«Осы уақыт ішінде біздің облыс бойынша 1 106 өтінім келіп түсті. Оның ішінде жалпы сомасы 1 млрд 852 млн теңгеге 272 өтінім мақұлданды. Қалған өтінімдер әзірге қаралуда. Ақжайық, Теректі, Сырым, Қазталов және Бәйтерек аудандары тұрғындарының белсенділігін атап өту керек. Бұл бағдарлама – өсімдік пен мал шаруашылығынан басқа техникаға сервистік қызмет, жартылай фабрикаттар өндіру, тігін цехы сияқты бағыттарды дамытуға жақсы мүмкіндік», дейді «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақдәулет Ибраимов.
«Ауыл аманаты» жобасында белсенділік танытқан өңірдің бірі – Теректі ауданы екенін айттық. Шынымен де теректілік кәсіпкерлердің алды жеңілдікті несиені алып, шаруасын бастап та кеткен.
«Теректі ауданынан «Ауыл аманаты» жобасына 832 млн теңге сұраған 127 өтініш түсті. Оның 14-і – кәсіпкерлікті дамытуға, екеуі – құс, біреуі – егін шаруашылығына, ал 110 өтініш – сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған екен. Қазіргі таңда осы жобалардың 30-ы мақұлданды, 20-сы 133,5 млн теңге несие алып та үлгерді. Бұл аталған 20 адам жеке кәсіпкерлік нысанын ашып, несиені игеруде. Олардың ішінде қос кәсіпкер құс шаруашылығын дамыту бойынша жоба ұсынса, соның бірі бройлер мен жұмыртқалағыш тауық сатып алып, карантинге қойды. Енді бірі 4 инкубатор, құс азығы және т.б. қажетті заттарды алды», дейді Теректі аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азат Әубәкіров.
Үкіметтің ауыл кәсіпкерлеріне бағытталған көмегіне алдымен қол жеткізгендердің бірі – Теректі ауданының тұрғыны Саржан Ибатов. Ол ауылда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтау үшін арнайы құрылғы сатып алған. Болашақта қайта өңдеу кәсібін де ашқысы келеді екен.
«Біз осы несиеге үш станок сатып алдық. Оның бірі тұрмыстық қатты қалдықтар – макулатура мен пластик бұйымдарды сығымдап, тасымалдауға ыңғайлы етіп береді. Одан бөлек, қой мен ешкі жүнін тазартып, түтіп беретін станок, құс мамығын тазартатын аппарат та қолға тиді. Қазірдің өзінде шағын цех ашып, ұлттық нақыштағы көрпе-төсек тігуді бастадық», дейді Саржан.
Теректілік кәсіпкердің болашақ жоспары ауқымды. Мысалы, ол қазір тұрмыстық қалдықтарды Орал қаласына апарып тапсырып жүр. Ал болашақта шағын цехтар ашып, полиэтиленнен өрнектас, қағаздан дәретхана қағазы секілді дайын өнім шығаруды қолға алмақ.
Шыны керек, қазір тұрмыстық қалдық, әсіресе, ауылдық жерде үлкен мәселеге айналып бара жатыр. Соның ішінде табиғатқа ыдырап кетуі қиын пластик бұйымдар экологиялық апатқа айналған. Міне, осындай қалдықтарды жинайтын, сөйтіп елді мекендерді қоқыстан тазалайтын бастаманың мәні үлкен. Экологияны сауықтыратын мұндай кәсіппен айналысатын кәсіпкерге мемлекет тарапынан субсидия берсе де артық емес сияқты. Алайда қазір тұрмыстық қалдықтарды жинап тапсыру өте тиімсіз. Макулатура мен пластиктің бағасы ішкі нарықта тым арзан. Жинаған, тасымалдап жеткізген шығынды өтемей қалатыны рас. Мысалы, макулатура орташа есеппен 20-30 теңгеге, пластик қалдықтар 5-10 теңгеге ғана бағаланады. Ал кәсіпкер қызметкерлеріне жалақы төлеуі керек, кәсібін дамытуы қажет.
«Дегенмен «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруалары үшін өте тамаша бастама болды. 2,5 пайызбен ғана берілетін несиеге бір жыл каникул қарастырылған. Несие аларда корпорация мамандары мән-жайды толық түсіндіріп, барынша көмектеседі. Егер кәсіпкердің құжаты дұрыс болса, ешқандай кедергі жоқ. Өз басым 4,6 млн теңге несиені оңай алдым. Бұйырса 5 жылдың ішінде қайтаруым керек», дейді С.Ибатов.
Көп кешікпей Теректі ауданының елді мекендерінде тұрмыстық қалдықтарды іріктеп жинайтын арнайы жәшіктер қойыла бастамақ. Бүгінде өркениеттің бір өлшемі тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, қалдықсыз технологияға көшу десек қателеспейміз. Ендеше, Теректі ауданы өркениеттің табалдырығынан аттады дер едік.
Батыс Қазақстан облысы