымда шек болмады. Тынбай еңбектенгеннің арқасында осындай мүмкіндікке ие болдым, – деді кейіпкеріміз.
Осылайша, 12 жыл бұрын екі аяғынан айырылған Айсұлу Сүлейменова қазір Паралимпиада құрамасында жаттығады. Одан бөлек, жүгіру спортымен де айналысады. Аптасына
3 рет тұрақты түрде шынығады. Оның айтуынша, бұл саланың да өзіндік проблемалары бар. Мәселен, әр жарысқа бару үшін демеушілерді, қаржы мәселесін паралимпиадашылардың өздері ойластырып, реттейтін көрінеді. Тіпті кейде спортшыларды тасымалдайтын көліктің де болмайтыны қынжылтады деп отыр.
– Паралимпиада ойындарынан тікелей эфир көрсетілмейді. Биыл ғана біздің ойынымызды бір-ақ рет көрсетті. Ұлдар командасы бар. Оларды жиі көрсетіп жатады. Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлері көп. Бірақ бізде олай емес. Көрермендерді көбінесе өзіміз шақырамыз. Бұл проблеманың негізі меніңше, сол елдегі БАҚ-тан мейлінше насихатталмағандықтан болар. Егер ол үнемі насихатталатын болса, бізді қолдайтын жандар көп екеніне сенімдімін, – деді Айсұлу Сүлейменова.
Биыл паралимпиадалық Азиада ойындары өтеді. Айсұлудың ендігі арманы – чемпион болу. Алдағы ел чемпионатына, халықаралық жарыстарға қатысуға ниетті. Жалпы, спорт физикалық қана емес, адамның эмоционалдық көңіл күйіне оң әсер етеді. Сол себепті спортпен үнемі шұғылдануға тырысамын дейді.
– Барлық дүниеге тек позитивпен қарау керек. Болып кеткен дүниені өзгерте алмаймыз. Сондықтан оған бас ауыртып, уайымға салынудың қажеті жоқ. Шешімі болмаса, кез келген жағдайды қабылдау керек. Барлығымыз адамбыз. Сондықтан көңіл күйдің құбылып тұруы заңды. Маған тоқтауға мұрша бермейтіні – менің арман-мақсаттарым. Ұлым өсіп келеді. Жанымда әке-шешем бар. Сондықтан мен қол қусырып отыра алмаймын. Шабытты мен қазір жасап жүрген дүниелерімнен аламын. Бар болмысымды ешбір боямасыз көрсетуге тырысамын. Өмірді қатты жақсы көремін. Қазір көп нәрсе өз қолымызда. Ең бастысы, ниет болу керек. Ал даму үшін барлық тетік бар, – деп кейіпкеріміз сөзін түйіндеді.