Тұлға атын өшірмей кейінгіге дәріптеп жүрген әріптесіміз Қажет Андастың ұйымдастыруымен әкесі Андас Омарақынның оқулары өз деңгейінде өрнек тапты. Аталған байқауға қатысқан аймақ оқушылары кіл жүйріктен кім жүйрік екенін өзара анықтасты.
Мектеп жеткіншектері арасындағы дода В.Маяковский атындағы Талдықорған қалалық кітапханасында шымылдық түрді. Игі істің өтуіне облыстық білім басқармасы мен «Jetіsý» газеті, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы және Андас Омарақын отбасы мұрындық болды.
Байқау барысында алғашқы болып «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары Мәди Алжанбай сөз алып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Болатхан Ержігітов лебізін білдірді. Сонымен қатар «Парасат» орденінің иегері Әуесхан Мажайқызы құрастырған «Андас Омарақын оқулары» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті.
«Андас Омарақын оқулары» байқауы жарты жыл бойы онлайн жүргізіліп келген болатын. Облыс көлемінде білім сайысына 30-дан астам оқушы қатысты. Барлық тапсырмаларды толық әрі сапалы орындаған 18 оқушы шешуші сынға жолдама алып, қазылар алдында білім-білігін көрсетті.
Оқушылар тест сұрақтары, жазба ақындар, өлкетанушылар, айтыс ақындары сынды 4 бағыт бойынша берілген тапсырмаға сай бағаланды. Қорытынды байқауда жазба ақындар Андас Омарақынның өлеңін оқыса, өлкетанушылар ғылыми жұмысын қорғады, айтыскерлер сөз сайысына түсті. Нәтижесінде, жазба ақындар арасында Арайлым Жанахмет, өлкетанушылар бағыты бойынша Жанел Жұмағали, айтыскерлер арасында Ұлан Нұрбол І орын иегері деп танылды. Алғырлығымен танылған қатысушылар кітап, алғысхат, қомақты қаржымен марапатталды.
Жалпы, аталған байқаудың өтуіне демеушілік көрсетіп отырған әріптесіміз Қажет Андастың отбасы жарты жыл көлемінде өткен іс-шараға 6,5 миллион теңгеден астам қаражат бөлген екен. Байқауды дәстүрлі түрде республикалық деңгейде өткізу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы