Ғылым • 09 Тамыз, 2023

АҚШ бағалаған қазақ қызы

2200 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бір қолымен бесікті, бір қолымен ғылымды тербеткен қазақ қыздары туралы үнемі айтылуға, жиі жазылуға тиіс. Өйткені олар отбасына, айналасына қандай мейірімді болса, өз ісіне де дәл сондай адал. Бүгінгі кейіпкеріміз балалық шақта үй жинауға көмектесетін роботтар болса деп армандапты.

АҚШ бағалаған қазақ қызы

Өйткені ауылдағы қарашаңырақ­тан жақсы-жайсаңдар, көрші-қолаң үзілмейтін еді. Анасына көмектесіп жүріп, «осы уақытымды кітап оқуға жұмсасам» деген бала қиял оны ал­ға жетелеп, инновацияларды, жоба­лық қаржыландыруды басқару, энергети­кадағы құрылыс, халықаралық және квазимемлекеттік ұйымдардағы инфра­құрылымды дамыту бойынша мол тәжірибесі бар жаһандық деңгейдегі білікті маман деңгейіне жеткізеді. Оның есімі – Әсел Аяпова.

Орал өңірінің тумасы өз білімін шыңдап, жасыл энергетика, тұрақты даму және климаттың өзгеруі, жасыл тех­нологиялар инновациясын қаржылан­дыру саласында көшбасшы ретінде үлкен қызмет атқарды. Білімге деген ынтызарлық пен бойын­дағы күш-жігер оны АҚШ-тың AES корпора­циясы­ның энергетикаға арналған жаһан­дық дрон­дық инновациялық бағдарламасының директоры және Энергетикадағы дрондар мен роботтар халықаралық коалициясының, Амери­кадағы «Women and Drones» қауым­дастығы кеңесінің мүшесі лауазымына көтерді.

Адамды алға жетелейтін арман болса, сол арманмен қауыштыратын табанды еңбек, жүйелі білім екені анық. Үнемі ізденісте жүретін адамдар туралы жиі естиміз. Бірақ олардың сол деңгейге қалай жеткенін, қаншама қиындық пен мехнатты бастан кешкенін көбі­міз біле бермейміз. Біз сөз етіп отырған Әсел де өз сала­сы­ның білгір маманы болу үшін көптеген қажырлы еңбек мен құл­шы­ныстан алтындай уақытын аяған емес.

Экономика мамандығы бойын­ша Ломоносов атындағы Мәскеу мемле­кет­тік университетін бітірген ол, «Қазақ­стан­ның инвестициялық қоры» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық жобаларының бас менеджері, «Астана-Нед­вижимость» АҚ жобаларды қаржы­лан­дыру департаментінің директоры болып, лауазымды әрі жауапты жұмыс атқаруға бел шеше кірісті. Аналитик, экономист болып жүрген оның энергетика саласына қадам басуы да бір реткі сәтті таңдауының жемісі еді. Сол сәтті есіне алған ол «әдепкіде AES корпорациясының қаржы бөліміне түйіндеме жіберген едім. Үш турдан өткен соң, компания өкілдері жоба басқаруға жауаптылардың резервіне тіркеп қойғанын айтты. Екі айдан кейін Шығыс Қазақстан облысында басталатын жаңа жобаның жетекшісі қызметіне тағайындалғанымды хабарлады. Сөйтіп, Өскеменге отбасыммен қоныс аударып, онда электр стансасының құрылысын кеңейту командасының басқарушысы болдым. Бүгінде энергетика саласында еңбектеніп жүргеніме 10 жылдан асты», деді.

Тыңғылықты жұмыс нәтижелері мен көпжылдық озық тәжірибесі оған AES корпорациясының бас кеңсесіне (Ар­лингтон қаласы, Вирджиния штаты, АҚШ) барып жұмыс істеуге мүм­кіндік жасады. Жоғары білім мен жа­уап­кершілікті қажет ететін мұндай жұ­мысқа қалай қол жеткізгенін Әселдің өзі айтып берді.

– Елде жүргенде AES корпорация­сы­ның екі ірі жобасын іске асырдым. Америкадағы басшылық бірінші жобаны халықаралық стандартпен салыс­тыра отырып, жоғары бағалайтынын айтты. Бұл жобаны іске асыруда біраз ақша үнемдеп, анағұрлым қауіпсіз нысан етуге тырыстым. Ал басшылық ұсын­ған екінші жобаның жүгі мен жауап­кершілігі біріншіге қарағанда ауыр болды. Мемлекеттен рұқсат алу, ха­лық­аралық банктермен байланыс орнату оңай болмады. Дегенмен мұның барлығын тиянақты орындап шыққан соң, Америкадағылар мені дарындылар пулына енгізіп, халықаралық жобаларға жұмылдыратын мамандар қатарына қосты. Мен айтқан екінші жоба біткелі жатқанда Еуропадағы түрлі ұйымнан ұсыныстар түсе бастады. Одан бөлек, еліміздегі нарықта бір-бірімізді жақ­сы танитындықтан, отандық хол­динг басшылары да лауазымды қыз­метке шақырды. Мұны естіген Америкадағы басшылық бел­сен­ділік танытып, Арлинг­тон­дағы бас кеңсеге жұмысқа шақырып, дрондар мен роботтардың жұмысын бақылайтын, құрамында қызық та қиын жобасы бар бағдарламаның жетекшісі болу туралы ұсыныс айтты. Бұрын-соңды мұндай іспен айналысып көрмеген соң, қызығушылығым артып, ақырында 2017 жылы отбасыммен Америкаға көшіп келдім. Бірақ мұнда келгенде барлығын нөлден бастау қажет болды. Басшылық тың идеясы бар стратегияны іске асыру үшін команда жасақтауды міндеттеді. Сол уақытта 15-тен астам елге қызмет көрсететін бағдарламаның жұмысын бақылаумен болдым. Ақырында бізге жүктелген міндетті ойлағаннан да асыра орындап, бүгінде дрондар мен роботтар жөніндегі бағдарламалар арасында көшбасшы ұйымға айналдық. Осы ретте дрондар мен роботтардың тиімділігі жоғары екенін айтқым келеді, – дейді Әсел Аяпова.

Өзіне сенген талапты Әсел әлемнің 14 елінде 600-ден астам қызметкер тартылған жаһандық инновациялық бағдарламаны басқарып, өзін шыңдауға, жаңа идеялар ашуға талпыныс жасайды. Оның басты міндеті – 100-ден астам түрлі кәсіпке роботтехниканы енгізу. Аталған жобаның тиімділігі мен техника қауіпсіздігін арттыру үшін энергетика саласында дрон мен роботтехниканы қолданып, бірегей инновациялық шешімдер жасауға мұрындық болды. Ол жетекшілік еткен бағдарлама АҚШ энергетикасы мен ғаламдық ұшқышсыз авиация саласында жоғары бағаға ие болды. Соның нәтижесінде оның командасы «AUVSI Award 2018» халықаралық са­йысында екінші орынды, тағы бір сайыста үшінші орынды иеленді. Ал халықаралық «S&P Platts Global Energy Award 2018» байқауының «Жылдың коммерциялық технологиялары» бағытында Әсел бастаған ұжымның жобасы топ жарды. Осының бәріне Әсел Аяпованың еңбегі сіңді. 2017 жылдан бастап ол 16 елді қамтитын энергетика саласында дрондарды қолдануды дамыту жөніндегі жаһандық инновациялық бағдарламаның (AES Innovative Global Drone Program) директоры міндетін атқарады. 

Ол өз саласында білікті маман ғана емес, таңдаулы көшбасшы бола білді. Оған қолға алған жобаларының же­міс­­ті нәтижесі дәлел бола алады. Әсел осы­ған дейін AES корпорациясындағы APEX жаһан­дық байқауларының жүл­де­­гері, Дүниежүзілік тұрақты даму қа­уым­дастығындағы үздік жоба иесі (Аустралия), БҰҰ Еуропалық экономи­калық комиссиясы жанындағы әйел кә­сіпкерлерге арналған форумдағы үздік жоба иегері (Израиль) атанған талант иесі. 

Осы мақаланы жазып отырып, кейіп­керіміздің әлеуметтік желілердегі парақ­ша­ларын шолып шықтық. Әр жазбасында ғылым мен білімге қол жеткізген қазақ қызының өмірге, өзінің айналасына, еліне деген іңкәрлігі менмұндалап тұр. Тіпті ол алып Американың астанасында жұбайымен бірге балаларын қазақы тәрбиемен өсіріп, ұрпақтарына ана тілін жетік үйретіпті. Қызметте білікті маман, отбасында жанашыр ана, қоғамда үлгілі әйел бола білген оның жүріп өткен жолы өз арман жолында күресіп жүрген әр адамға таптырмас сабақ. Айтпақшы, оның көз майын та­уысып жазған «Өз мансабың – маңызды жоба» атты кітабы жақында қазақ тілінде жарық көргенін естіп, осы бір қазақ қызына деген сүйінішімізді жасыра алмадық. Бұл жетістігі туралы былай деді: «Қызмет жолымда түрлі жағдаймен бетпе-бет келдім. Бұл осы жолдың әр кезеңінде жаңа машық, жаңа ізденіс пен жаңа білімді қажет ететіні сөзсіз. Мен табысты мансап құруға көмектесетін ақпараттың барлығы бір кітапта болса екен деп ойлайтынмын. Алайда мұндай кітап қолыма түспеді. Сосын оны өзім жазуға бекіндім. Бұл кітапты жазудағы басты мақсатым – мансапты жоспарлау, көпшілік алдында емін-еркін сөйлеу, команданы дұрыс басқару және коммуникация сияқты біліктілікке қатысты барлық деректі бір жинаққа топтастыру. Сондай-ақ жылдар бойы жинаған тәжірибем бойынша мансапты жос­парлау мен басқара білудегі маңызды мәселелерді жүйелегім келді».

Аталған кітаптың артықшылығы оны кез келген оқырман өз қажетіне пайдалана алады. Жоғары сынып оқу­шысынан бастап, жас мамандар, кәсі­би мамандар мен университеттегі оқы­ту­шы­ларға жақсы оқу­лық болары даусыз. Қазіргі таңда «Жо­баларды басқару» тақы­ры­бын­да екінші кітабын жазу үстінде.

Өзінің жемісті еңбегінің нәти­же­­сінде Әсел Аяпова әлемнің 100 үздік жоба менеджерінің рей­тин­­гіне енді. Сонымен қатар 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық бай­қа­уы­ның жеңімпазы атанды. Ол ірі жобаларда лауазымды қызметтер атқа­рып қана қоймай, жас ғалымдарға, ғылым жолына түс­кен­дерге білімі мен тәжірибесін бөлісіп, тәлімгерлікке баса назар аударатынын айтады. Айта кетсек, Ломоносов атындағы Мәскеу мемле­кеттік университеті экономика фа­культетінің арнайы тәлімгері және энер­гетика, проджект- менеджмент, жо­ғары технологиялар салаларында талантты Қазақстан жастарына, «Самұрық Қазына» корпоративтік уни­­вер­ситетінің жас мамандарына тә­лім­герлік қызметін қосымша атқарып жүр. 2019 жылы Әсел дарынды қазақ жастарына өзінің жеке тәлімгерлік бағдарламасын ұйымдастырып, оларға үміт шырағын жағуға ниеттеніпті. «Мен әлеу­мет­тік және қайырымдылық мақсаттағы жобамды мақтан тұтамын. Жеке тәжірибем мен білімімді ақысыз ұсына отырып, оларға кем дегенде 135-150 сағат уақыт бөлемін. Бұл – елімнің дамуына қосқан үлесім», дейді Әсел. Бізге таныс жобалардың бірі – «iQanat» білім беру қорында ауылдағы талантты жастарды қолдау мақсатында меценат рөлін абыроймен атқарып келеді. Бұл қор ауылдық жерлерден шыққан дарынды жастарға мүмкіндік беріп, оларды беделді жоғары оқу орындарына түсуге дәнекерлік жасауға бағытталған.

Бүгінгі таңға дейін жинақталған білім мен еңбек­тің арқа­сында Әсел америкалық ACPA және қазақ­стандық AREK жасыл энер­гетика, «Women in Energy», халықаралық жобаларды басқару IPMA қауым­дас­тықтарының, жобаларды басқару институтының (PMI), энергетикадағы дрондар мен роботтар жөніндегі халықаралық коа­ли­цияның сараптамалық кеңесінің, AES жасыл технологиялар комитеті және АҚШ тағы Edison Electric Institute (EEI) ұшқышсыз авиациялық жүйелер бо­йынша (UAS) жұмыс тобының мүшесі саналады. Сондай-ақ Федералдық авиа­ция агенттігінің саясатын әзірлеуге қатысқан.

2020 жылдың желтоқсанында Әсел Әлібекқызы АҚШ-тың Duke универ­ситетіндегі Duke Fuqua бизнес мектебін Executive MBA-мен аяқтады. Оның ен­дігі мақсаты – алып Америкадан алған тәжірибесін еліміздің ғылым саласын дамытуға арнау. «Елге қашан ораласыз?» деген сұрағымызға: «Үш жылдан кейін отбасыммен бірге елге ораламын. Сыртта алған білімімді қолданып, елімнің дамуына өз үлесімді қосамын» деп жауап берді. Еңбегі ерен, қадамы батыл, жоспары анық Әселдің алдағы уақытта еліміз үшін тың жобалар жасап, ғылымның зау биігінен көрінеріне сеніміміз мол.