Абай • 11 Тамыз, 2023

Ұлт рухы асқақтады

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде Абай күні кеңінен атап өтіліп жатыр. Мерекеге орай, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Абай әлемі» атты іс-шара ұйым­дастырды.

Ұлт рухы асқақтады

Оның ашылу салтанаты­на белгілі қоғам қайраткерлері мен абайтанушы ғалым­дар, еліміздегі дипло­ма­тия­лық елшіліктер өкілдері қа­тысты.

– Абай күні – Ұлттық ру­хы­мыздың байрағын желбіре­тетін күн. Кірлеген жү­регімізді Абайды оқып тазартатын күн. Абай кемшілігімізді сынады екен деп, Абайды жек көруге еш хақымыз жоқ. Керісінше, «сын түзелмей, мін түзелмейді». Абай рухы асқақтай берсін! – деді ақын Дәулеткерей Кәпұлы.

Расымен де, бұл күні көкі­рек көзімізді оятып, жа­ны­мыз тазарғандай күй кеш­тік. «Сегіз аяқ», «Желсіз түн­де жа­рық ай», «Татьяна сөзі» сын­­ды Абай әндерін тың­дап, жан-жүрек шымырлап, көңі­­ліміз алабұртты. Бұдан әрмен Абай әлемінің сан қы­рын жұртшылыққа танытатын небір керемет жиындар легі басталды. Сондай-ақ қалың оқырман назарына «Абай – тұтас бір әлем» атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге Абайдың әр жылдары жарық көрген еңбектері, философиялық пайымдары, шет тіліне тәржімаланған шы­ғар­малары, Абай мұра­гер­лерінің еңбектері алты бөлім бойынша жіктеліп қойылған. Көрменің басты қа­зынасы – Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы жарық көрген «Абай жолының» бірінші кітабы. Кітап мұқабасында автордың өз қолтаңбасы бар екенін айта кеткен жөн.

Әдеби іс-шара аясында «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім» атты халықаралық дөңгелек үстел, «Сен де бір кірпіш дүниеге..»  поэзия сағаты өтті. Сондай-ақ ұстаз, «Ағылшынша тіл сын­дыру», «Толық адам және төрт тану» сынды жобалардың ав­торы Ернат Қашқыновтың «Абай арқылы ағылшынша үйрен» атты шеберлік сағаты болды.

«Астанада ағылшын тілі­нен сабақ беріп жүргенімде, алтыншы сыныпта оқитын оқу­шымның ата-анасы «Сіз қа­зақ тілін жақсы біле­сіз. Әде­биеттен, Абай тағылы­мы­нан хабарыңыз бар. Балама ағылшын тілімен қатар қа­зақ тілі мен әдебиетін үйре­тіңізші» деген ұсыныс айтты. Ата-ананың өтінішін жерге тастай алмай, ұзақ ойланып жүріп, соңында Абай арқылы ағылшын тілін оқыту идеясы ойға келді. Оқушылар арасында танымал Абай өлеңдері мен қара сөздерін талдап алып, оны ағылшынша үйретудің әдістемесін жасап шығардым», дейді шығармашыл ұстаз.

Ер­нат Қашқыновтың ше­берлік сағаты қатысушыларға ерекше әсер етті. Сабақтың бір ар­тықшылығы, ағылшын тілін меңгеріп қоймай, Абай өлең­дерінің мағынасын тереңі­рек түсініп пайымдауға де­ген қызығушылығымыз арт­қан­­дай. Ұстаздың айтуынша, Абай әлемін танып-түсі­ніп, өлең-қара сөздерінің ағыл­шын­ша жаттап алған бала ха­лық­аралық бәйгелерде де сол өнер-білімін ортаға сала алады, бір сөзбен айтқанда, «Абай әлемінің елшілері» атанады дейді.

Ақынның туған күніне орай әлеу­меттік желіде ұйым­дастырылған «Абай ме­нің жүрегімде» бейне-Reels-тар байқауы да қоры­тындыланып, жеңім­паз­дар ма­рапатталды. Іс-ша­ра­ның соңын­да кітапхана қонақтары мен оқырмандары «Абайдың соңғы күн­дері» деректі фильмін тамшалады.

Абай күні Абай жұмбағын та­нуға деген ұмтылыстың бас­тауы ма дерсің. 

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті