Бизнес • 10 Тамыз, 2023

Кәсібін дөңгелеткен жастар

229 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған шаралар ауқымды десек болады. Өскелең ұрпақтың келешегі тікелей елдің болашақ тағдырын шешетін фактор екенін ұмытпаған абзал. Жастардың жағдайын жасау оларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру және жұмыспен қамтамасыз етіп, жеке кәсіппен айналысуына мүмкіндік қарастыру деп түсінеміз. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі таңда ел жастарының өз идеясын жүзеге асыруына мүмкіндік көп. Әсіресе бизнес идеясы бар жас азаматтарды қаржылай қолдауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен бастама көтеріп, жастар саясатының қоғамдағы маңыздылығын еселендіре түсті.

Кәсібін дөңгелеткен жастар

 

Бұл туралы Президент өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын­да атап өтті. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің бас­ты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», деген еді Мемлекет басшысы.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында Шымкентте жас іскер азаматтарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие үлестіру жұмыстары басталып кетті. Осы күнде біраз адамның бизнес жобалары мақұлданып үлгерді. Жастары көп мегаполисте арзандатылған несие алып, өз кәсібін бастауға ниет білдірген жандардың қатары артып келеді.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы Жұмыс­пен қамту және еңбек нарығын үйлес­тіру бөлімінің бас маманы Ілияс Жан­жігітовтің мәлімдеуінше, Жолдауда айтылған Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін қаңтар айынан бастап тиісті жұмыстар қолға алынды.

«Жалпы, Президент міндеттемелерін орындау аясында жастардың бизнес жобаларын қолдауға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қабылданған шаралар бар. Бұл бағытта 2022 жылдың 7 ақпанында аталған ведомствоның кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөнін­дегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы арнайы бұйрығы шықты. Биыл 1 шілдеде ел тарихында алғаш рет Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай жоғарыдағы бұйрық өзгертілді. Дегенмен ішіндегі ережелер негізгі мазмұнын сақтап қалды. Бүгінгі таңда арнайы комиссия тарапынан жеңілдетілген несие алуға өтініш білдірген 209 жастың бизнес жоспарлары қаралып, олардың арасынан жарамды деп тапқан 129 өтінішті комиссия мүшелері мақұлдады. Бұл жерде қайтарымсыз грант байқауы секілді бизнес жобаның инновациялық артықшылығы болу керек деген шартқа қарамаймыз. Әлеуметтік қайтарымы болу қажет деген де талап қоймаймыз. Тіпті жас кәсіпкер бизнесті енді қолға алып жатыр ма, жоқ әлде аяққа тұрып қойған іскер азамат па, оған да қарамай­мыз. Жеңілдетілген несие жаңа бизнес идеяға да, сонымен бірге бұрыннан бар кәсіпті кеңейту мақсатына да бірдей беріле береді. Ең басты шарттардың бірі – өтініш білдірген азамат 21-35 жас аралығында болу керек және жеке кәсіпкерлік құжаты мен бизнес саласында еңбек етіп жүргеніне кемі 5 жылдан аспауы қажет. Несие алуға тиісті өтінішті жұмыспен қамту мекемесі емес, Агрокредиттік корпорациясы қабылдайды. Сол жерде өтінішпен келген жастарға қажетті кеңестер де беріледі. Содан соң аталған қаржы ұйымы құжаттарды комиссия қарауына жолдайды. Биылдыққа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен қаладағы 261 жасты қамтамасыз етуіміз керек. Ал жас­тар тарапынан ұсынылған бизнес жобалар ішінде шаштараз, әсемдік салонын ашу және мал шаруашылығымен айналысу деген секілді кәсіпкерлік бастама көп», деді І.Жанжігітов.

Шымкент қалалық баспасөз қызметі мен ақпараттық коммуникациялық орталығының мәліметі бойынша, мегаполисте жеңілдетілген несиемен кәсібін дөңгелетіп отырған жастар қатары артып келеді. Мәселен, арзан несие алып айына 2 млн теңгеден аса табыс тапқан іскер жандар да баршылық. Ол азаматтың есімі – Жасұлан Нұршымыр. Жасы – 29-да. Қала тұрғыны. Бүгінгі таңда жиһаз жинау­ды кәсібіне айналдырған. Жастайынан осы өнерге араласып, жиһаз жасайтын цехтарда жұмыс істепті. Осыдан екі жыл бұрын жеке шеберханасын ашқан. Тынымсыз еңбек түбінде нәтиже беретіні анық. Өз өнімін өткізумен қатар, өндіріс қуатын еселеу үшін қосымша қаражат іздеді. Президенттің жастарды қолдау мақсатында жеке кәсіптерін дамытуға 2,5 пайыздық несие беру бастамасын естігенде ерекше қуанып, толқығаны бар. Үкімет уәде еткен демеуқаржыны қашан аламын деп тағатсыздана күткен Жасұлан биыл мамыр айында 5 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау тапты. Осы қомақты қаржыға шеберханаға не керек, соның бәрін сатып алды. Нәтижесінде, ісі өніп, жұмысы одан сайын жүріп кетті. Несие қаражатына сатып алған көзге көрінетін нәрсесі – үстелдерге ою-өрнек жасайтын құрал-жабдық.

«Бұған дейін ою-өрнекті басқа цехтарда ақысын төлеп жасататын едім. Енді жақсы болды, барлығын өзіміз істейміз. Шеберханама қосымша тағы 5 адамды жұмысқа қабылдадым. Оларға орташа есеппен айына 200 мың теңге көлемінде жалақы төлеймін. Құдайға шүкір, осының бәрі – мемлекеттің қамқорлығының нәтижесі. Кәсібін бастауға құлшынысы бар азаматтарға осылай демеу беріп жатыр. Ертеңгі күні олар да аяққа тұрып алған соң міндетті түрде мемлекет жақсылығын жақсылықпен қайтарады. Шағын және орта кәсіпкерлік еліміз үшін ауадай қажет. Үлкен кәсіпорындардан гөрі адамдар негізінен осындай шағын өндіріс орындарында көп жұмыс істейді. Сондықтан жастардың бизнеспен айналысуына жәрдем болса, жастар да қосымша жұмыс көздерін ашып, халықты еңбекке тартады. Бұдан, біріншіден, елдегі жұмыссыздық деңгейі азаяр еді, екіншіден, салықпен бюджеттік түсім де көбейеді. Ал бюджет қаржысы әлеуметтік сұраныстарды қанағаттандыруға жұмсалатыны анық. Сондықтан жеке бизнестің гүлденуімен елде тұрмыстық мәселе де өз шешімін таба береді. Сондықтан Президенттің Жолдауда айтқан жастарды қаржылай қолдауға қатысты ұсынысы мен идеясын нағыз дер кезінде қабылданған ұтымды шешім мен стратегиялық маңызды қадам деп түсінемін. Ал елімізде бүгінгі таңда жұмыс істеймін дейтін адамға барлық мүмкіндік қарастырылған. Тіпті көптеген кәсіпорын алайын десе жұмысшы таппай жүр. Ендігі мәселе бізге бір кәсіпті меңгерген мамандар қажет. Бұрынғыдай базарда арба сүйрейтін кезең келмеске кетті. Оны бүгінгі өскелең ұрпақ тіптен ұмытуы керек. Өйткені білікті кадр, өз ісінің нағыз шебері елді алға сүйреп шығады. Біздің дамыған Батыс елдерден қай жеріміз кем? Керісінше, оларда жоқ жерасты қазба байлықтары бізде жетеді. Ендігі жерде соларды шикізат күйінде сатпай, дайын материал күйінде шетелге экспорттасақ, келетін табыс жүз­де­ген есе артар еді. Бүгінгі қазақ жас­­т­ары­на ең басты керегі – ілім, ізденіс пен еңбек­қорлық. Біз өз елімізде өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан – әр қазақтың қасиетті қарашаңырағы. Сондықтан мемлекеттің даму болашағына біркісідей атсалысу бүгінгі ұрпақтың парызы әрі бұлжымас міндеті деп білемін», деді Жасұлан.

