Қоғам • 10 Тамыз, 2023

Табиғаты өзгеше талант

477 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Талай кемеңгер, тарлан тұлғалар сәбидей сеніп, жанын жалдап, ғұмырын сарп еткен теңгерме қоғам, таптық жүйенің басынан бұлбұлы ұшып, әспеттелген әлеуметтік-саяси құндылықтардың парқы өзгергенімен, жалпы адамзатқа әлмисақтан ортақ мұраттар – ұлт теңдігі, ел азаттығы, мемлекет дербестігі, ғылым-білімге ұмтылу ұғымдарын ардақ тұту өзгерген жоқ.

Табиғаты өзгеше талант

Ендеше, туған елінің еңсесін кө­те­ріп, мәртебесін биіктету жолын­да жан­қияр­лықпен еңбек еткен Бақытжан Тұрсынұлының тұлғасы да буыр­қан­ған аза­маттық жігердің, жаны ізгі жасам­паз­­дықтың символы тәрізді десек қате­лес­пейміз.

Қиындықтан қаймықпай, бел бай­ла­ған ісіне белсене кірісіп, еңсеретін тұлабойы қайсарлық пен қа­жырлыққа толы – Бақытжан Тұрсынұлы жетпіс жастың жота­сына көтеріліп отыр.

Б.Жұмағұловқа сипаттама бергенде Отанға, мемлекетке қызмет ету жо­лындағы жауапкершілік сезімі, ойлау машығындағы дербестік, шешім қа­был­дау барысындағы бүкіл факторларды егжей-тегжейлі тарызылай білу қабілеті тәрізді сапалық белгілерді айтпай кетуге болмайды.

Бақытжан жастайынан өмірдің сан саласында өз болмысын барынша таныта білді. Ол – ата-анаға қуаныш әкелген сүйікті бала, ұстазының мақтаныш сезімін тудырған үздік оқушы, талантты шәкірт атанды, сол кезде екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің түлегі болып, білгір ғалым, кәсіби маман ретінде танылды. Ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Сондай-ақ ол гидродинамика және мұнай-газ саласының практикалық мәселелерін шешуде қолданбалы және есептеуіш математика, ақпараттық технологияларды әзірлеу және қолдану, математикалық модельдеу саласындағы аса көрнекті ғалым. Оқу, білім, тәжірибені ұштастыра жүріп, ел басқару үрдісін де игерді. Осылайша мемлекеттік дәрежедегі қай­рат­кер болып қалыптасты. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, табиғи таңдаудан іріктеліп, сыннан өтті. Осы ұлан-ғайыр шаруаны Бақытжан Тұрсынұлы ер жігіттің белі болар 40-45 жасқа дейін еңсеріп үлгерді.

Көпшілікке белгілі болса да айта кетейік, Бақытжан Жұмағұлов 1953 жылғы 18 тамызда Талдықорған облысы, Қапал кентінде дүниеге келді. Әкесі Тұрсын Жабықбайұлы – екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер, ал анасы – Кенжетай Батырбекқызы ұзақ жылдар аудандық кітапхананың меңгерушісі болып еңбек етті. Еңбекқор ата-анасы төрт ұл мен үш қызын тия­нақ­ты білім алуға, ұқыптылыққа, ізгілікке тәрбиеледі. Құдайға шүкір, осы отбасынан түлеп ұшқан жеті ұл-қыз да жоғары оқу орындарын бітіріп, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Қарапайым қазақ отбасынан өрбіген әлгі жеті перзенттің ішінен бес ғылым докторының шығуы керемет емес пе? Ендеше, Жұмағұловтар отбасын ға­лым­дар әулеті десек, қателеспейтін шы­ғар­мыз.

Ол – еңбек жолын Қапал орта мек­те­бінде мұғалім болып бастады. Әскерден кейін, 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­си­те­тінің Механика және қол­данбалы математика факультетіне оқуға қабылданды. Уни­верситетте де жалынды жас сан қыр­лы қабілетімен жарқырай көзге түсті. Қан­дай қиындыққа салса да қа­жы­­майтын, қайсар әрі сергек жастар же­текшісін сол кездегі ҚазМУ-дың ректоры, аса көрнекті механик-ғалым, академик Өмірбек Жолдас­беков бірден байқап, бұл жігітті наза­рынан тыс қал­дырған жоқ. Дәл осы сәттен бастап жас ғалымның алдынан даңғыл жол ашыл­ған­дай болды. Өмірбек Арыслан­ұлы­мен екеуінің арасындағы ұзақ жыл­дар­ға созылған ғылыми, адами, яғни аға мен інінің, ұстаз бен шәкірттің арасындағы шынайы достық, ізгі құрмет осылай бас­талған еді.

Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін университет комсомол комитетінің хат­шысы және партия ұйымы хатшы­сы­ның орынбасары болды. 1978-1991 жылдар аралығында осы университетте ғылыми және оқытушылық қызметтер атқарды. Ассистенттен бастап, профессор, кафедра меңгерушісі, проректорға дейінгі еңбек жолынан өтті. Ал, 2008 жылы әйгілі университеттің ректоры бо­лып тағайындалды.

Қазір зер сала қарасақ, Б.Жұмағұлов өзінің самғау сапарына стартты 1991 жылы алған сияқты. Дәл осы жылы ол бұрынғы КСРО Инженерлік академия­сы Қазақ бөлімшесінің бас ғылыми хатшысы болып сайланды. Сондай-ақ осы жиында Ө.А.Жолдасбеков, Б.Т.Жұмағұлов бастама көтеріп, КСРО Инженерлік академиясының негізін­де дербес Қазақстан инженерлік акаде­­мия­сын құру туралы ұсыныс енгіз­ді. Сол кезде бір топ еліміздің көр­нек­­ті ғалымдары мен инженерлері Т.Ж.Жүнісов, У.Б.Баймұратов, А.А.Аб­ду­лин, С.Т.Тәкежанов, А.А. Құ­лы­­баев, А.В.Болотов, Т.Р.Бекжанов, Ш.С.Сма­ғұ­лов және басқалар, барлы­ғы­­мыз осы ұсынысты қолдадық.

Сонымен, 1991 жылы қараша айын­да Қазақстан Республикасының Ин­женерлік академиясы Республикалық қо­ғамдық бірлестік ретінде заңды тір­кеуден өтті. Президенті болып – Ө.А.Жол­дас­беков, бас ғылыми хатшысы болып – Б.Т.Жұмағұлов сайланды. Осы орайда, екеуі Инженерлік академия­ны құра отырып, оның құрылымын, бола­шақтағы мақсаты мен атқаратын іс­терін, сондай-ақ Қазақстанның инже­нерлік ғылымы техникалық прогресс саласындағы әлем­дік қауымдастық аясында қандай рөл атқаратындығын саралап берді.

2003 жылы осы қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік академиясы деген айрықша статус алды. Дәл осы жылдары Бақытжан Тұр­сынұлының қайраткерлігіне, ұйым­дастыру талантының барынша ай­шық­тала түскеніне куә болдық. Ол аз жылда бас ғылыми хатшылықтан, ака­­­­­демияның президенті дәрежесіне көте­рілді. Осы мезгілдегі Инженерлік академияның еліміздің экономикасына, ғылымына, өндірісіне қосқан үлесінің дені Б.Жұмағұловтың жанқиярлық ең­бе­­гіне байланысты десем, күпірлік болмайтын шығар. Бүгінде шаңырағын әбден тіктеген ҚР Ұлттық Инженерлік академия­сы еліміздегі аса ірі және құзі­реті мол қоғамдық ғылыми ұйымға айналды.

