Әдетте, Катонқарағайға ат басын бұрған ел әуелі Рахман көлін көруге асығады. Одан ескі Аустрия жолына шығып, мүмкін болса, Марқакөл асып кетеді. Қаракөл, Көккөл, Мұзтауды бетке алатындар да аз емес. Ендігі кезекте табиғатқа тамсанып келген меймандар атқа қонып, Топқайың ауылының тұсынан тау асып, Алтайдың қойын-қолатын аралауға мүмкіндік алып отыр. «Орман жолдары» атты бұл жаңа бағыттың лентасы да салтанатты түрде қиылды.
– Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен Қазақстандағы ең ірі табиғи парктердің бірі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жаңартылған «Орман жолдары» туристік маршруты ашылды. Бұл жолдың әдемілігі өз алдына, тарихи тұстары да бар. Сонысымен де туристерді тартады. Жаңа бағыт туризм саласына жаңа күш, тың серпін берсін, деп тілегін айтты аудан әкімі Ділдар Қалиханұлы.
Байқасақ, кейінгі жылдары Қазақстанда ішкі туризмге деген үлкен қызығушылық бар. Әсіресе, ұлттық саябақтар экологиялық туризмді дамытуда басты рөл атқарып келеді. Жалпы, Қазақстанда 14 ұлттық саябақ болса, былтыр парктерді 2 миллионға жуық турист аралаған екен. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары.
Катонқарағай ұлттық паркінің аумағы 643,477 гектарды құрайды. 2017 жылдан бастап Катонқарағай ұлттық паркі Қазақстан-Ресей трансшекаралық биосфералық резерват ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 680 шақырымнан асатын 10 туристік маршрут пен төрт соқпақ бар. Ал 2022 жылы Катонқарағай ұлттық паркіне 7 мың 61 адам келген.
– Климаттың жылдан-жылға құрғап бара жатқанын ескере отырып, Алтайдың таулы, орманды аймақтарын қорғауды күшейтіп жатырмыз. Экологиялық маршруттарды ашудағы мақсатымыз да сол, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне зиян келтірмей, табиғаттың бірегей бұрыштарын меймандарға көрсету, дейді Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрамбеков.
«Орман жолдары» бағыты басталар тұсқа ұлттық парктің биологиялық әртүрлілігі туралы ақпараттар, навигациялық белгілер орнатылды. 20 шақырымнан асатын маршрутты жаяу соқпақпен жүріп өту үшін шамамен бір-екі күн қажет.
Айта кетсек, БҰҰ Даму бағдарламасы жылдар бойы биологиялық әртүрлілікті сақтау және елдегі аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету шараларының бірі ретінде экологиялық туризмді дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Табиғи аймақтардағы туристік маршруттар мен соқпақтарды жүйелей отырып, саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп ғана қоймай, табиғатқа төнетін қауіп-қатерлерді азайтады. Бұл дегеніміз – ең әуелі өрт. Сонымен қатар қоқыс тастау, өсімдік әлеміне зиян келтіру деген секілді әрекеттердің алдын алады.
– Болашақ ұрпақ үшін табиғат пен адамның тепе-теңдігін сақтауымыз керек. БҰҰДБ ел экономикасы үшін экологиялық туризмнің маңыздылығы мен әлеуетін түсіне отырып, осы саланы дамытуға жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Мұндай қолдаудың әртүрлі нысандарының қатарында озық тәжірибелер мен жалпыға танылған халықаралық стандарттарды ескере отырып, экологиялық туризмнің заңнамалық базасын жетілдіру, сараптамалық және әдістемелік көмек көрсету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін экотуризмді дамыту стратегиясын әзірлеу, туристік маршруттар мен жаяу жүргіншілер жолдарын ұйымдастыру, ЕҚТА-да «жасыл» бизнесті дамыту үшін күш саламыз, – деді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Кейінгі 14 жылда БҰҰДБ қолдауымен 8 жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылып, үшеуінің аумақтары кеңейтілген екен. Сондай-ақ парктердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, БҰҰДБ жобасы аясында Ғаламдық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен Катонқарағай ұлттық паркіне жол талғамайтын көліктер, радиотехника, орман өрттеріне қарсы шағын кешендер, квадрокоптер, фотоаппарат, қар барысын бақылауға қажетті құрал-жабдықтар берілді.
Сөйтіп, жаңа бағыттың лентасы қиылған соң іс-шараға жиналған меймандар мен БАҚ өкілдері атқа қонып, 20 шақырымды жүріп өтті. Жолай Кеңес өкіметі кезінде істеп тұрған кен орнын көріп, таңдай қағысты. Қариялардан естігеніміз бар, мұнда соғыс жылдары қорғасын өндірген екен. Біз бет алған аңғар жайылған кілемдей қызылды-жасыл гүлмен көмкеріліп жатты. Рас, асты кеніш, үсті пейіш Алтай тауының бүккен сыры шексіз. Бұдан былай Катонқарағайға келген турист бұл бағытта сапар шегіп, Алтайдың адам аяғы сирек басқан тұсын аралай алады.