Қоғам • 08 Тамыз, 2023

Құрық портынан – Парсы шығанағына

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Abu Dhabi Ports компаниясымен (Simatech Shipping & Forwarding атындағы AD Ports Group бөлігі саналады) бірлескен кәсіпорынды іске қосу Қазақстанға Парсы шығанағы, Таяу Шығыс, Пәкістан, Үндістан және Шығыс Африка жағалауындағы елдер нарықтарына елімізден экспортталған жүктерді жеткізудің ең қысқа тікелей жолын құруға мүмкіндік береді.

Құрық портынан –  Парсы шығанағына

Оны құру перспективаларын өткен аптада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және Simatech Shipping & Forwarding (ADP тобына кіреді) басшысы Давуд Тафти талқылады.

Негізгі міндет – Қазақстандағы Құрық портынан Парсы шығанағы елдеріне Әмірабад және Бендер-Аббас (Иран) порттары арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізу. Жаңа бағыт отан­дық экспорттаушыларға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашпақ: үш күнде Иран арқылы Әмірабад, Бендер-Аббас, Бендер-Хомейни, Чабахар порттарына, БАӘ-лік Халифа, Фуджейраға және әрі қарай Үндістан, Пәкістан, Қиыр Шығыс, Африканың шығыс жағалауындағы барлық портқа жол ашады. Бұл ретте басқа тауарларды еуропа елдеріне жеткізу мүмкіндігі де  қарастырылуда.

Кездесу барысында тараптар әрі қарай Парсы шығанағы елдеріне транзит жасауға мүмкіндік беретін Каспий теңізі арқылы Иран Ислам Республикасына жүк­терді жеткізу маршруттарының нұс­қа­ларын талқылады. Simatech Shipping & Forwarding компаниясының CEO-сы Давуд Тафтидің айтуынша, компания әрқай­­сы­сы 7 500 тонна жүк көтеретін 4 кеме сатып алған. Кемелердің судағы терең­дігі – 6 метр, олар үйінді, контейнерлік, сондай-ақ негізгі жүктерді тасымалдауға қабілетті. Қазіргі уақытта кемелер – Әмірабад портында (Иранның Бехшар округінің солтүстігінде) орналасқан. Алдағы 2 жыл ішінде компания осындай 10 кемені жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жақында компания 45 жүк көлігін және әрқайсысы 350 жүк көлігін тасымалдауға қабілетті екі баржаны сатып алды. Алдағы 4 айға арналған жоспарда жүк автопаркінің санын 200-ге дейін, болашақта 1 000-ға дейін жеткізу тұр.

Құрық (Қазақстан) және Халифа (БАӘ) базалық порттар болады. Бұл екі порт барлық қажетті инфрақұрылыммен және техникамен қамтылады. Сондай-ақ компанияның жүктерді біріктіру және қайта жинау үшін екі құрғақ пор­ты бар. Мұның бәрі қазақстандық экспорт­таушыларға Ираннан 2-3 күнде өтуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы сәуір айында Премьер-Министрдің Иранға сапары барысында Құрық пен Әмірабад порттары арасындағы тасымалдарды дамыту туралы келісімге қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында осы порттарда астық терминалдары үшін инфрақұрылым салу жұмыстары аяқталуда.

Simatech Shipping & Forwarding – Парсы шығанағындағы жетекші кеме басқарушы компания. Оның үлкен флоты бар, Ираннан араб елдеріне, Үндістан, Африка және Қытайға жүк тасымалдау­мен айналысады. Компанияның араб елдерінде бірқатар коммерциялық порты мен терминалы бар.