Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде ойнап жатқан «Астана» да, «Лудогорец» те биылғы Еурокубок жарыстарын өз елдерінің чемпионы ретінде Чемпиондар лигасынан бастаған еді. Алайда аталған жарыстың екінші кезеңінде «Астана» Загребтің «Динамосынан», «Лудогорец» Словенияның «Олимпия» клубынан екі ойынның қорытындысы бойынша жеңіліп, Еуропа лигасына түсіп қалды. Сөйтіп, жоғары лигада сәтсіздікке ұшыраған екі команданың жолы Еуропа лигасының үшінші айналымында түйісіп отыр.
Қазіргі таңда екі клуб та тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатыр. Себебі кейінгі 10 жылдан бері Еурокубок бәсекелерінің топтық кезеңіне қатысып жүрген болгариялық клубтың биылғы Еуродода ойындарындағы нәтижелері жанкүйерлерінің көңілінен шығып жатқан жоқ. «Лудогорец» бірінші кезеңде Косово чемпионы «Балканы» командасын әрең жеңгенімен, екінші айналымда Еурокубок ойындарының топтық кезеңінде бірде-бір рет ойнамаған «Олимпия» клубынан жеңіліп қалды. Ал елордалық ұжымның ішкі чемпионатта да, Еурокубок бәсекелерінде де жолы болар емес. Кешегі ойындағы голды есептемегенде, ел чемпиондары қатарынан төрт матч бойы қарсылас командалардың қақпасынан саңылау таба алмай жатқан-ды. Сондай-ақ төрт ойыннан бері жанкүйерлерін жеңісімен қуанта алмай жүр еді.
Осы бір олқылықтың орнын толтыруға Григорий Бабаян шәкірттері «Лудогорецпен» өткен кешегі матчтың бірінші минутынан бастап шабуылға ден қойып, қарсылас тарапының қақпасын торуылдаумен болды. Нәтижесінде, «Астана» футболшылары ойынның екінші минутында-ақ кездесудің есебін ашуы мүмкін еді. Алайда қорғаушы Ян Вороговскийдің тепкен добы қақпа маңдайшасына тиіп, кері қайтты. Одан кейін де елордалықтардың ұйымдастырған шабуылдары нәтижесіз аяқталды. Ал қарсы шабуылға иек артқан қонақтар ойынның 33-минутында кездесудің есебін ашып, «Астана» ойыншыларын тұйыққа тіреп тастады. Айып алаңына қарай асырылған допқа қонақтардың қорғаушысы Ноа Сонко-Сундберг бірінші жетіп, Чондрич қорғаған қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеді – 1:0.
Дегенмен, «Лудогорец» футболшылары мен жанкүйерлерінің қуанышы ұзаққа созыла қойған жоқ. Арада жеті минут өткенде дәл сондай стандартты жағдайдан Жарко Томашевич гол соғып, үзіліске дейін таразы басын теңестіріп кетті – 1:1.
Екінші тайм бастала сала елордалық футболшылар бірінші кезеңдегі басымдығын жалғастырып, тағы да қауіпті шабуылдар ұйымдастыра бастады. Астаналықтардың бірнеше ұмтылысы сәтсіз аяқталғанымен, 53-минутта оң қапталдан асырылған допты Александр Марочкин басымен қақпаға дәл бағыттады – 2:1. Кездесудің соңына дейін «Астана» футболшыларында есепті еселейтін тағы да бірнеше мүмкіндік болғанымен, екі голдан артық доп соғуға шамасы жетпеді.
Енді екі клуб арасындағы қарымта кездесу 17 тамыз күні Разград қаласында өтеді. Егер елордалық ұжым екі ойынның қорытындысы бойынша «Лудогорецтен» басым түсетін болса, онда Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде Нидерландтың «Аякс» клубымен кездеседі. Ал жеңіліп қалған жағдайда Конференция лигасының плей-офф кезеңінде «Вальмиера» (Латвия) – «Партизани» (Албания) жұбының жеңімпазымен ойнайды.
Сондай-ақ бүгін Конференция лигасында өнер көрсетіп жатқан «Ақтөбе» және «Тобыл» командалары үшінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойындарын өткізеді. Былтырғы ел чемпионатының күміс жүлдегері «Ақтөбе» сырт алаңда Румынияның «Сепси» командасымен ойнаса, «Тобыл» Қостанайда Солтүстік Ирландияның «Дерри Сити» командасын қабылдайды.