Саясат • 11 Тамыз, 2023

Жұртшылықпен жүздесу жалғасып жатыр

196 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты Сағындық Лұқпанов Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Сенатор жергілікті тұрғындармен, облыстық және қалалық мәслихаттардың, аумақтық полиция департаменттерінің, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдерімен, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері­мен кездесті.

Жұртшылықпен жүздесу жалғасып жатыр

 

Кездесуге қатысушылар денсаулық сақтау жүйесі, жол, экология, өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету және ЕАЭО елдерінен сатып алынған шетелдік нөмірі бар автомобильдерді заңдастыру мәселелерін талқылады.

Сенатор Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауында елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген, ел заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастыруды тапсырғанын атап өтті.

Депутат сонымен қатар Палата қызметінің қорытындылары туралы хабардар етті, өткен сессия барысында қабылданған заңдардағы негізгі жаңалықтарды кездесу қатысушыларына жан-жақты түсіндіріп берді.

* * *

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов Алматыдағы «№5 қалалық клиникалық ауруханада» болып, мекемедегі дәрігер қызметкерлермен кездесті.

Сапар барысында дәрігерлер қауымы ауруханада жасалатын ем-дом шаралары мен көрсетілетін медициналық қызметтердің қазіргі жағдайы мен тиімділігі, медицина қызметкерлеріне тиісті жағдай жасау, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы сенаторға айтып берді.

«Осында көрсетілетін медициналық қызметтерді жақсарту жұмыстары – медицина қызметкерлеріне тиісті жағдай жасау мен жалақысын арттыруда негізгі бағыттардың бірі. Бұл мәселе еліміздің депутаттық корпусының назарында», деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Депутат сонымен қатар еліміздің бұдан былайғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың табысын арттыруға бағытталған Парламент Сенатындағы заң шығару жұмысы туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді.

* * *

Сенат депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Риддер қаласында болып, кездесулер өткізді.

Сенаторлар сапар барысында Риддердегі жылу энергетика орталығының жұмысымен танысты, қала тұрғындарымен жүздесті. Жүздесуге қатысушылар Өскемен-Риддер автомобиль жолын жөндеу, ЖЭО-ға арналған жабдықтар шығаратын зауыт салу, теміржол жолаушылары қатынасын қалпына келтіру және шаңғы жарысына арналған арнайы жол салу мәселелерін талқылады.

Депутаттар сонымен қатар жаңа аурухана кешенінің құрылыс алаңында болды. Қалалық аурухана өкілдері кешенді дамыту жөніндегі келешек жоспармен депутаттарды таныстырды.

* * *

Сенат депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Сағыз елді мекенінде болды. Өңірге арнайы келген депутат әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жұртшылықпен жүздесті.

Кездесуге қатысушылар ауыл тұрғындарын ауыз сумен жабдықтау, емхана құрылысы, теміржол өткелі, айналма жолға көпір салу, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Сенатор Миялы ауылына сапары барысында аудан әкімімен, аудандық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, қоғам белсенділермен кездесті.

Мұндағы жүздесу барысында аудандық әскери комиссариаттың іссапар шығындарын өтеу, көлікпен қамтамасыз ету, көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен жол мен газ құбырын қалпына келтіру, сондай-ақ Тайсойған елді мекенінде жол салу мәселелері көтерілді.