Қоғам • 10 Тамыз, 2023

«Kostanai invest 2023»: Өнеркәсіпті ілгері бастыратын жобалар

183 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қостанайда өңір экономикасын ілгерілетудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырған «Kostanai Invest 2023» халықаралық форумы өтті. Отандық кәсіпкерлермен қатар, алыс-жақын шет елдерден арнайы келген инвесторлар қатысқан алқалы жиында экономиканың маңызды салаларына қатысты инвестициялық жобалар таныстырылды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және жаңартылған қуат көздерін пайдалану мәселелері талқыланды.

«Kostanai invest 2023»: Өнеркәсіпті ілгері бастыратын жобалар

Қостанайда KIA зауыты салынады

Халықаралық форумда сөз сөйлеген аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін баян етті.

– Бүгінде шетелден инвестиция тарта отырып, елімізде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше мән беріп отыр. Біз инвесторларға қолайлы жағдай жасап, қолдау шараларын жалғастыра бермекпіз. Қостанай өңірінде жерасты қазба байлықтарының үлкен қоры жатыр. Еліміздегі жалпы темір кені қорының 92 пайызы, бокситтің – 98%-ы, кобальт қорының – 81%-ы, никельдің 51%-ы, титанның 6,5%-ы, алтын кенінің 3,5% пайызы Қос­танай облысының аумағында жатыр. Осы уақытқа дейін облыста 350-дей кен орны зерттелді. Бүгінде соның 145-інде ғана кен байыту, өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалған 210-ы, яғни жер астында жатқан ұшан байлықтың 60 пайызы игерілмей тұр. Сондықтан жаңа мүмкіндіктерді қарастыра отырып, тың жобаларды бірлесіп іске асыру үшін шетелдік әріптестерімізді шақырып отырмыз. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысының айтуынша, облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 44 пайызға өскен. Биыл алғашқы жарты­жылдықтың қорытындысы бо­йынша, облыс бюджеті 637 млрд теңгеге де­йін жетіп отыр. Облыста машина құ­растыру, тау-кен өндірісі, металлургия, тамақ өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Инвестфорумға келген KIA зауытының бас директоры Ким Дэки Қазақстанмен тығыз ынтымақтасуға ниетті екенін атап өтті. Ким Дэки мыр­заның айтуын­ша, алдағы жылдары Қостанайда соңғы үлгідегі KIA авто­мо­бильдерін шы­ға­ратын автозауыт құрылысы бас­талады. Зауыт құрылысы биыл қазан айында бас­талып, 2025 жылдың қазан айында ұсақ торапты машина құрастыру өндірісі іске қосылады. Зауыт жылына 70-75 мыңдай автомобиль құрастыратын болады.

– Жобаны жүзеге асыру мақ­сатында біз 200 млн долларға тең инвестиция салуды көздеп отырмыз. 120 млн долларға құрылғылар сатып алынады, қалғаны зауыт құрылысына жұмсалады, – деді Ким Дэки.

«KIA Corporation» компаниясының CKD-компоненттерді сату бойынша үйлестіруші директоры Нам Чунсик 2027 жылға қарай Қазақстанның автомобиль нарығы 2021 жылмен салыстырғанда екі есеге артатынын атап өтті. Бүгінде алпауыт компанияның 24 әріптесі жиырмаға жуық елде CKD-бизнес жүргізеді екен. Қазірше, алдыңғы қатарлы әлемдік автобрендтің алғашқы ондығына енетін корей көліктерін құрастыру Ресей мен Өзбекстанда жақсы жолға қойылған. Таяу жылдары бұлардың қатарына Қазақстан да қосылмақ.

рн

Маятас тау-кен байыту комбинаты іске қосылады

Алдағы төрт жылдың ішінде іске қосылатын ауқымды инвестициялық жоба бүгінде боксит өндірісі тоқтап қалған Арқалық өңіріне тың серпін бермек. «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС Бас директоры Сергей Кряжевскихтің айтуынша, Арқалық пен Ұлытау ауданының шекарасында жатқан жерасты байлығын өндіру және өңдеу кластерін жолға қою үшін 315 млрд теңге инвестиция тартылады.

– Комбинат 1 200 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа өндіріс ошағы жылына 2 тоннаға дейін доре (алтын-күміс қорытпасы) құймасын және 420 мың тонна полиметалл кендерінің концентратын өндіруді қолға алады, – деді С.Кряжевских.

Маятас тау-кен байыту комбинаты 2027 жылы пайдалануға берілмек. Мұнда өндірілетін полиметалл кендерінің концентраты жаңа жүзжылдықтың ең жо­ға­ры сұранысқа ие металдары – мыс пен никельдің қоспасынан тұрады. Бүгінге дейін кен орнының аумағында 42 ұңғыма қазылып, ауқымды жұмыс жүргізілген. Қазір сол жұмыстардан алынған шикізат үлгілері зерттеуден өтіп, кен орнының геологиялық моделі жасалып жатыр.

Халықаралық логистикалық хаб салынады

Бұл туралы форумға қатысқан «ТЛК» «Тобыл» ЖШС компаниясының басшысы Айдын Әлімов баян етті.