Қазіргі кезеңде ҚР Ұлттық Инженер­лік академиясының Алматының өзінде 10 бөлімшесі бар, ал, еліміздің барлық аймақтарында 13 филиалы қарқынды жұмыс істеуде, сондай-ақ, ол бүкіл Қа­зақ­­­станның ғылыми-инженерлік са­ла­сының ақыл-ойы, зердесі саналатын 142 академигі мен 152 мүше-коррес­пондентін біріктіріп отыр.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Бақытжан Тұрсынұлы Қазақстан ғылымының көшбасшыларының бірі ретінде батыл әрі өміршең реформаларды негіздей отырып, еліміздің ғылыми-техникалық салаларына үлкен олжа салғанын айта кету керек. Ол машина жасау, энергетика, құрылыс, көлік және коммуникация тараптарын өркендету мәселелерімен айналысатын Салааралық ғылыми-техникалық Кеңесті он жылдай басқарды. Бұл Кеңес – 1993 жылы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі мен ҚР Инженерлік академиясының әлеуетін арттыру мақсатында Президент ұсынысымен құрылған еді. СҒТК-тің сол бір қиын жылдары ғалымдар мен инженерлерге, ғылыми-зерттеу институттары мен конструкторлық бюроларға қол ұшын созып, қолданбалы ғылымды сақтап қалуға көмегі ұшан-теңіз болғаны ақиқат.

ҚР Инженерлік академиясы мен Салааралық ғылыми-техникалық кеңес бірлесе отырып, 1993-2000 жылдарда 16 республикалық ғылыми-техникалық бағдарламаларды, сондай-ақ, машина жасау, энергетика, көлік және коммуникация, кен өнеркәсібі мен металлургия, геология, экология, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, химия және мұнайгаз технологиялары, ақпараттық технология, архитектура, құрылыс, құрылыс материалдары технологиясы салаларындағы 400-ден аса жобаларды орындап шықты.

2000 жылы Бақытжан Тұрсынұлының бастамасымен ҚР Ғылыми және техно­логиялық ұйымдар Ассоциациясы (АНИТО) құрылды. Ассоциацияның құ­ра­мына барлық мамандандырылған ака­демиялар, 100-ден астам ұйымдар мен мекемелер кірді, Ассоциация президенті болып бір ауыздан Б.Жұмағұлов сайланды.

Тағы да айта кететін жайт – осы Ас­социа­цияның бастамасымен және қолдауымен «Еңбек туралы», «Ғылым туралы», «Патенттік жұмыс туралы», «Инно­вациялық қызмет туралы», «Білім туралы», тағы да басқа салалар Пар­ламентте қызу талқыланып, ҚР заң­намасына арнайы бап болып қосылуына қол жеткізді.

Б.Жұмағұловтың өмірбаянына қарап отырсақ, ол ешқашан болдым-толдым дегенді білмейтін, үнемі талпыныс үс­тін­дегі тұлға екенін байқаймыз.

Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым ака­де­мия­сының, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының академигі және осы академияның президенті, Халықаралық Инженерлік академиясының бірін­ші ви­це-президенті, Қазақстан Республи­ка­сының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері» «ҚР ғылымына және техникасына еңбек сіңірген қайрат­кер», міне, атақ-даңқынан ат үркетін Б.Жұмағұловтың ғылымдағы жетіс­ті­гі­нің бір парасы осындай.

Сондай-ақ, ол «Мұнай шикізатының төмен температуралы вакуумдық-тол­қынды гидроконверсия құбылысы» атты ғылыми жаңалықтың, 500-ге жуық ғы­лыми мақалалар мен сұхбаттардың авторы.
Б.Т.Жұмағұлов – Сұйықтықтар мен газдар механикасының математикалық әдістері ғылыми мектебінің жетекшісі, мұнай өндіру және тасымалдау процес­те­рін талдау, болжау және оңтай­лан­ды­рудың автоматтандырылған жүйе­ле­рінің негізін қалаушылардың бірі. Ол осындай атақ-даңққа ие бола жүріп,17 ғылым докторы мен кандидаттарын дайындаған тәлім­гер ұстаз.

