Қоғам • 09 Тамыз, 2023

Құрамажем өндіруді қолға алды

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде төрт түлік мал азығын әзірлеуге арналған цех ашу жұмыстары мықтап қолға алына бастады. Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылындағы «Жан» шаруа қожалығының жетекшісі Жанай Сартаев бүгінде құрамажем өндіру жұмысын жандандырып отыр.

Құрамажем өндіруді қолға алды

Шаруа қожалық басшы­сы­ның айтуынша, өзі ашқан цех­та мал мен құсқа арналған азықтың 12 түрі өндіріліп жа­тыр.­ Құрамажемді өндіру үшін Ж.Сартаев бидай, мақсары, арпа және өзге дәнді дақылдарды пайдаланады екен.

«Мен 18 жылымды сыртта­ өт­кі­з­­ген азаматпын. Ақкөл ауы­­­лына келгелі мал азығын да­­йын­­даудың маңызы зор еке­нін­ аңғардым. Өйткені жергі­лік­­ті шаруалар мен көршілес ауданның малсақ азаматтары тарапынан сұраныс бар екені байқалды. Құрама­жемнің ірі-қараға, қойға, тауыққа арналған түрлерін шығарып жатырмыз. Бұл отбасылық бизнес болғанымен, қосымша жұмыс күші керек екенін сезі­ніп отырмыз. Алайда қара жұмысшы­лар­ды табу мәселесі қиындап тұр», дейді Ж.Сартаев.

Ақкөлде кәсіпорын ашып, талмай тер төгіп жүр­ген аза­мат­тың айтуынша, жұмы­сын­ жолға қою үшін «Даму» банкі­­нен қомақты қаражатты несие­ге алыпты. Құрамажем өнді­ру маусымдық жұмыс бол­­ғандықтан, несиені төлеу ай­тар­­­лықтай мәселе туындата­тын көрі­неді. Өйткені банк­ тарапынан каникул қарас­ты­рыл­маған.

«Тәуекелке бел байлаған соң жұмысты жоспарға сәйкес іске асыру керек. Бұл, әрине, оңай емес. Осы уақытқа дейін 35 млн теңге салдым. Бір жақсысы аудан әкімдігі қуат­ты­лығы 65 кВт болатын трансформатр орнатып берді. Ал өзім әрқайсысы 2,5 млн теңге тұратын үш аппарат алдым. Әлбетте, отбасылық биз­нес болғандықтан бұл жұмыс­ты игерудің өзіндік қиын­дық­та­ры бар. Қазір қосымша екі жұмыс­шы керек. Алайда қара жұмыс­ты­ атқаруға ниетті азаматтарды тап­пай дал болып отырған жайы­мыз бар», дейді ол жағдайды түсіндіріп.

Ж.Сартаев келтірген дерек­тер­ге сенсек, құрамажем өнді­ру­ден бөлек, 1000 тоннаға ар­налған сақтау қоймасын жа­сақ­тап қойған. Оның айтуынша, кейінгі жылдары көр­ші­ аудандардың шаруалары да «Жан» шаруа қожалығы өндір­ген өнімге қызыға бастаған. Кәсіп­кер өткен жылы 670 тонна құра­мажем сатыпты. Жалпы ал­ғанда өнімнің өткерілу көр­сет­кіші жыл өткен сайын арта түс­кен.

«Ақкөл ауылындағы тозған ғимаратты сатып алдым. Бүгінгі таңда екі қабатты сол мекемені қайта қалпына келтіріп жатырмын. Бұл ғимаратты арт спорт түрлеріне немесе балаларға арналған түрлі үйірме үйі ретінде пайдалануға барлық мүмкіндік бар. Әлбетте, жергі­лік­ті атқарушы билік ғимаратты мемле­кеттік меншікке қай­та­руға ниетті болса, өзім жұм­саған қоса есептегендегі құнына сатуға дайынмын. Қарау­сыз қалған мекеме ел игілігіне жараса деген тілек көкейде атойлап тұр. Жеке шаруа қожалығым бар. Ауылдың көркеюі мен өркендеуі үшін қол­дан келгенше демеушілік жа­сап жүрмін. Атқарған жұмыс­­­тарымның барлығына 100 млн теңгенің шамасында қара­жат жұмсаппын. Шыны керек, аз тірлік тындырған жоқ­пын. Алайда өңір билігі тара­пынан мақтау қағаз да алып көрмеппін. Кейде санада еңбе­гі­­мізді елеп қойса деген ой да қы­лаң береді», дейді ол.

Құрамажем өндіру ісін қолға алған Ж.Сартаев алдағы уақытта жұмысын жандандыра түсуге ниетті. Ол жұмысшы күшін арттыру арқылы өнім көлемін ұлғайтуға құлшынып отыр.