Бизнес • 08 Тамыз, 2023

Жас кәсіпкерге жан-жақты қолдау

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін 5 796 адамға шағын несие беру жоспарланған. Осыған орай жеңілдетілген микрокредит алуға 5,1 мыңнан астам өтініш түсті.

Жас кәсіпкерге жан-жақты қолдау

Микрокредит алуға өтінім берушілердің дені Түркістан, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жетісу облыстарынан екен. Конкурс­тық комиссиялардың шешімімен 3 169 жоба мақұлданыпты. Оның ішінде 2 385-ін іске асыруға кредит берілген. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.

Жалпы, 5 млн теңге көлеміндегі микрокредит кез келген мақсатта 5 жылға немесе мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Кепілмен қамтамасыз ету міндетті. Бұл ретте жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Егер кепілмен қамтамасыз етуші болмаған жағдайда кепіл беруші ретінде ата-аналарын, туыстарын, тағы басқаларын тарту құпталады.

Сондай-ақ қатысу­шы­лардың жасы еске­рі­леді. Шарт бойынша 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұған қоса микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріледі. Ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Бүгінде өтінімдер барлық облыста, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылданып жатыр. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжат, жоба бо­йынша бизнес-жос­пар, шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама, кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде), үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыс­тарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме), кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп, кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар болуы маңызды.

Үміткерлер арнайы комиссияның отырыс­тарында өздерінің бизнес-жобаларын таныс­тырады. Осылайша, микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар, өміршең болуға тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.