Қоғам • 10 Тамыз, 2023

Маса маза бермей тұр

291 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әнеубір жылдары Өскеменнің іргесіне Боран ауылынан қопарыла қоныс аударған тұрғындармен тілдескенбіз. Сондағы «неге көшіп келдіңіздер?» деген сұрағымызға мүдірместен «масадан қаштық» демесі бар ма? Ауылдың мазасын қашырған ол не деген маса деп, Күршім ауданындағы Боран ауылына бір емес, екі рет бардық.

Маса маза бермей тұр

Суретті түсірген автор

Айтқандай-ақ, маса-шіркей буып тұр. Жергілікті халық далада жұмыс істегенді қойып, үйден шы­ға алмай қалған. Шілденің ші­лің­гір ыстығында үстеріне қалың күр­ті, бастарына торлы қалпақ киіп жүруге мәжбүр.

Ертіс пен Қалжыр өзенінің саға­сынан қо­­ныс тепкен Боран ауы­лының негізгі күн­көріс көзі – мал шаруашылығы. Айна­ла­сы – ну орман. Табиғаты көркем, же­рі­ қолайлы болғанымен, ма­са­ мазаны әб­ден­ қашырған. Шаруа­лар­дың тіршілігі тұра­лап­ қалған.

Боранның көшесі. Құлаққа ұр­ған­ танадай тып-тыныш. Оқтын-оқ­тын масаның ызы­ңы естіледі. Көл­денең жүрген тірі пен­де жоқ. Орта­лығына қарай жеткенде ғана тұм­ша­ланып алған ауыл тұрғынын кез­дес­­тірдік. Айтуынша, бір күн бұ­рын ғана масаларға қарсы улау жұ­мыстарын жүр­гізіпті.

«2019 жылдан бері осында тұра­мын. Биыл маса былтырғыдан да қалың. Оның үстіне ірі. Шақ­қан­да, оңдырмайды. Ауыл ішін буып тұр. Бақшадағы жеміс-жи­дек­ке де қарай алмаймыз. Жұ­мыс­ істеу­ге мұрша бермейді. Шара­сыз­ үйде қамалып отырамыз. Бала­ла­ры­мызға да қиын болды. Басқа ауыл­дың балаларындай далада ойнамайды. Іргедегі суға да түсе алмайды», дейді Боран ауылының тұрғыны Болатқан Бақытқан.

Рас, Бораннан ойын баласын­ көзіміз шал­мады. Балалар ойын алаңы да бос тұр. Үл­кендер қабат­тана киініп жүріп, сиыр сауа­­ды, бау-бақшасын баптайды.­ Қа­пы­рық­­ ыстықта қалың киініп жүріп істе­ген жұ­мыс та өне қоймасы анық­. Десе де, бос жат­паудың қамы.

«Ыстықтасақ та амал жоқ, ма­са­­шіркейге таланғаннан жақ­сы­. Ма­мыр аяғынан бастап, күзге де­йінгі күніміз – осы. Басымыздан тор­лы қалпақ түспейді. Өмір сүру қиын­дап барады. Масадан маза­сы қашқандар көшіп те жатыр. Бос үйлер көбейіп кетті», дейді Б.Бақытқан.

Айтуынша, улау жұмыстарын жүр­гізген соң маса азайыпты. Бірақ көп уақыт өтпей қайта кө­бе­й­ген. Улау жұмыс­та­рын кө­лік­­пен ауылдың көшесіне ғана жүр­гізіпті. Дұрысы, тоғайдың іші­­не, ұяларына тікұшақпен шаш­қа­ны дұрыс көрінеді. Кейбір тұр­ғындар, улау жұмыстарынан бәлендей пайда бол­маған соң үйіне арнайы улы түтін тұта­тып отыр екен. Оның өзі көршілес Қытай­дан­ әкелінетін көрінеді. Шамадан тыс қол­данса, адамның басын айналдырып, кері әсерін ти­гізеді екен. Алайда масаға та­лан­­­ғаннан гөрі басымыз айналсын деп түтін­ді­ күн ұзақ тұтатып оты­ра­тындар да бар.

«Мына түтінге маса жоламай­ды. Күні бойы қолданамыз. Бағасы да айтарлықтай арзан емес. Бір қора­бының өзін бір-екі күнде тауы­сып тастаймыз. Қытайдың заты ғой. Бірақ көп пайдаланған жағ­дайда басты ауыртып, түш­кіртеді екен. Кейбіреуі осыдан да ауырып жатады. Сонда да қолдануға мәжбүрміз», дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Шалша.

Әсіресе кешке маса ызыңы үдеп,­ аспанда тұтасып тұрды. Ауыл ақса­қал­дарының айтуынша, Боран мен Қал­жыр­дың масасы бұрын­нан бар. Бұрын дер кезінде улап тастайтын. Ал кейінгі жыл­да­ры мүлдем көбейген.

«Масаның көбеюі шалшық су­ға байланысты. Көктемде ірге­де­гі су көтеріліп, айналаға жайы­ла­ды. Кейін су қайтқанда орны шал­шық­қа айналады. Шіркей теректен шығады. Ол масадан да қиын. Күн­діз азайып, түнде гуілдеп кетеді. Уыстап ұстап алуға болады»,  дейді ауыл тұрғыны Қадыл­бек­ Майбасов.

Ал Күршім аудандық әкім­ді­гі­нің хабарлауынша, улау жұмыс­та­рына биыл 40 млн теңге қаржы бөлінген екен.

«Жалпы, аудан көлемінде маса-шіркейді улау жұмыстарын атқаруға 2023 жылы бюджеттен 40 млн теңге қаражат бөлінді. Мердігер ұйым – «Зайсан аудан­дық­ дезинфекция станциясы» ЖШС. Аталған жұмыс 4 рет жаса­лады. 2023 жылдың 10 маусымынан бүгінге дейін ауданның маса мен шіркейі көп мекендейтін Боран (5 050 га), Қалжыр (4 300 га), Марқакөл (1 900 га), Күршім (5 200 га) ауылдық округтерінің бат­­пақты, қамысты, орманды алқап­­тарының барлығы 16 450 га­­ жер­ге дәрілеу жұмыстары жа­­­са­лып жатыр», дейді Күршім ау­­­дан­дық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Ерасыл Әші­мов.­

Дәрілеу жұмыстары 60 метр қашық­тыққа шашатын жылжымалы «Тұман» генераторымен және қол моторлы бүріккіш құрыл­ғы­мен атқарылып жүр. Улау жұ­мыстарына қаржы бөлін­ге­ні­мен, Боран мен Қалжыр ауыл­­да­рын­да бұл мәселе жылда қай­та­ла­на­ды. Шешімін табу үшін арна­йы­ ғалымдарды тартып, негіз­гі оша­ғын­ жою керек шығар, кім білсін?!

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы