Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жалпы, жаңа Қазақстанды құратын бір ғана әлеуметтік күш бар, ол – өз халқымыз. Батыс, Ресей, Қытай сияқты басым мәдениеттер елі бізге толыққанды қорған болып, көсегемізді көгертпейтіні ақиқат. Олардың барлығымен тең, әділ өзара тиімді қарым-қатынас орнату ғана пайдалы. Ал ел тұрғындары қазақ халқының маңында топтасып, ұйысқан өз жұртының бірлігі мен күші арқылы ғана ұзақ тарихи кеңістікте өмір сүре алады. Бөлшектенбей, алауыздыққа жол бермей, тәуелсіз мемлекет құндылықтары үшін еңбек етіп, өмір сүру идеясы халықтың ұлттық бірегейлену үдерісінің күшеюіне байланысты.
Ұлттық бірегейленудің алғы шарты – Президенттен бастап, қарапайым азаматқа дейін ортақ құндылықтарды түсінуі, мойындауы және олардың іске асуы жолында күрескер болуы. Ұлттық бірегейленудің күретамыры, іргетасы – барша азаматтың тәуелсіз мемлекеттілікті бүгінгі ұрпақ, болашақ ұрпақ үшін ең қымбат, ең маңызды құндылық ретінде қабылдауы. Оның мүддесі жолында жан аямай еңбек етуде, қажет жағдайда қолына қару алып Отанын қорғауға дайын болуы. Бұл істе басқарушы элитаның үлгісі орасан зор. Өкінішке қарай, өткен 30 жыл мерзімде ел билеген төл халқының мүддесі емес, өз қалтасын ойлаумен болды. 20 миллион халықтың 60 пайызы кедейлік деңгейге түсіп кетті. 300-дей адам ел байлығының 55 пайызына ие болды. Мұндай әділетсіздік қарапайым халықтың жігерін құм қылды. Елдегі әлеуметтік алшақтықтың шектен шығуы, әлеуметтік әділетсіздіктің асқынуы тәуелсіз мемлекеттің іргесін шайқалтатын түрлі ауытқу құбылыстарына алып келді. Яғни халықтың ұлттық бірегейленуі тым әлсіреп кетті. Қоғамның экономикалық-саяси тірегі болатын орта таптың қалыптасуы баяулады. Себебі табиғат қорлары, қаржы ресурстары, билік олигополиялық, кландық топқа ғана қызмет ететін жағдай қалыптасты.
Мұндай әділетсіз қоғамды көрген жастар мен талантты азаматтар шет елдерден өз нәпақасын табу үшін елден көптеп кетті. Осының кесірінен интеллектуалдық әлеуетіміз де әлсірей бастады. Айтары жоқ, қоғамда қордаланып, асқынған мәселелер көбейді. Билік пен халық барлық қателіктің, кемшілік пен қайшылықтың себебін, табиғатын талқылап, олардан құтылудың тетіктері мен жолдарын іздестіруге кіріссе, позитивті өзгерістерге есік ашылатыны даусыз.
Осындай өзекжарды міндеттерді шешуге бастайтын маңызды құбылыс ұлттық бірегейлену. Бірегейлену өзара түсіністіктен, диалогтен басталып, халықтың тілдік, рухани, мәдени, дүниетанымдық ортақ құндылықтар платформасында топтасуына әкеледі. Бұл құбылыс – күрделі, көпжақты, көпсалалы құбылыс. Әзірше оның әлсіз болуының себептері де бар. Біріншіден, ел халқының ұлттық бірегейленуіне бастайтын тілдік бірегейлену. Қазақ халқы қазір басымдыққа ие. Қазақ ұлты халықтың 72 пайызынан асып отыр. Яғни елдің этнодемографиялық картасы өзгерген. Сондықтан орыс тілі, ағылшын тілі ел халқын рухани топтастыратын қуатты күш бола алмайды. Қазақ тілі ғана халықты біріктіретін, оның мәдени-әлеуметтік көркеюіне бастайтын сапаға ие. Бөтен тілдер бөтен мүдделерді, бөтен сенім мен идеологияны бізге таңа бермек. Оны кеңестік жүйе мен елдің өткен 30 жылы әбден дәлелдеп берді. Қазақ тілі ғана тұрғындарды біртұтас халық ретінде топтастыра алады. Сондықтан қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сәйкес оның барлық әлеуметтік, коммуникациялық функцияларын толыққанды іске асыру арқылы қазақ тілін ел халқын бірегейлендірудегі шешуші күшке айналдыра аламыз.
