Экономика • 11 Тамыз, 2023

Бітік егін – ел ырысы

254 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жыл сайын ел ырыздығын еселеуге зор үлес қосатын ақмолалық диқандар жауапты науқан алдында дайындық жұмыстарын ширата түсті. Ерте көктемде өңірдің 5,4 млн гектар алқабына дәнді дақылдар тұқымы сіңірілген болатын.

Бітік егін – ел ырысы

Биыл диқандар үшін біршама жайсыз болды. Басты себеп – ылғал тапшылығы. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне қарағанда, өңірде көктемгі және жазғы маусым арасында 76,6 мм ылғал түскен. Бұл – қалыпты мөлшерден екі есе аз. Сә­уір айында 21,8 мм ылғал түссе, мамырда 10,6 мм жауын жауды. Осыған орай егін­нің шығымы да әрқилы. Мәселен, ала­пат еңбекпен өсірілген егіннің жайын таразы басына тартқан сарапшылардың бағамдауынша, ырыздық мөлшері мынандай деңгейде: жалпы алқаптың 2,2 млн гектары немесе 45,4 пайызы жақсы, ал 2,5 млн гектар немесе 50,4 пайызы қана­ғат­танарлық деңгейде, 201,2 мың гек­тары немесе 4,1 пайызы нашар. 5,1 мың гектар немесе 0,1 пайыз алқап мүлде қурап кетті. Мәселен, Жақсы ауданындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 3,7 мың гектары, «Серп» серіктестігінің 500 гектары, «Молдыбаевтар» шаруа қо­жа­лығының 30 гектары қурады. Мұндай жай Зеренді, Целиноград аудандарының бірқатар шаруашылығында бар.

Дегенмен жерде өскен дәнді жерде қалдырмау – парыз. Осы орайда биыл егін орағына 8,9 мың астық комбайны пайдаланылмақ. Бір жақсысы, оның 4,7 мыңы – жоғары өнімді дала кемелері. Сөз арасында өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары материалдық-техникалық базасын жыл өткен сайын жаңартып, жауапты кезеңде қысқа уақыттың ішінде егінді жинап алуға мүмкіндігін арттырып отыр. 2022 жылы 4,4 мың дана техника алынды. Олардың ішінде астық комбайндары мен жүк көліктері де бар. Машина-трак­тор паркінің жыл са­йын жа­ңартылуы ди­қандар үшін көп көмек. Бұл орайда ауыл шаруашылығы құрылымдарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын айта кету де – парыз. Мәселен, осы жылы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 43,8 млрд теңге тұратын 1 535 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Бұл, шын мәнінде, зор қуатқа ие болу емес пе? Жоғарыда айтылған техниканың 237-сі әрқилы трактор болса, 97-сі – астық комбайндары. Сондай-ақ жұмысы өнімді 40 егіс кешені де алынды.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жат­қан қолдауды ауыл шаруашылығы құ­ры­лымдары жақсы сезініп отыр. Шын­туайтында, осындай қолдаудың нәти­же­сінде ғана жұмысын дөңгелетіп отырғанын өздері де жиі айтады. Көк егін қылтиып шығысымен жер бетіне бар бейнетті бірге ала шығатыны белгілі. Әйтпесе көк өскінге зиянын тигізетін жау аз ба? Мәселен, арамшөп. Биыл егіс алқаптарын арамшөптен арылту үшін 4,4 млн гектар алқап химиялық өңдеуден өткізілді. Бұл көрсеткіш межеленген жоспардан артық. Шаруалар жерді күтіп ұстауға бейіл, әйтсе де тыңайтқыштың бағасы көңілдерін күпті етеді. Жомарт жер тозбауы үшін күтімнің керектігі әлмисақтан белгілі. Осы жылы ауыл шаруашылығы құрылымдарына 9,1 млрд субсидия бөлінді. Бұл дегеніңіз – ал­қап­тарды күтуге қажетті тыңайтқыштар құ­ны­ның қақ жартысы.

Өсімдіктерді әрқилы жұқпалы аурудан қорғаудың да мәні зор. 250,9 мың гектар алқапта зиянкестерден тазарту жұ­мыстары жүргізілді. Биыл шегіртке қаупі де төнген болатын. Өңірде 42,6 мың гектар жерде шегірткеден келер апат­­тың алдын алу үшін химиялық өңдеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұл орайда жалғыз егін алқаптары ғана емес, мемлекеттік қордың 37,1 мың гектары, сондай-ақ ауыл ша­руа­шылығы мақсатындағы 5,5 мың гектар алқап та өңделгенін айта кетуі­міз керек. Өңірдің батыс жақ бетінде шегірт­ке қаупі басымдау болған соң, Жар­қайың ауда­нының алқаптары көбірек қорғалды. Сондай-ақ Астрахан, Аршалы аудан­дары­­ның аумағында тыңғылықты жұмыс жүргізілді.

Егінге төнер қауіптің көп екенін айт­тық. Соның бірі – ақбөкендердің шамадан тыс көбейіп кетуі. Мамандардың есеп­те­уі­не қарағанда, біздің өңірдегі ақбө­кен­дердің саны өткен жылмен салыс­тыр­ғанда екі есе көбейген. Былтыр 140 мың бас болатын болса, төлдегеннен кейін саны көбейген сайын даланың желмен жа­рысқан жануарлары өңір диқан­да­рын күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айы­рып тұр.

Бітік егін табиғаттың пейілі мен ди­қанның маңдай теріне байланысты еке­ні белгілі. Ел ырысы еңбекпен есе­ле­­­не­тінін биылғыдай қуаңшылық жылы өңір диқандары дәлелдеп отыр. Кей­бір алқаптарда жайқалып өскен дәнді дақыл­дардың шығымдылығы көңіл дем­дейді. Оның өз себебі де бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдары осы маусымда 100 мың тонна минералды тыңайтқышты 1,5 мың гектар алқапқа сіңірді. Еңбек өнімділігін айғақтау үшін сәл ғана сараптама жасай кетейік. 2022 жылы 90 мың тонна тыңайтқыш алынып, 1,3 млн гектар алқапқа сіңірілген болатын. Әрине, биылғы көлем – көп-көрім.

Ендігі бір мәселе, жауапты науқан ке­зінде іркіліс болмауы үшін бар шаруа­шы­лық жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуі керек. Бұл орайда өңірде осы мәсе­лемен айналысатын 18 оператордың жұ­мыс істеп жатқанын айта кетуіміз керек. Шаруашылық басшылары біле жүр­уі үшін GosAgro.kz. порталының жұ­мыс іс­тейтінін айта кеткен жөн. Әрбір шар­уа­шылық басшысы осы портал ар­қы­лы операторды таңдау мүмкіндігі бар. Белгіленген тәртіпке сәйкес қажетті кепіл­ден­дірілген жанар-жағармайға тапсырыс бере алады. Дизель отынының мұнай өңдеу зауыттарынан әрбір тонна үшін боса­тылатын бағасы 284 мың теңге бол­са, жет­кізілгеннен кейінгі кесімді баға­­сы әр литріне 273-277 теңгеден ай­нал­мақ.

Зор еңбекпен жиналған дәнді шашау шығармай, жауын-шашынға ұрын­­­дырмай сақтау да – басты назарда. Өңірде 71 лицензияланған астық қа­был­дау кәсіпорындары жұмыс істейді. Оларда 4,7 млн тонна астық сақтауға мүм­кіндігі бар. Сәл таратып айтатын болсақ, элеваторлардың сыйымдылығы – 3,1 млн тонна. Астық қоймаларына 1,6 млн тонна орын қамдалған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарының өздерінде 2 млн тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар. Бар жайды сараптай келгенде, өңірде астық сақтау мүмкіндігі толық. Бүгінгі таңда өңір элеваторларында 1,2 млн тонна астық қоры бар екенін де айта кетуіміз керек.

Ендігі бір жай мал азығын қамдауға байланысты. Төрт түлік малды қатал қыстың тезінен шығынсыз алып шығу үшін осы бас­тан қапысыз қамдану қажет. Мал азығын дайындау үшін бүгінгі таңда қауырт жұмыс атқарылып жатыр. Мал азықтық дақылдар 223,4 мың гектар алқапқа сіңі­ріл­ген. Оның ішінде 13,5 мың гектар ал­қап­қа жүгері дақылы егілді. Бір жылдық шөп 137,3 мың гектар алқапқа егілсе, көпжылдық шөптің көлемі – 45 мың гектар.

Бүгінде 1,6 мың бригада шөп дайындап жатыр. Олар 12 мың трактор, 2,5 мың тіркемелі шалғы, 2,5 мың шөп тайлағыш тәрізді техникаларды пайдаланады. Қуаң­шылық жылы бар мүмкіндікті сарқа пай­даланған ләзім. Қазіргі күнге дейін 890 мың тонна шөп дайындалды. Бұл – межеленген жоспардың 68 пайызы. Шөппен бірге сүрлем, сабан тә­різді мал азығымен қамтамасыз ету бағытында қыруар жұ­мыс атқарылып жатыр. Осы арада мал азығын дайындауға да мемлекеттік қол­дау көрсетіліп отырғанын айта кетуге бо­лады. Мәселен, осы жылы 105,7 млрд теңге қаражат бөлінсе, оның 46,6 млрд-ы – қайтарымсыз субсидия.

Шаруашылықтарды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету де қолға алын­ған. Мәселен, шаруаларға бұл ба­ғытта 59,1 млрд теңге бағытталып отыр. Сөз арасында көктемгі дала жұ­мыс­тарын және күзгі егін орағын уа­қтылы, сапалы атқа­ру үшін жеңіл­детілген несиені «Кең дала» ұйым­дастырып отырғанын айта кетсек, ар­тықтығы болмас. Сондай-ақ қар­жы­­ландыру бағдарламасы бо­йынша жаңа­лық та жоқ емес. Мәселен, та­уарлық несие де шаруаларға септігін ти­гізеді.

Күзгі егін орағы жаз бойғы бар шар­уа­­ның нәтижесі іспетті. Сондықтан да ұтымды әрі үйлесімді жұмыс істесек, ел ырыз­­дығы еселене түсер еді.

 

Ақмола облысы