Танкистер салмағы әлденеше тоннаны құрайтын шынжырлы машинамен су кедергілерінен кідірмей өту алгоритмін үйреніп жатыр. Су ішінде қозғалу үшін танктер жауынгерлік машинаға ауа беретін арнайы жабдықтармен қамтылған.
Танкпен суға түсер алдында люктер арнайы су өткізбейтін жабдықтармен тығыздалып жабылады. Оқпанның аузына да өзінің қақпағы кигізіледі. Саңылаулар мен тесіктер арнайы су өткізбейтін майлағышпен өңделеді. Дизайн ерекшеліктеріне байланысты Т-72 танкі су астында бес метр тереңдікте бір шақырым қашықтықты жүріп өтуге қабілетті.
– Экипаждар жеңіл сүңгуірлік дайындық курсынан өтті. Олар осылайша төтенше жағдайда дұрыс және сенімді әрекет етуге дағдыланды. Танк суға батқан жағдайда экипаж екі сағатқа дейін ауа қоры бар ИП-5 оқшаулағыш тыныс алу құрылғыларын және құтқару кеудешелерін пайдаланады. Біздің танкистер жаз бойы машинаны су ішінде жүргізудің тәжірибелік дағдыларын жетілдірді, – дейді 12740 әскери бөлімінің командирі, подполковник Дәулет Секенов.
Жүргізуші механик үшін көлікті су ішінде айдау оңай жұмыс емес. Танк азимут көрсеткішінің нұсқауы бойынша жай маневрмен жүруі керек. Бұл жағдайда жүргізуші механик су астында тоқтап қалмас үшін қозғалтқыштың айналу жылдамдығының тұрақтылығын бақылауы маңызды.
Құтқару-көшіру құралдарының экипаждары жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, судағы танкті жіті бақылап отырады. Тосын жағдайда олар әскери қызметшілер мен жауынгерлік машинаны құрлыққа эвакуациялайды.