Халықты топтастырушы рухани фактор – дін. Бұл ретте халқымыз ғасырлар бойы ұстанған, кеңестік жүйе кезінде үзіліп қалған мұсылман дінімен ұлттық салт-дәстүрлердің үндестігіне жетіскен ата-бабалар дінін қалпына келтіру маңызды. Халықты бөлшектейтін радикалдық діни топтардың қаупін еңсеру маңызды. Уахабтық, салафиттік, тәңіршілдік, т.б. діни ағымдардың ықпалынан халықты арашалау арқылы елдің бірегейленуін нығайта алмақпыз.
Бірегейленуге бастайтын маңызды тетіктің бірі – ұлттық идеология. Оның мазмұндық парадигмалары қазақтың ұлы данышпандарының, Алаш арыстарының, әлемдік гуманитарлық озық ой қайраткерлерінің ұстанымдары мен дүниетанымы. «Адам өмірі – басты құндылық» деген қағидаттың «әр азамат – өз ұлтының өкілі» деген қағидатпен үндесуі. Ұлттық құндылықтардың және жалпыадамзаттық ортақ құндылықтардың синтезделуі. Ұлттық бірегейленудің нәтижелі болуы – еліміздің басым державалардың ақпараттық экспансиясынан құтылуына байланысты. Ресейдің, Қытайдың идеологиясы – Қазақстан халқының бірігіп, топтасуына бөгет болатын факторлар. Әлемдік ақпараттық соғыстардың құрбаны болмай, ұлттық құндылықтармен топтасу – ел халқының рухани дүниетанымын ғана емес, қорғаныс қабілетін де күшейтетін құбылыс.
Ұлттық берегейлену әділетті, демократиялық жүйеде ойдағыдай қалыптасады. Әділетті ойлау, азаматтар құқықтарының қорғалуы, қоғамда әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының басым болуы. Этностық үрдістердің дамуына шек қойылмауы, мемлекет жасаушы халықтың тілінің, мәдениетінің, ұлттық салт-дәстүрлерінің қоғамдық өмірдің негізгі рухани тірегіне айналуы мемлекетімізде ұлттық бірегейленуді нығайта түсетіндігіне сенімдіміз.
Ұлттық бірегейленуге аймақтардың экономикасының дамуына тең жағдайлар жасалуы, ауыл халқының материалдық әл-ауқатын жақсарту және агроөнеркәсіп кешенін күшейту арқылы халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қалпына келтіру де ықпалын жасайды. Біздегі ұлттық бірегейлену – ел халқының бірігіп, топтасуына алып келетін аса маңызды құбылыс. Оған қол жеткізсек, ешбір сыртқы жау ала алмайды.
Ұлттық бірегейлену қоғамдық қатынастағы рухани фактор бола отырып, оның негізгі сапасының дамуына тәуелді. Сондықтан оған қол жеткізу оңай шешілетін шаруа емес. Ұлттық бірегейлену жолында Үкімет, азаматтық қоғам, бүкіл халық бірлесіп, кешенді шаралар жасауы міндет. Бұл істі тек сөзбен, насихатпен шешу мүмкін емес. Қоғамдық қатынастағы, өмір сүру деңгейіндегі ізгілікті өзгерістер арқылы ғана ұлттық бірегейлену іске асады. Авторитаризмнен азат, демократиялық, құқықтық мемлекет құру ұлттық бірегейлену үдерістерінің күшеюіне тәуелді.
Сайын Борбасов,
саяси ғылымдар докторы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері