Қоғам • 09 Тамыз, 2023

Астық келісімі: Үміт пен күдік

195 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қара теңіз арқылы Украина астығын қауіпсіз аумаққа тасымалдау келісімі жанданса, Ресейге азық-түлікті емін-еркін экспорттауға мүмкіндік беріледі. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін осылай деп мәлімдеді.

Астық келісімі: Үміт пен күдік

Астық келісімі – Ресей, Украина, Түркия мен Біріккен Ұлттар Ұйымының бірлескен жобасы. Былтыр Украина мен Ресей арасындағы қақтығысқа байланысты келісім аясындағы жұмыс шатқаяқтап, Қара теңіздегі украиналық үш порт бірнеше айға жабылған-ды. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркияның арағайындығымен Украина мен Ресей арасында жасалған астық келісімі қайта жанданды. Уағдаластық шеңберінде Украина порттарына кіретін және олардан шығатын кемелерге шабуыл жасалмайтынына кепілдік беріледі. Бұл кемелерді Ресей, Украина, Біріккен Ұлттар Ұйымы және Түркия инспекторлары тексеріп оларға қару-жарақ емес, азық-түлік тиелгеніне көз жеткізіп отыруға тиіс. Ал Ресей ауылшаруашылығы банкіне салынған санкциялардың тоқтатылуын және ауыл шаруашылығы экспортына кедергі келтіріп отырған тасымалдауға және сақтандыруға қатысты шектеулердің доғарылуын талап еткен-ді. Өйткені кейбір компаниялар санкцияларға байланысты Ресеймен бизнес жасаудан қауіптенеді. Бірақ Батыс азық-түлік пен тыңайтқыштардың шектеулерден босатылатынына уәде берген.

Нәтижесінде, миллиондаған адамы аштыққа ұшыраған елдерге азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізуге жол ашылып, жаһандық азық-түлік қауіпсізді­гіне қатысты алаңдаушылық азайған. Осылайша, 800 мың тонна гуманитарлық азық-түлікті Украинадан шығарып, азық-түлік тапшылығы сезіле бастаған елдерге, соның ішінде Эфиопияға, Ауғанстанға және Йеменге жеткізуге мүмкіндік туды. Себебі екі ел де бидай, арпа, күнбағыс майы және Африка, Таяу Шығыс, Азия­ның кейбір бөліктері тәуелді өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі жаһандық жеткізушілері саналады.

Әр төрт ай сайын ұзартылатын келісім осы уақытқа дейін үш рет жаңартылды. Соңғы екеуі екі айға ғана созылған. Себебі Ресей өз экспорты тежелді деп бұл құжаттың мерзімін 60 күннен асыруға келіспей отыр. Мәміле жалғаспаса, Ливаннан Мысырға дейінгі аралықтағы импорттық азық-түлікке тәуелді елдер Қара теңіз аймағынан тыс мемлекеттерден жеткізушілерді табуы керек. Ал мұндай елдер алыста, демек жол шығыны артып, астық құны қымбаттайды.

Бұған дейін Ресей президенті Влади­мир Путин Батыс «берген уәде­лерін» орындамаса, Мәскеудің келісімшартты ұзар­туына негіз жоғын айтқан. 17 шілде­де Украинаға Қара теңіз арқылы бидай экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнің мерзімі аяқталды. Ресей бұл уағ­даластықтан шығып, Украинаның сау­да кемелерінің жүруіне тыйым салды. Өйткені Мәскеудің мәлімдемесіне сәйкес, Ресейдің азық-түлік өнімдері мен ты­ңайт­қыш экспортына кедергілерді алып тастау туралы міндеттемелер орындалмаған.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарлама­сының бас экономисі Ариф Хусейннің ойынша, Қара теңіз астық келісімі жаңартылмаса, табысы төмен елдер мен адамдар үшін азық-түлік «қолжетімсіз тауарға айналады». Қазір әлемдегі астық бағасы 15%-ке қымбаттаған. 3-ші тамызда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көптеген елдің өкілдері Ресейдің мәміледен шығу туралы шешім қабылдағанына қынжылыс білдіріп, елді өз шешімін қайта қарауға шақырған-ды. Себебі олар мұның соңы миллиондаған адамның аш қалуына әкеліп соқтырады деп алаңдап отыр.

– Астық келісімі жанданған жағдайда әрбір ел өз азық-түлігін емін-еркін және қауіпсіз түрде экспорттай алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ресей­дің де тағам өнімдерінің әлемдік нарыққа шыққ­анын қалаймыз. Баға арзан болса, барлық ел пайда көреді, – деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

Бұл ретте Мәскеу Қара теңіз келісім­дерінің Ресейге қатысты бөлігі орындал­ған бойда, мәмілеге қайта оралуға да­йын екен­­дерін бірнеше рет баса айтты. Кез­­десу барысында Ресейдің БҰҰ жа­нын­­дағы тұрақты өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский де бұл туралы мә­лімдеді. Сөз арасында ол Батыс ел­дері келісімнің Ресейге қатысты тұсын «менмендікпен» орындауға дайын емес деп айыптады.

«Батыс елдері ресейлік астық пен тыңайтқыштардың мұқтаж елдерге кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге назар аударуы керек», деді Полянский, Ресейдің Украинаға қарағанда әлемдік бидай нарығының үлкен үлесін алып жатқанын және тыңайтқыштарды негізгі экспорттаушылардың бірі екенін еске салды. Өз кезегінде Энтони Блинкен журналистерге Ресейден азық-түлік экспорты Ресейдің Украинадағы арнайы операция­сы басталғанға дейінгі деңгейден асып кеткенін айтты. «Сонымен қатар егер тасымалдау және сақтандыру бойынша қандай да бір проблемалар болса, онда Қара теңіз астық бастамасын жүзеге асыру барысында біз оларды шешу және жою шараларын қабылдадық», деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы.

Энтони Блинкеннің айтуынша, Вашингтон банктерге «бұл операцияларды жүзеге асыруға болады және олар санкцияларды бұзбайды» деп сендірді. АҚШ-тың JPMorgan банкі Вашингтоннан осындай кепілдік алғаннан кейін, ресейлік астық экспорты бойынша кейбір төлемдерді өңдеген. 

Айта кетейік, кейбір сарапшылар Украинадан жетпей қалған аграрлық өнімдердің орнын толықтыру үшін басқа елдерде астық жеткілікті деңгейде жиналып жатыр деп санайды. Ресей экспортынан кейін Еуропа мен Аргентина да бидай жөнелтуді күшейтіп, Бразилия биыл жүгері жинаудан рекорд жасаған.

«Қазіргі жағдайға нарықтар да, өндірушілер де үйренісіп жатыр. Ал бидай мен жүгері нарықтары оған өте тез бейімделді» дейді S&P Global Commodity Insights компаниясының астық  нарығын талдау бөлімінің басшысы Питер Мейер АР агенттігіне берген сұхбатында.