Жас кәсіпкер жиһаздарын әлеуметтік парақшаларында жарнамалап, көтерме бағамен сатады. Тауарларды көбінесе дүкендер желісі сатып алады екен. Қазіргі таңда Шымкенттен бөлек Алматы, Қызылорда және Орал қалаларынан тапсырыс көп түсіп жатқан сыңайлы.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жалпы, Шымкентте биыл 261 жасқа шағын несие беру көзделсе, комиссияның оң қорытындысына іліккен 129 азаматтың ішінде 52-сіне несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап үлгерген.

Бұдан бөлек, жас кәсіпкерлер 5 млн теңгеге дейін несие ала алады. Бұл қар­жылай көмектің тағы бір артық­шы­лығы мал шаруашылығына арналған жобалар үшін 7 жылға дейін, ал кәсіптің басқа түрлеріне 5 жылға дейінгі мерзім қарастырылған. Осыған қарап айтарымыз, Президент пәрменімен беріліп жатқан жеңілдетілген несие, әлбетте, жас кәсіпкерлердің кәсібін дөңгелетуіне зор мүмкіндік екені даусыз. Ал өтінімді жас­тар қаладағы Әл-Фараби ауданы, Қонаев даңғылында орналасқан «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының филиалына барып тапсыра алады.

Сонымен бірге мақаламыздың тағы ке­йіп­керлері – қала тұрғындары Шалқарбек Бақтыбай мен Гүлжанат Орманова Тұран шағын ауданынан «OSSA» өнер мектебін ашты. Кәсіп­керлер жастарға арналған 2,5 пайыздық несие алып, музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар сатып алған. Мем­лекеттік қолдаудың көмегімен орталық бүгінде 500-ге жуық баланы түрлі үйірмемен қамтып отыр. Ұстаздар құрамы Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен саз колледжінің білікті мамандарынан құралған.

«Жаңадан бой көтеріп жатқан ауданға көшіп келгенімізде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орталық болмай, қатты қиналдық. Содан жолдасымыз екеуміз өнер мектебін ашуды ойластырдық. Әрине, бастапқы кезде сенімсіздік басымдау болды. Бұрын-соңды мұндай істі бастап көрмеген адамға біртүрлі қиын әрі мүмкін емес­тей көрінді. Оның үстіне бастаған ісіміз болмай қалып шығынға ұшырап қалсақ не істейміз деген күдік пен күмән санамызды торлап, ойымызды жаулап алды. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» демекші, қабырғамыз­бен кеңесе келе, жолдасымыз екеуміз ақыры несие алып, ойға алған ісімізді қорықпай бастай беруге бел будық. Құдайға шүкір, сәтін салып қолға алған жобамыз өзінен-өзі жүріп кетті. Қазір мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде батыл шешім қабылдағанымызға қуанамыз. Мемлекеттік қолдаудың деп ерекше айтқан себебім, егер Үкімет дем бермегенде, мүмкін жеке өзіміз мұндай шешімге келмес пе едік деп ойлаймын», деді жас кәсіпкер Гүлжанат Орманова ағынан жарылып.

Иә, жастардың мемлекеттен қолдау тауып, кәсібін бастап кетіп жатқанына іштей қуанасың. Елдің экономикалық өсімінің нәтижесінде осындай ілкімді бастамалардың жүзеге асып жатқанына ризашалық білдіресің. Ал мемлекеттің келешекке осындай зор қадамдар жасауына мүмкіндік берген бірден-бір себебі – ол қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық, халықтың бірлігі мен татулығы.

Ал жастарға қамқорлық көрсетуде үлкен пайда бар. Өйткені ел дамуы үшін білікті кадр мен еңбек күшін қажет етеді. Осы сұраныстың орнын толтыратын –жастар. Жұмыс болмай шетелге ағылса, олармен бірге, бейнелеп жеткізгенде, ақыл-сана мен қара күш те бірге кетіп қалады. Сондықтан жастардың туған жерінде қалып, өз елін көркейтуге атсалысуы өте маңызды. Жалпы, Шымкент қаласында жастарға тек қаржылай көмек бағытында емес, қосымша мамандық игеру, бос уақытын тиімді өткізу, рухани тәлім алу жағынан жәрдем беретін қолдаулар жеткілікті.

 

ШЫМКЕНТ