Қоғам • 09 Тамыз, 2023

Журналистика және жаңа жұмыс форматы

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр қараша айында Оксфорд университеті, «Reuters» журналистиканы зерттеу институты журналистика саласындағы жаңа жұмыс форматына байланысты зерттеу нәтижелерін жария­лады. Бұл еңбекте пандемиядан кейін қалыптасқан ахуалға байланысты редакциялардың жаңалықтар бөлімін қайта құру, икемді және гибридті жұмыс жүйесін енгізу мәселесі қарастырылған.

Журналистика және жаңа жұмыс форматы

Есеп 39 елдегі 136 жаңалық­тар басылымының жетекші­ле­рімен жүргізілген сауалдама мен тереңдетілген сұхбат нәти­же­леріне негізделген. Зерттеу нәтижесі ұйымдардың 61%-ы икемді жұмыс кестесін енгізгенін, ал 20%-ы пандемияға дейінгі жұмыс үлгісіне оралуға ниетті екенін көрсетті. Сонымен бірге қалыптасқан жағдайға байланыс­ты медиа индустрия саласында туындаған мәселелерді жүйелеуге мүмкіндік берді.

Пандемия кезіндегі мәжбүрлі түрде қашықтан жұмыс істеу қыз­мет­керлердің икемді де оңтай­лы және дербес жұмыс істеуге деген ұмтылысын жедел­де­тетін жол барын, қалып­ты жұмыс тәсілімен бірге жаңа, оңтайлы жұмыс форматы барлығын көрсеткен еді. 2021 жылғы болған зерттеуде жаңалық индустриясының жетек­ші­лері өз ұйымдары гиб­ридті және икемді жұмыс фор­ма­тына көшуді қолдайтынын білдірді.

Бүгінде редакциялардың жұмыс тәртібі жаңа, оңтайлы жұ­мыс форматына сәйкес өзге­ріп қайта құрылып жатыр. Рес­пон­денттердің 61%-ы өз ұйымында гибридті және икемді жұмыс түрі көбірек енгізілгенін көрсетті. Сауалдамаға қатысқан жетек­ші­лер­дің 57%-ы өз ұйымында бұл мәселе бойынша жақсы жұмыс жүріп жатыр деп есептейді. Сонымен бірге сауалдамаға қаты­су­шылардың 20%-ы өз ұйымы жұмыс барысына кейбір өзге­ріс­тер енгізгенімен, негізінен пан­демияға дейінгі үйреншікті жұ­мыс үлгісіне қайта оралғысы келе­тінін айтты.

Кейбір жағдайда ұйымдардың пандемиядан кейін кеңсеге қайта оралу жоспары қызметкерлер мен жұмыс беруші жетекшілер ара­сын­дағы келіспеушіліктер мен дауға әкеліп отыр. Мысалы, 2022 жыл­ғы қыркүйекте мыңнан астам қыз­меткер үшін қарсылық білдіру себептерінің бірі – The New York Times-тың «кеңсеге оралуға» қатысты жаңа саясаты еді.

Сауалдамаға қатысқан сала жетекшілерінің 57%-ы гибридті және икемді форматқа көшкеннен кейінгі өз ұйымы жұмысының сапасына оң баға берді. Редак­ция­ларда гибридті және икемді жұмыс түрін енгізу тәсілі бо­йынша респонденттердің жауабы төмендегідей болды: 49%-ы қыз­меткер аптасына немесе айына міндеттелген күндері кеңседе болуы керегін; 29%-ы қызметкер кеңсеге келуі міндетті күндер санын өздері белгілейтінін; 5%-ы маманнан көп жағдайда үйден жұ­мыс істеуін талап ететінін атады.

Microsoft өзінің жыл сайынғы Work Trend Index есебінде гибрид модельде жұмыс істейтін қызметкерлердің 38%-ы өзінің ең үлкен проблемасы ретінде кеңсеге қашан және не үшін келу керектігін білу екенін айтқан еді. Бұл мәселенің шешімі ретінде есепте жетекшілердің кеңсеге ке­ліп жасауға тұратындай дең­­гейде жұмыс ұйымдастыру қа­­жеттілігі ұсынылды.

2021 жылғы есепте аралас және қашықтан жұмыс істеуге көшудің негізгі артықшылықтарының бірі – тиімділік пен өнімділіктің жо­ғарылауы деп көрсетілген еді. 2022 жылғы сауалдамаға қа­тыс­қан­дардың көпшілігі бұл фор­мат­тың өнімділікке айтар­лықтай айқын әсерін, ықпалын байқамаған: олардың 45%-ы гибридті және икемді жұмысқа көшу өнімділікке оң немесе теріс әсерін тигізді деп санамайды, ал 38%-ы оның оң әсер еткенін айтады.

Пандемия кезінде көп адам үйден жұмыс істеуге мәжбүр болды және бұл жағдай олардың жеке өмірі мен кәсіби өмірі арасындағы әдеттегі шекарасының өзгеруіне әкелгені анық. Бұл олардың өз өмірінің кейбір аспектісін, соның ішінде жұмыстың рөлін қайта қарауына ықпал етіп отыр. Кейбір қызметкерлер жұмыстан жаппай кетсе, кейбіреуі үшін икемді және қашықтан жұмыс тәртібі осы проблемаға жауап ретінде қарастырылып отыр.

Сауалдамаға қатысқан жетек­ші­лердің үштен бірі (33%) өз редак­циясын өзгертуде басты басым­дықты гендерлік әртүр­лі­­лікке беретінін атап өтсе, ал 32%-ы
ба­сымдық ретінде этностық әр­түрлілікті көрсетті. 2021-2022 жылғы зерттеулерде жиі көте­ріл­ген мәселелердің бірі – жаңа­лық тарату бөлімінде тұрақ­ты қызметкерлердің болма­уы­ның «осмос оқыту» (learnings by osmosis) үдерісіне қауіп төн­дір­уі. Осмос оқыту – бұл тә­жіри­бесі бар әріптестердің мінез-құл­қын бақылау және редакция­да болған кездейсоқ әңгі­ме­лер­ге қа­тысу және тыңдау мүм­кін­ді­гінің арқасында тәжіри­бесіз қызметкерлердің үйренуі.

Редакция ұжымында үздіксіз білім беру мәдениетін ілгерілету үшін респонденттердің 69%-ы ұйымда қажет дағдыларды оқыту, 47%-ы көшбасшылық қасиеттерді дамыту, 46%-ы тәлімгерлік және 45%-ы басқару бағдарламалары жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2021 жылы The New York Times редакцияда жұмыс мәдениетін дамытуға және қызметкерлері үшін пайдалы орта қалыптастыру мақсатында Мәдениет және мансап бөлімін ашты.

Әлемдегі ірі жаңалықтар ұйым­­дарының бұл бағыттағы іс-әре­кеттері талантты дамыту ма­­ңызын мойындаудың, әр­түр­лі­лікті ілгерлетудің және медиа индустрияда инклюзивті жұ­мыс ортасын құрудың маңызды екенін көрсетеді. Ең алдымен, бұл қазіргі заманауи талаптар мен сұраныстарға сай болу үшін жұмыстың жаңа тәсілдері мен әдістерін үнемі жетілдіріп, дамытып отыру қажеттілігінен туын­дап отырғанын атап өткен жөн.

 

Дулат ӨТЕҒАЛИ,

«Қазақстан қоғамдық даму институты» сарапшысы