Қалай дегенмен де, іргелі ғылым, қолданбалы ғылым – өндірістің ең басты тетігі екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұлардың арасындағы байланыстың жүйелілігі, нәтижелілігі қоғамның дамуына тікелей әсер етеді. Тек іргелі зерттеулердің негізінде ғана адамзаттың дүниеге көзқарасы, дүниетанымы қалып­та­сады, жоғары технология дамиды, өндірістің, еңбектің, тауардың сапасы артады. Ал, ол өнеркәсіптің өркендеуіне, оның өнімдерінің жақсаруына, қоғамдық сананың кемелденуіне әкеледі. Осы ғылыми жетістіктерден кәсіпорындардан түсетін салықтың мөлшері артып, ол мем­­лекеттің көркеюіне, бюджеттің молаюына ықпалын тигізеді. Демек, мем­лекеттік бюджетте міндетті түрде іргелі зерттеулердің үлесі қомақты екені анық.

Осы орайда, реформатор-ғалым Б.Жұмағұловтың толағай еңбектері жоталана көрініп тұрған жоқ па?

«Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», дейді Әлихан Бөкейханұлы. Сондықтан да болар, Бақытжан Жұма­ғұловтың қайраткерлік тұлғасын ірі­лен­діріп тұрған сапа-қасиеттердің ең бастысы – оның мінезінің қылыштай қиып түсер мәрттігінде жатыр-ау деп ойлаймын.

Тегінде қайраткерлік пен азаматтық – құстың қос қанаты секілді егіз де етене болмыс-бітім екендігінде дау жоқ.

Бір қарағанда, Бақытжан Тұрсынұлы да өз дәуірінің перзенті. Бірақ, оның басқа басшылардан айырмашылығы – жаңалықты жан сала іздейтін болмысы арқылы жеткен жан-жақты білімі мен энциклопедиялық эрудиция­сы нәти­жесінде қасаңдық шеңберінен шы­ғып, ұлттық мұраттарды мемлекеттік мүд­демен ұштастыра ойлайтын ақыл-парасат биігіне көтерілуінде еді. Ғылым, мемлекетшілдік, ақиқат жолын табуға деген құлшынысы оны ағартушылық һәм гуманистік дәстүрмен бауырластырып жіберді. Біздің қазекең «қызмет қолдың кірі» дейді ғой. Ал, Бақытжан Тұр­сынұлы сияқты азаматтардың мой­нында ол қашан да ар-ұяттың ісі бол­ғанына көзіміз жете түседі.

Ол көп уақыт бойы кеудесін дүбірлетіп, маза бермеген жоба-жоспарларын өзі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің ректоры болған кезінде жүзеге асырғаны анық. Б.Жұмағұловтың басшылығымен университеттегі оқу жүйесінің, қызметтердің барлық салалары жаңғыртылды. Елімізде алғаш рет халықаралық стандарттар бо­йынша оқу процесін түбегейлі соны ба­ғыт­қа бейімдеу, әлемдік ғылыми білім беру кеңістігіне интеграциялау және әлемдік рейтингтерге кіру бо­йынша жұмыстардың жүйелі кешені жүр­гізіліп, сандық үлгісіне айналған біре­гей электрондық университет жүйесі құ­рылды. ҚазҰУ қалашығының екінші кезе­гінің құрылысы аяқталды. Былайша айтқанда, елімізде жаңа жоғары білім жүйесі құрылып жатқан кезде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және оның ректоры Б.Жұмағұлов жаңа идеялардың бастауында тұрды. Сон­шама уақыт бойы түйген ойларын, бағ­дар­ламаларын, тұжырымдарын жар­ғақ құлағы жастыққа тимей жүріп жүзе­ге асырған басшы қандай құрметке де лайық.

Бақытжан Тұрсынұлы 2010 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі болып тағайындалды.

