Фото: Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайты
Жетісай ауданының Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық шағын ауылында орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Абылаев 20 млн теңге жеке қаржысын өзінің балық шаруашылығына салып, дөңмаңдай, амур, сазан секілді балық түрлерінің 1 млн 300 мың дана шабағын алып келген екен. Ұзындығы - 250 метр, ені - 180 метр болатын 3 бассейнде өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы - 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Мамандардың айтуынша, шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, еліміз бойынша жасанды балық өсіруден көш бастап тұрған Түркістан облысында 104 су айдыны бар. Олардан бөлек 4 халықаралық, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысады. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылған екен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған еді. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді», деді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.
Мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған Түркістан облысының балық өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып жатыр.