Білім • 11 Тамыз, 2023

Төрт мектеп түлектері түгел грантқа түсті

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл маңғыстаулық түлектердің дүбірі жер жарды деуге болады. Мектеп бітірген 7 436 түлектің 2 660-ы оқу гранттарына, оның ішінде 347 түлек нысаналы грантқа ие болды. Қазіргі таңда облыс әкімінің грантына байқау жүріп жатқанын ескерсек, грант иегерлерінің саны арта түспек.

Төрт мектеп түлектері түгел грантқа түсті

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Биылғы жаңалық Маңғыстау облысындағы 4 мектептің 11-сынып оқушыларының түгелдей мем­ле­кеттік грантқа қол жеткізуі болды. Ақтау қаласындағы физика­математика пәндерін тереңдетіп оқытатын №11 лицейдің 11 «А»­­ сыны­бының 23 оқушысы бі­лім грантына қол жеткізді. Сы­нып­­тағы 19 түлек еліміздің уни­вер­си­теттеріне, қалған 4 оқушы ше­тел­­дің жоғары оқу орындарына грантқа оқуға түсті. Сондай-ақ Мұнайлы ауданындағы №13 мек­теп-гимназиясының 13 түлегі, Қы­зылтөбе лицейінің 15 түлегі, Түп­қа­раған ауданындағы Ақшұқыр мек­теп-лицейі 11 «А» сыныбының 14 оқу­шысы мемлекеттік грант­ иегері атанды. Ақшұқыр мек­теп-лицейі – өңірдегі айтулы бі­лім ордаларының бірі. Түлегі тү­гел білім грантын иеленген сынып­тың екі оқушысы «Алтын белгі» иегері атанса, бір оқушысы «Үздік атестатты» иеленді. Оқу жылының қорытындысы бойынша «Жыл оқушысы», «Жыл өнертапқышы» және «Жыл жас ғалымы» аталым­да­рының жүл­дегерлері де осы сыныпта. Сынып­тың 91 пайызы ҰБТ-дан 100-ден жоғары ұпай жинап, жақсы көрсеткіш көрсетті. Енді сыныптың барлық оқушысы 100 пайыз мемлекеттік грант иегері атанып, сенімді ақтады.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу – оқу­шының 11 жыл бойы алған білі­мінің нәтижесі, қорытындысы. Сон­дықтан да әрбір бітіруші тү­лек­ үшін ҰБТ-ның маңызы зор. Ма­ған да өзге түлектер секіл­ді қор­қынышты әрі қиын көрін­ді. Мек­теп тарихындағы алғаш­қы­ «Ал­тын белгіге» үміткер бол­ған­дық­­тан жауапкершілік еселей түсті. Мем­­лекеттік емтиханды естен шы­ғар­май, көңіл бөліп дайындалу қажет еді. Грантқа түссем деген арман кей­де уайым сыйлаған кездері бол­ды. «Орынды қарекет орынсыз уайым-қайғыны сейілтеді» деп Абай атамыз айтқандай, мен де құр­ уайымдағаннан гөрі әрекетке кірі­сейін деп дайындықты бас­тап­­ кеттім. Дайындықты ерте бас­­та­ғанның артықшылықтары өте көп. Біл­мей­ жүр­ген тақырыптарыңды үйре­не­сің, тіпті таңдаған пәніңнің кіріс­пе­­сі­нен бастап оқуға мүм­кін­дік бар.­ Дайындық арасында түрлі сайыс­қа, облыстық олим­пиадаға қаты­сып үлгердім. Өйткені бас көтер­мей ҰБТ-ға дайын­дала бер­сең қорқынышың еселене береді. Сон­дықтан көңіл көтеру мақ­са­тын­да дебат турнирлеріне, ше­шен­дік өнер сайыстарына қа­тыс­тым.­ Жуырда біз асыға күткен кон­курстың қоры­тындысы жа­­рия­­­лан­ды. Тізімнен өз есіміңді іздеп отырған кездегі толқу, қобал­жуды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Шүкір, тізімнен өз есімімді таптым. Мен мұны тынымсыз еңбектің нәтижесі деп білемін. Аз-аздан үздіксіз да­йын­далып, қарыс қадаммен үл­кен мақ­сат­тарға жол ашылды.­ Бір кез­де сы­ны­бымыздың барлығы, яғни 13 оқушы да грантқа түсті де­ген сүйін­ші хабар келді. Бұл, тіп­ті қуа­нышымызды еселеп жі­бер­ді. Ата-аналарымызға, сүйікті ұс­таз­да­­рымызға алғыс айтамын, – дейді Мұ­­найлы ауданы №13 мектеп-гим­­на­зиясының түлегі Базарбай Бекарыс.

Бекарыстың қуанышты сөзін анасы Раушан Авезова «Ұлым кеше ғана мектеп табалдырығын аттап еді, міне енді үлкен өмірге қа­дам басқалы отыр» деп жалғады. «Алла­ға шүкір мектептегі емтихан­да­­рын жақсы тапсырып, ҰБТ-дан да­ ойдағыдай ұпай жинап, жо­ға­ры оқу­ орындарына конкурсқа қатыс­тық.­ Күні-түні тілеп, балам өз ойын­­дағы армандаған жоғары оқу ор­нына түссе екен деп дұға жасап жүр­дім. Баламның «грантқа түстім» деген қуанышты хабарын естігенде қуан­ғаннан жылап жібердім. Бұл – қуаныштың көз жасы. Балам өзі армандаған жоғары оқу орны­на­ түсті, бала күнінен жақ­сы­ көретін математика пәнінің мұ­ға­лі­мі болмақ. 11 жыл бойы білім нәрі­мен сусындатып, тәлім-тәрбие бер­ген ұстаздарына мың алғыс», дей­ді ол.

Маңғыстауда түлектер мен ата-аналар, ұстаздар қуанып, ха­лық­ сүйсініп жатыр. Бір емес бір­неше сынып түлектерінің тұ­тас­тай мемлекеттік грантқа қол жет­кізуі – тосын жаңалық. Бұл – маң­ғыс­тау­лық ұстаздар еңбегінің нәти­жесі. Ұстазының сенімін ақта­ған түлек­тер үшін, түлегінің то­ма­ға­сын сы­пы­рып биікке ұшырған ұстаздар үшін қуандық.

 

Маңғыстау облысы