Осы ғұмырының елу жылын ілім-білімге, ғылымға арнаған, білім жүйесінің ұлттық моделін құруға атсалысқан ака­демиктің бұл қызметте де жұлдызы жарқырай көрінді. Өйткені, ол ғылым әрқашан қоғамның қажеттілігін өтей отырып, экономиканың локомотивіне айналуы қажет екенін жақсы білді. Сол себепті, академик Б.Жұмағұлов ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша ұзақ мерзімді жоспарлар жасап, форсайттық зерттеулермен қатар, халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыруға байланысты нақты шараларды іске асырды. Атап айтқанда, ол халықаралық стандарттарға сай жоғары ин­женерлік-технологиялық білім беру және өндіріспен ұштастырылған ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жолға қоя білген білікті де іскер басшы. Осы ең­бек­терінің нәтижесінде Бақытжан Тұр­сынұлы республика көлемінде ғана емес, шетелдерде де жоғары мектептің ірі ұйымдастырушыларының бірі ретінде кеңінен танымал.

Б.Жұмағұлов 2005 жылы Орталық партия төрағасының міндетін атқа­рушы, 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Және дәл осы жылы депутат болып сайланып, Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мәжі­лісі төрағасының орынбасары қыз­ме­тіне кірісті. 2017 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланып, сондай-ақ Сенаттың әлеуметтік- мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі болып тағайындалды. Сол кезеңде отандық заңнаманы жетілдіруге Қазақстанның шетелдермен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланысының нығая түсуіне айрықша еңбек сіңірді. Үлкен ұйымдастырушылық және халық­ара­лық дипломатия саласында жинаған тәжірибесінің арқасында түрлі мәселелер төңірегіндегі пікірталастарда басқа өрке­ниет­ті елдерде бар заңдардың баптарын, сонымен қатар тәжірибелерін негізге ала отырып, өз пайдамызға тие­сілі шешім­дер­ді бұлтартпастан қабыл­датуға игі ық­па­лын тигізді.

Мен бұл жерде Б.Жұмағұловтың қаншама шетелдік университеттердің Құрметті профессоры және шетелдік ғылым академияларының академигі екенін, сондай-ақ еліміздегі қаншама ұйым, қоғам, кеңес, комитеттердің прези­ден­ті һәм мүшесі екенін тізіп жазуды артық көрдім.

Ең бастысы, қызмет еткен жылдар ішінде кісілік қадір-қасиеті, кәсіби шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, ғылыми таланты, басшыға тән біліктілігі әдебиеттің классикалық кейіпкеріндей кемелдене берді.

Бір кездегі ауылдың жалаңаяқ баласы өсе келе мемлекет қайраткеріне айналды. Ендеше, оқырманға ұнайтын кейіпкер осындай-ақ болмай ма?
Бақытжан Тұрсынұлының нақ осы жігері мен табандылығына, өз халқына аянбай қызмет еткен адалдығына еріксіз сүйсінесің.

Міне, еңбек майталманы Бақытжан Тұрсынұлы қиыншылықтарға толы республикамыздың экономикалық күш-қуатын, ғылыми потенциялын арт­ты­руда сол жасампаз еңбектің басы-қасында болуды өзінің бірінші кезектегі парызы санады.

Ұзақ жылдарға созылған жемісті еңбек­терінің өтеуіндей болып, бүгінде оның кеудесінде «Парасат», «Достық» ор­дендері, Халықаралық ынтымақ­тас­­тыққа қосқан елеулі үлесі, ғылым, тех­нология және білім саласындағы интеграциялық процестерді дамыту ба­ғы­тындағы белсенді жұмысы үшін Ха­лықаралық Инженерлік Академия­сы­ның (ІІМ) және ЮНЕСКО-ның Үлкен Алтын медалі, Ислам елдері инженерлік академия­лары федерациясының (FEIIC) «Ғылыми байланыстарды дамыту­дағы ерекше еңбегі үшін» атты халық­аралық жоғарғы награда – «Инже­нер­лік Даңқ» ордені, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Алтын медалі, ТМД-ға қатысушы мемле­кет­тердің Парла­ментаралық Ассамб­лясы та­ғайындаған «Парламенттік ынты­мақ­тас­тықты нығайтқаны үшін» ордені, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының Алтын медалі жар­қы­райды.

Дүниеде ұлтына деген қызметі мен Отан алдындағы борышын атқара жү­ріп, жасаған жақсылығын бұлдап, елге салмақ салудан өткен жаман әдет жоқ. Әйтпесе, атқамінерлігі атақ-мансап, шен-шекпен алып қалудан артылмай жатса да, ақ тауды айырып, қара тауды қайырып тастағандай-ақ, өз жұртына міндетсінетіндер қазақ арасында қай кезде де аз кездеспеген ғой.

Алайда, кісілік мектебін қарша­дайынан оқып өскен, ата-анадан, көп балалы бауырмал отбасы тәрбие­сі­нен көп нәрсе тоқып үйренген Бақытжан Тұрсынұлы әлгіндей жат қылық­тардың баршасынан айналып өтті. Жасандылықсыз, боямасыз, жатырқаусыз ғұмыр кешті. Тір­ші­ліктің қым-қуыт бұрылыстарында, ағыстарында, тар жол тайғақты қалтарыстарында жұмыр басты пенде шіркінде әр түрлі жағдайлар болатын да шығар. Бірақ, қандай жағдайда да, қандай сәтте де ол – өз танымына, өз мұрат-мақсатына, айналасына адал болды. Кеңес дәуірінде де, қайта құру тұсында да, тәуелсіздігіміздің тәй-тәй басқан ілкі сәттерінде де ел экономикасының, ғылымының, өнеркәсібінің жай-күйін қамдап, соған бір көмегімді тигізсем деген азаматтық қағидасынан айнымады, басқаға алаңдамады. Сергек те сезімтал, қажырлы да қайсар, өзін де, өзгені де аямайтын айрықша талапшыл, еңбекқор жан бәріне үлгеруге, бәрін тындырып істеуге асығатын. Үлкенге де, кішіге де, бастыққа да, бағыныштыға да бірдей қарап, жалтақсыз жарасып, іске келгенде біліктілікпен кірісіп кететін қасиеті оны қашан да өзгелерден даралап тұратын. «Шалқайғанға шалқай, ол – Құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол – әкеңнің құлы емес» дейтін ұлтымыз қалыптастырған үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жақсылығын көргенге жамандық ойламай, арзанға бола абырой төкпеуге тырысушылық – Бақытжан Тұрсынұлының кісілік болмысының алтын арқауы еді.

«Асыл ағаш тік тұрып бой түзейді», дегендей Бақытжан Тұрсынұлы бүгінде жетпіс жастың жотасына көтеріліп, аса зор абырой иеленіп, үлкен жауапкершілік арқалап, әлі де сан алуан мемлекеттік қыз­меттің дәл ортасында құлжадай қас­қайып тұр!

Дөңгеленген дәулетті, дүбірлеген әулеті бар, зайыбы Валентина Иванов­на екеуі алаңсыз ғұмыр кешуде. Құ­дай қосқан қосағы да осал емес – белгілі ғалым-лингвист, филология ғы­лым­­дарының докторы, профессор, Жоғарғы мектеп Халықаралық ғылым акаде­мия­сының академигі, ҚР Еңбегі сіңген қай­рат­кер. Ұлы – Руслан экономика ғы­лым­дарының докторы, қызы Алина – заң ғылымдарының кандидаты.

Міне, өз келешегіне өз қолымен жол салған, туған халқын өркениет биігіне сүйреген қайраткер – тұлға, қарапайым қазақ ұлы Бақытжан Жұмағұловтың өмір жолы, өнегелі істері бүгінгі жастарға мирас болғай деп тілеймін.

Еңбегің жана берсін, жайсаң азамат!

Асқар ҚҰЛЫБАЕВ