– Халықаралық нарық кеңістігінде тоғыз жолдың торабында жатқан Қос­танай тауар тасымалдауға қолайлы транс­порттық магистралдардың түйі­се­тін тұсына жақын жатыр. Бізге «Солтүстік Қазақстан – Оңтүстік Орал», Қытай, Ауғанстан, Түркия, Иран және Өзбекстан бағыттары бойынша жүк ағындарын шоғырландыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ облыста жыл сайын жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр. Мәселен, Қостанай қаласының индустриялық аймағында алдағы үш жыл ішінде машина жасау секторында 10 жоба іске қосылмақ. Ал біздің компания қол­ға алып жатқан құрғақ порттың ашылуы өңірлік шекаралық сауда-сат­тық­ты дамытуға мүмкіндік береді, – деді А.Әлімов.

Өңірде құрғақ порт салудың қанша­лықты маңызды екенін атап өткен спи­кердің айтуынша, 2021 жылмен са­лыс­тыр­ғанда өңірде 2022 жылы контейнермен жүк тасымалдау көлемі 563 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш биыл тағы да шамамен 200 пайызға дейін артады.

– Қазақстандағы жүк таситын контей­нер­лердің тапшылығы 2021-2022 жылдары 300 пайыздың үстіне шығып кетті. Қостанайда KIA зауыты іске қосылса, контейнер тапшылығы 560, ал астық жинау кезеңінде 800 пайызға дейін жетеді. Өңірде құрғақ порт салудың ауадай қажет екенін осыдан-ақ көруге болады, – деді А.Әлімов.

Халықаралық логистикалық хаб са­лынса, жылда, әсіресе, күзгі жиын-терім науқанынан кейін диқандардың бас­ты бас ауруына айналатын жүк вагон­дарының тапшылығы деген мәсе­ленің түйіні тарқатылады. Жылына 300-350 мың контейнер қабылдап, жө­нел­тетін құрғақ порт Еуропа, Қытай, Орталық Азия елдеріне жүк жөнелтетін орталыққа айналмақ.

Игі жобаны «Allur» зауыты мен халықаралық «DP World» компаниясы жүзеге асырмақ. 37 млрд теңге қаржыға салынатын құрғақ порт индустриялық аймақтың 157 гектар аумағын алады. Халықаралық логистикалық хаб іске қосылса, 700-ден аса жұмыс орны ашылады. Хаб жүкті сақтау, жөнелту, кедендік рәсімдеуден өткізу, тексеру, қаптау қызметтерін көрсетеді.

Форумға қатысқан «Полиметалл Еуразия» ЖШС Бас директоры Қанат Досмұхаметов 2030 жылға қарай пар­никті газдың шығымын 30 пайызға дейін қысқартуға ниетті екенін айтты. Ол үшін кәсіпорын 2025 жылдың екінші тоқсанына дейін күн көзінен қуат алатын электр стансасын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Станса тәулік бойы алма-кезек жұмыс істейді. Бұл көмір өндіруші кәсіпорындардың қоршаған ортаға зияны мол электр энергиясынан бас тартуына мүмкіндік бермек. Аталған компания, бұған қоса Федоров ауданындағы 700 гектар аумаққа орман ағаштарын отырғызуды көздеп отыр.

Форум барысында Қостанайдағы «Баян Сұлу» АҚ алдағы уақытта өн­дірістік қуатын одан әрі арттырып, ір­ге­сіндегі отыз жылдан бері тұрған бұрын­ғы нан зауытының ғимараты мен жерін сатып алып, тағы бір ірі конди­тер­лік фабрика салуды жоспарлап қой­ғаны айтылды. Құрылыс нысанының сметалық құжаттары мен жоспары дайын. Жобаны жүзеге асыруға кем дегенде 20 млн еуро инвестиция салынбақ.

Қостанай кондитерлік фабрикасы кейінгі 10 жылда өндірісті жаңғыртуға 20 млрд теңге көлемінде инвестиция салған. Бұл өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді. Нә­ти­жесінде, қазір кәсіпорында жылына 40 мың тонна тәтті тағам түрлері өнді­рі­леді. Дайын өнімнің жартысы алыс және жақын шетелдерге экспортталады. Табиғи әрі сапалы өнімдер нарықта сұранысқа ие. Жергілікті шикізатқа әр­кез басымдық беріледі.

– Біз жыл сайын жаңа жабдықтар сатып алу арқылы кондитерлік өнім­дер­дің жаңа түрлерін енгізіп келе­міз. Сәйкесінше, нарықта әлемдік өндірушілер мен трансұлттық компаниялармен бәсекеге қабілетті болуға тырысамыз. Экологиялық таза өнім қазақстандық кондитерлік өнімдердің басты артықшылығы саналады. Конди­тер­лер өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті. Жұмыс істеп тұрған цехтармен қатар жаңа фабриканы іске қосу – жос­пар­да. Бұл инвестициялық жобаның артық тұстары мол. Жаңа жобаның тек бас­тап­қы кезеңінде шамамен 13 млрд теңге инвестиция құйылады. Әрине, бұған мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік, – деді «Баян Сұлу» АҚ бас­қарма төрағасы Тимур Садықов.

200-ден аса бизнес өкілдері жиналған форум барысында тараптар құны 700 млрд теңгеден асатын келісімдер мен меморандумға қол қойды.

пр

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024